Қостанай қаласы білім бөлімінің қолдауымен №28 мектеп-гимназиясының қабырғасында 2008-2010 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республика бойынша бірінші мәрте «Бала барысы» облыстық турнирі өткізілді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында ұйымдастырылған сайыста Қостанай, Арқалық, Рудный, Лисаковск қаларымен қатар Қостанай, Меңдіқара, Алтынсарин, Әулиекөл, Федоров аудандарынан отыздан астам жас балуандар күш сынасты. Спорт залда құрылған екі киіз үй, балуандар белдесетін кілем, әуелеген қазақи сазды әуендер, ұлттық нақышпен оюланған шапан киген жасөспірім балуандардың белдесу алдындағы ширыққан дайындықтары, қыз-бозбаланың назды күлкілері жиналған жұртшылықты шаттық сезімге бөледі.
«Бала барысы» облыстық турнирін Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Уразбаева ашық деп жариялады. Артынша сөйлеген сөзінде іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, жас балуандарға жеңіс, төрешілерге әділ төрелік жасауды тіледі. Келесі сөз кезегін алған Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Айбат Қабажаев, спорттың адам ағзасына тигізер пайдасына кеңінен тоқталып, бұқаралық спортты, оның ішінде қазақша күресті өңірлерде дамыту керектігін атап өтті.
Сонымен көптен күткен жеребе тарту рәсімі де өткізіліп, балуандардың қарсылас жұптары да анықталды. Боз кілемде балуандар барын салған санаулы минуттар. Бапкерлер мен көрермендердің өз балуанына қолдау көрсетіп, атой салған сәттері. Күрес әдісін жетік меңгерген балуанның қарсыласын тамаша әдіспен қос жауырынын жерге тигізіп, жеңіске жетіп марқайған кезі – көрермендерге асқан шабыт, тамаша көңіл-күй сыйлады. Сайыс болған соң бір палуанның жеңіске жетіп, екіншісінің жеңіліске ұшырайтыны айдан анық.
Белдесу қорытындысы бойынша спорт төрешілері С.Дарменбаев, Д.Балаканов және спорт шебері Н.Біржекенов турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады. Чемпиондық белбеу, 1-орын кубогы және велосипед Қостанай ауданындағы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының балуаны Ерлан Айдосқа (жаттықтырушысы Рысбек Жабагин) бұйырса, 2-орынның кубогы және планшет Әулиекөл ауданы Сиянов орта мектебінің балуаны Абыл Ахметбековтың (жаттықтырушысы Нұржан Аманбаев) еншісіне тиді.
Ал 3-орынның кубогын және смарт-сағатты Заречный мектебінің жас спортшысы Мереке Саржанов (жаттықтырушысы Дәулет Мұхамбетқали) жеңіп алды. Тамаша күрес өнерін көрсеткен Қостанай қаласындағы Ғ.Қайырбеков атындағы №9 ЖББМ оқушысы Жаңабай Егінсаев та құр алақан қалмады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оған ұзақ жылдар облысымыздың білім саласында басшылық қызметтерді атқарып, зейнетке шыққан ардагер ұстаз Гүлсім Тұяқова марапаттау сәтінде өз атынан қаржылай сыйлығын табыстады.
Осы тұста «Бала барысы» облыстық турнирдің демеушілері – Қостанай облыстық «Алфа Банк» АҚ филиалының директоры Әлия Ахметоваға, №28 МГ ата-анасы Дәуренбек Абдуовке, Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Айбат Қабажаевқа, Қостанай облысы қазақ күресі федерациясының президенті міндетін атқарушы Жұмахан Қасымхановқа, жеке кәсіпкер Дәркенбай Санайұлына, жеке кәсіпкер Тоқтар Брахметовке алғыс білдіреміз.
Турнир соңында барлық қатысушыларға вымпелдер, жейделер табысталып, ұлттық тағам – бауырсақтан дәм татты. Балуандарды лайықты марапаттарымен құттықтай отырып, осындай игілікті іс-шараны өткізуге бастама көтерген Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясының еңбегін атап өткен абзал. Ұжым мүшелері екі ай бой тынымсыз еңбек етіп, «Бала барысы» облыстық турнирін Қостанай қаласы білім бөлімінің қолдауымен республикада бірінші болып өткізді. Болашақта бұл іс-шара дәстүрлі түрде өтетін турнирге айналады деген сенімдеміз.
Умсун БЕКТУРГАНОВА,
Ермек ИМАНКУЛОВ,
Қостанай қаласының білім
бөлімінің «Рухани жаңғыру»
бағдарламасын іске асыру
бөлімінің әдіскерлері
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.