Дара тұлға – Сұлтан Бейбарыс

Выпуск - №45(593)   :   07.12.2023
828

Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ЖББ мектебінде, қазақ тілі мен орыс тілі мұғалімдері бірлесе отырып, Бейбарыс бабамыз жайлы жоғары сынып оқушылары арасында «Сұлтан Бейбарыс. Құлдықтан ұлы сұлтанға дейінгі жол» тақырыбында іс-шара өткізді.

Биыл Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, Мысырды билеген әйгілі әз-Заһир Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толды. Дүниені дүбірлеткен Бейбарыс бабамыз жас ұрпақ – біз үшін қашан да мақтаныш. Оның ерлік істерін жаңғыртып, кейінгілерге жеткізу – тарихы мен Отанын, ата-бабасын сыйлаған ұрпақтың қастерлі міндеті болса керек. Мерейтойға орай ұйымдастырылған шара оқушылардың орындауындағы күмбірлеген күймен басталып, әрі қарай сұлтанның өмір жолдарынан келтірілген деректермен жалғасты. Бейбарыс Жамақұлы (1223-1277) – түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Оның шыққан тегі – қыпшақ.

Осындай тарихи деректермен басталған кеш Сұлтан Бейбарыстың құлдықтан ұлы сұлтанға дейінгі жолы қалай болғаны туралы мәліметтермен жалғасын тапты. Әрі қарай іс-шара барысында оқушылар ақын-жазушылардың Сұлтан Бейбарысқа арналған шығармаларынан үзінділер оқып, көрермендерді тағы бір тың ақпараттармен таныстырды. Бейбарыс сұлтанның Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан бастап өмір жолы қалай өткені туралы бейнежазбалар көрсетіліп, оқушыларға толық мәлімет берілді. Ол Египет әскеріне қолбасшылық етіп, Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Мұзаффар Сайфуддин Құтұз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерлей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста мамлюк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ержүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Құтұз, неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады.

Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Құтұзды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. Сөйтіп ол әд-Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есіммен Египеттің тағына отырады. Іс-шара барысында оқушылар Сұлтан Бейбарыс туралы осындай мәліметтерді келтіре отырып, өз жобаларын қорғады. Қазақтың зиялы қауымы Бейбарыс сұлтан туралы хабардар болғанымен, былайғы жұртшылық алғаш рет даңқты бабамызды 1989 ж. КСРО-ның «Совэкспортфильм» киностудиясы мен Мысырдың «Эль Аламия» студиясы бірігіп шығарған «Сұлтан Бейбарыс» көркем телефильмі арқылы таныды. Одан әрі, кешіміз кейіпкеріміз туралы түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» көркем телефильмін көрсетумен жалғасып, фильмді көргеннен кейін, көрермендеріміз өзінің әсерлерімен бөлісті. Фильмді Мориса Симашконың «Емшан» шығармасының желісі бойынша режиссер Болат Мансуров түсірді.

Сұлтан Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қолбасшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы – крест тағушыларды талқандады. Осы деректерді негізге ала отырып, мектебіміздің жас актерлері кейіпкеріміздің өмірінде болған ең маңызды сәттерін әсерлі бейнелеп, Сұлтан Бейбарыстың образын сомдап, тарих тереңіне бойлай білді. Сондай-ақ оқушылар «Емшан» шығармасынан үзінділер оқып, көрермендерді сүйсінтті. Артынша бабамызға арнап өз шығармашылықтарын да көрсетті. Кеш соңында «Туған жер» туралы ән орындалды. Ата-бабаларымыздың осындай ерлік істері жас ұрпақты жақсы адами қасиеттерге тәрбиелеп өтеді.

Қазіргі таңда елімізде Бейбарыс сұлтан атына ауыл, мектеп, мәдени ошақтар есімі берілген. Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүниесінің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, яғни кейіннен қазақ атты ұлттық туының астына біріккен елдің ұланы болғаны, барша қазақ мақтан етер асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпағымыздың ардақ тұтуына әбден лайық.


Фарида МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Жамбыл ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Қостанай ауданы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.