Тарихы терең «Ортеке» орындаушылық өнері

Выпуск - №26-27(623-624)   :   02.08.2024
485

image

Домбыра дәстүрінің дамуы XIX ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Осы кезеңде күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлініп, күйші-композиторлар қалыптасты. Олар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде жарқын із қалдырды.

Қазіргі кезде музыкалық білім жүйесімен күй үйренудің біршама тәжірибесі жинақталды. Күйді жүрекпен түсініп ойнағанда ғана оның көркемдік мәнін ашып, тыңдаушыға жеткізуге болады. Себебі, әрбір күйдің өзіндік айтар ойы, тарихы бар. Оқушыға күйдің шығу тарихын, аңызын, орындалу ерекшелігін ұғындыру ұстаздың әдістемелік дайындығына тікелей байланысты. Күй мазмұнын түсініп орындау үшін оқушыны теориялық, практикалық қана емес, психологиялық тұрғыда да дайындау қажет.
Домбыра аспабын үйрету де, үйрену де үлкен еңбекті, табандылықты қажет етеді. Ұлы күйшілерімізден құйма құлақтық дәстүрмен жеткен домбырашылық өнерді жетілдірілген әдіс-тәсілдермен үйрету, оқушылардың ұлттық өнерге қызығушылығын ояту – мұғалімнің басты міндеті. Осы тұста ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білім – біліктілікке жетер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыру дағдысы», – деп, білім мен біліктілік жайлы айтқаны ойға оралады.
Домбыра үйретуде әр ұстаздың өзіндік тәсілдері бар. Жиырма жылдық тәжірибемнің басында домбыраны құймақұлақтық дәстүрмен үйретуден бастадым. Әрине, құймақұлақтық дәстүр есте сақтау, ырғақты сезу қабілеті жақсы оқушылар үшін тиімді. Алайда, шәкірттерімнің қабілеттері әртүрлі болғандықтан, сандық жүйе бойынша домбыра үйретуді тәжірибеме енгіздім. Сондағы байқағаным, бұл тәсілде музыкалық қабілеті төмендеу оқушының өзі домбыраны бірден тартып кетеді.
Оқушы үйде сандық нотамен жеке дайындық жасай алады. Күйді ұмытып қалған жағдайда кез келген уақытта қайталап еске түсіре алады. Ал, ноталық жүйе музыка мектептерінде оқушыларды музыка өнеріне арнайы дайындағанда тиімді. Ерте кезде күйшілер домбыра үйретуде балаларды қызықтыру үшін «Ортеке» қуыршағын пайдаланған. Балалардың неге қызықса, соны тез үйреніп алатын қасиетін жақсы білген бабаларымыз «Ортеке» қуыршағы арқылы балаларды күйшілік өнерге баулыған.
Осы атадан мирас болған «Ортеке» орындаушылық өнерін домбыра үйірмесінде оқушыларға насихаттап, үйретіп келемін. Нәтижесі жаман емес, шәкірттерімнің бірі – 4-сынып оқушысы Жансерік Батыржан қалалық «Алтын домбыра» байқауында жүлделі орынды иеленді. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, «Ортеке» ойнатудың өзіндік техникасы бар. «Ортеке» әртүрлі көлемде жасала береді. Шебердің ой-қиялына байланысты түрлі атаулар қойылып, аспапта ойнатылады.
Күйші Абдулхамит Райымбергенов: «Бұрын бір мезетте үш ортекені – «Ата ортеке», «Әке ортеке», «Бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады», – дейді. Ал, атақты күйші, домбырашы Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқанда, сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан екен. Ортекемен күй орындауға оқушылар қызығады, әсіресе қуыршақтың күйдің ырғағына байланысты түрлі қозғалыстар жасауы оқушыларға қуаныш сыйлайды.
«Ортеке» орындаушылық өнері оқушының бойында икем, талпыныс, сабырлық және төзімділік қасиеттерін дамытады, еңбекке тәртіпке тәрбиелейді. Сонымен қатар, ортекемен күй орындау оқушының физиологиясына әсер етеді. Күйді жәй ойнағанда қағыс алу жеңіл болса, қолға жіпті ұстап, қуыршақты билету оң қолдың күшін керек етеді. Яғни, оқушы ортекені билете отырып, бұлшық еттерін іске қосып, спорттық жаттығу жасағандай әсер алады. Ендігі кезекте, аталған орындаушылық өнердің шығу тарихы мен жасалу жолына тоқталып өтейік.
