Алты жылдан бері өңірімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармаларды анықтауға бағытталған Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқау жарасымды жалғасын тауып келеді.
Жыл өткен сайын географиялық ауқымы кеңейіп, жаңа есімдерді танытып келе жатқан байқау қаламгерлерге өз оқырманын табуға мүмкіндік беріп, әдеби орта мен жас оқырман арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып отыр.
Байқаудың алты жылдық тарихында қазылар алқасының назарына 137 қолжазба ұсынылған. Олардың әрқайсысының артында автордың өзіндік идеясы, шығармашылық ізденісі мен жас оқырманның жүрегіне жол табуға деген талпынысы жатыр. Шығармалар әлемінде қиял-ғажайып ертегілер мектеп өміріндегі қызықты оқиғалармен астасып, көңілді әңгімелер фантастикалық сюжеттермен үндеседі. Мұның бәрі балалар әдебиетінің тақырыптық ауқымы кеңейіп, жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын аңғартады.
Биылғы байқаудың қорытындысы бойынша «Қазақ тіліндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығарма» аталымында Павлодар қаласынан қатысқан Бейбіт Бөжен «Арлан блогер» туындысымен жеңімпаз атанса, «Орыс тіліндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығарма» аталымында Көкшетау қаласының тұрғыны Наталья Яковлева «Подводная лодка Макса» повесімен үздік деп танылды. Жеңімпаздарға марапатын іс-шараға арнайы қатысқан Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов табыс етті.
– «Подводная лодка Макса» повесін оқиғасы қызық, тентектігі басым шығарма деуге болады (күлімсіреп). Өйткені мұндағы кейіпкерлер сап түзеп, тәртіппен жүретін балалар емес. Мен мектепте жұмыс істедім. Байқағаным, мұғалімдерге тыным бермейтін, бір орында отырмайтын, үнемі ізденіп жүретін балалар көбіне өсе келе өмірде үлкен жетістіктерге жетеді. Олар қызығушылығы жоғары, болжамдарын айтудан, тың идеялар ұсынудан қорықпайды. Шынымды айтсам, мұндай балаларды мұғалімдер көп жағдайда ұната қоймайды. Алайда дәл осындай оқушылар сыныптың қозғаушы күші болып, түрлі оқиғалар мен өзгерістердің бастамашысына айналады, – дейді Наталья Геннадьевна. – Менің шығармамда мінездері екі түрлі екі бала кездеседі. Бірі кітап оқығанды жақсы көрсе, екіншісі өз қолымен бірдеңе құрастырғанды ұнатады. Екеуі достасқанда, нағыз «жарылғыш қоспа» пайда болады. Бастапқыда ата-аналары да, мұғалімдері де бұл достықтың соңы неге әкелетінін аңғармайды. Оқиға желісі бойынша балалар суасты қайығын құрастыруға кіріседі. Оның айналасында көптеген қызықты жағдайлар мен шытырман оқиғалар өрбиді. Ақыры балалар суасты қайығын жасап, алысқа ұзап кетпесе де, су бетіне де шығады! Балалар әдебиеті ересектер әдебиетінен несімен ерекше? Меніңше, міндетті түрде HAPPY END болуы керек. Яғни, шығармада суасты қайығы аталса, ол міндетті түрде жүзуі керек.
Жас оқырмандардың жүрегіне жол тапқан шығарманы анықтау ісінде ересектермен қатар балалар қазылар алқасының да болуы орынды. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен белсенді әрі кітап оқуды жанына серік еткен жасөспірімдер ұсынылған шығармаларды оқып, өз үздіктерін таңдады. Бұл жастардың қызығушылықтары мен талғамын ескеруге мүмкіндік берді. Бұл жолы балалар қазылар алқасының арнайы жүлдесін «Арлан блогер» шығармасының авторы Бейбіт Бөженге шығармашылық және зияткерлік байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы Мұхаммед Әли Арманбек табыстады.
Кішкентайынан алғыр әрі белсенді жастың болашағынан жақындары, әсіресе әрбір байқау мен сайыстарында жанынан табылып, қолдау көрсетіп жүрген аяулы әжесі көп үміт күтеді. Бала тәрбиесіне үлкендердің үлгісімен қатар оқитын кітаптары да әсер ететіні рас. Осы орайда ұсынылған шығармалардың ерекшелігі жайында әділ қазылар алқасының құрамында болған ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нұрқанат Құлабаев баяндап берді.