Қазақтың халық биі «Ортеке» – қазақ қуыршақ театрының бастауы саналады. Кең далада табиғатпен етене жақын сырлас өскен халқымыз жаратылыстың тылсым сырын, түрленуін, өзгеруін, қымыл-қозғалысын жіті бақылап, оларды ән мен жырға, ертегі мен аңызға арқау еткен. Ортеке биік тау, құзар шыңдарды мекендейтін жануар болғандықтан, еркін өскен оның негізгі мекені – таулар. Тұяқтары құз-қиядан таймайтындықтан, шынар құз басында еркін жайылып жүреді. Осындай ерекшелігіне қарай «Ортеке» қазақ мәдени тұрмысындағы саз аспаптарында ойнатылатын, қуыршақ өнерінің бір үлгісіне айналған.
Ортекені жасау үшін шырша, үйеңкі, қайың сынды қатты ағаштар пайдаланылады. Ағаштан түйін түйген шеберлер ортекенің қозғалып тұруына арнайы астына тұғыр дауылпаз жасаған. Тұғыр ағаштан құрастырылады және сырты матамен қапталып, беткі жағы түрлі ою-өрнектермен көмкеріледі. Тұғыр ішіне ортасынан темір таяқша қойылады. Темір таяқшаның екі шеті иіліп, біріне қуыршақ бекітіліп, біріне домбырашының саусақтарына ілінетін жіп жалғанады. Жіпті тартқан кезде темір таяқша қозғалып, ортеке билей бастайды.
Саусақтардың жоғары, төмен қозғалуына орай ортеке әртүрлі қимыл жасап билейді. Әдетте саусаққа артық салмақ салмау үшін ағаштан жасалған ортеке бейнесінің салмағы 250-300 грамм төңірегінде болуы тиіс. Одан асып кетсе, шертушінің қолын талдырады. Ал, жеңіл болса ортеке тұғырда жақсы ойналмайды. Күй ырғағымен қозғалған кішкене ортекенің әсем қимылы көрген жанның қызығушылығын тудырмай қоймайды.
Қазақтың ұлттық қуыршақ өнеріндегі «Ортекенің» нақты қай уақытта, қай заманда пайда болғаны белгісіз. Қазіргі кезде «ортеке» жасаумен айналысатын шебер Жолаушы Тұрдығұловтың айтуынша, «Ортеке» билету, жасау өнері XIX ғасырдың басында қазақ даласында кеңінен таралған. Белгілі ғалым Ахмет Жұбанов: «Ортеке – қазақ қуыршақ өнерінің бастауы», – деп баға берген. 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық таланттарының бүкілқазақстандық слетінде «Ортеке» биін Ж.Оразәлиев орындаған.
Ортекені алғаш рет «Мұрагер» республикалық фольклор сазды ансамблі 1984 жылдан ел арасында насихаттай бастады. Қазіргі күні ұлттық музыканы дәріптеп жүрген «Тұран» ансамблі 2010 жылдан бастап ортекені сахнаға алып шығып, билетіп Венгрия, Қытай, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдеріне таныстырған. Сонымен қатар, 2022 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне қазақтың дәстүрлі «Ортеке» орындаушылық өнері енгізілді. Талай ғасырдан бері желісі үзілмеген бұл өнер сахнада күні бүгінге дейін ойналып жүр.
«Ортеке» орындаушылық өнері оқушыларды әсемдікке тәрбиелейді, көңіл-күйін көтеріп, ішкі жай-күйіне әсер етеді. Ортекемен концертте өнер көрсету оқушылардың орындаушылық қабілетін жетілдіріп, ақыл-ойын дамытады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын музыка арқылы ұлттық өнерге баулуда оның алатын орны ерекше. Екінші сыныпта «Ойқастаған ортеке» тақырыбында музыка пәні мұғалімі ортеке қуыршағын билетіп, күйді өзі орындап берсе, оқушылар домбыраға қызығып, үйренуге талпынады. Осылайша қосымша білім беруді музыка пәнімен байланыстыра өткізсек, оқушылардың ұлттық өнерге қызығушылығын оятарымыз хақ.

Жаңагүл ЖАРМАҒАНБЕТОВА,
Дружба жалпы білім беретін мектебінің
қосымша білім беру педагогі, магистр,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.