– Бағалау оңай болған жоқ. Алдымен ұсынылған шығармаларды 3-4 ай бойы бірнеше мәрте оқып шықтық. Бір ерекшелігі, қазылар алқасының мүшелері де бір-бірімізді танымаймыз, авторларды да білмейміз. Әрқайсымыз шығарманы оқып, жеке бағаладық, содан кейін пікірімізді ортаға салдық. Осылайша, көпшілік дауысымен шын жеңімпазды анықтадық. Мәселен, «Арлан блогер» әңгімесі маған ерекше ұнады. Бұл шығарманың басты ерекшелігі – этнографиялық сипаты. Қазір тұрмысымыздан шығып қалған, күнделікті қолданыста жоқ көнерген, бірақ шұрайлы сөздерді, мақал-мәтелдер мен тіркестерді ақырындап суырып алып, майдан қыл суырғандай баланың алдына әкеліп, соның негізінде оқиға құра білуі. Не деген форма, не деген жеңілдік! Риза боласың. Қалған шығармалар да жақсы. «Жұмбақ патшалық» атты көлемді роман келіп түсті. Балалар әдебиетінде роман жазу деген үлкен жүректі қажет етеді. Ертегілер де болды, олардың да мазмұны заманауи. Осы 3-4 ай бойы керемет әсерге бөлене отырып, шама-шарқымыз жеткенше бағаладық, – деді Нұрқанат Жүнісұлы.
Бізбен әңгімесінде Наталья Геннадьевна шығармашылық жолына тоқталып өтті. Мамандығы бойынша химия және биология пәндерінің мұғалімі болған ол ұзақ жыл мектепте еңбек еткен. Кейін отбасымен Көкшетауға қоныс аударған соң, журналистика саласына бет бұрып, әуелі қалалық, кейін облыстық басылымда қызмет атқарған. Бүгінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде еңбек етеді. Журналистік қызметінің ең есте қалған кезеңдерінің бірі – пандемия уақыты. Сол жылдары «Степной маяк» қалалық газетінде еңбек еткен ол санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, індеттің таралуы, науқастар мен қайғылы жағдайлар жөніндегі ақпараттарды тұрақты жариялап отырған. Ковидтік госпитальдің «қызыл аймағына» барған сәті де жадында ерекше сақталыпты. Пандемия аяқталғаннан кейін осы уақыт аралығында жасаған еңбегі ескеріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған. Ал «Арлан блогер» шығармасының авторы Бейбіт Бөжен туындының қалай дүниеге келгенін әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Керекуде өзі жетекшілік ететін «Леп» атты әуесқой әдеби бірлестік құрылып, балалар әдебиетін дамытуға, драматургия мен фэнтези жанрларын өркендетуге бағытталған бастамаларды қолға алған.
– Мен де шал мен кемпірдің баласымын ғой. Сондықтан балаларға ұлттық дүниетанымды, ұмытылып бара жатқан сөздерді жеткізудің жолын іздедім. Бірде ұлым мен қызыма iPhone алып беріп, оның мүмкіндіктерін қалай пайдаланатынын сұрадым. Олар телефонның фото мен дыбысты сапалы жазатынын айтты. Сонда кез келген құрал адамға қызмет етуі керек дедім. Балаларға блог түсіріп, видео жасауды, мобилографияны үйренуді ұсындым. Сол сәтте телефон, блог және кіші ұлымның есімі Арлан ойымда тоғысып, шығарманың негізгі идеясы жарқ ете қалды. Шабыт келгенде, екі-үш күннің ішінде жазып шықтым, – дейді автор.
Жазушының айтуынша, шығарманың басты мақсаты – балаларға көнерген сөздердің мағынасын түсінікті әрі қызықты тілмен жеткізу. Өйткені уақыт өте келе күнделікті қолданыстан шығып қалған көптеген ұғымдар жас ұрпаққа бейтаныс болып барады.
– Қазір жастардан «күйе деген не?» деп сұрасаң, көбінің біле бермейтіні анық. Мұны бір жағынан өкінішті жағдай деуге болады. Дегенмен қаланың баласын кінәлай алмаймыз, өйткені ол мұндай дүниелерді көріп өскен жоқ. Сондықтан балаларға ұлттық болмысымызды танытып, ұмытылып бара жатқан ұғымдарды әдебиет арқылы жеткізудің маңызы зор, – деп түйіндеді Бейбіт Бөжен. – Шыны керек, елімізде балалар әдебиетін қолдау мәселесіне әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Сондықтан Қостанай облысында жүзеге асып жатқан осындай жобалардың маңызын кеңінен насихаттап, жоғары деңгейде танытуымыз қажет. Бұл байқаудың елімізде баламасы жоқ, сондықтан оның тәжірибесі өзге өңірлерге де үлгі болып, балалар әдебиетін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларға жол ашса дейміз.
Жеңімпаз сөзінің соңында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға айрықша көңіл бөліп, қолдап отырған Облыс басшылығы мен Мәдениет басқармасына және де игілікті жобаны жүзеге асырып отырған Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымына алғыс білдірді. Әдеттегідей үздік шығармалар «Таза бұлақ» жинағына еніп, облысымыздағы балалар кітапханаларына табысталып, мыңдаған бала мен жасөспірімнің назарына ұсынылмақ.
Жамал ШАУКЕН,
Суретті түсірген автор
Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.
Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.