Экспедициялық топтың Торғайға сапары

Выпуск - №33(581)   :   05.09.2023
744

Бірнеше жылдық тарихы бар киелі Торғайдың кез келген көрінісінен, тарих қойнауынан тамыр тартқан ізі көрінеді. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Ахаңа тағзым» атты ғылыми-танымдық экспедициясын қолға алып, автобуспен Алаш ардақтысының кіндік қаны тамған жерге тағзым етуге жол тарттық.

Қостанай төріндегі Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші жанынан бастау алған экспедиция мүшелерін Ахметтанушы, ардагер ұстаз ИбраҺим ақсақал ақ батасын беріп, шығарып салды. Бұл топыраққа алғашқы болып табан тірегендермен бірге сәті түскен сапар болды. Мерейтой аясында өткізілген шаралар барысынан Ахаң туралы мағлұматтарды әлеуметтік желілерде, жинақ-кітаптарда жарияланған тың ақпараттармен кемеңгерлігін сипаттайтын ұшан-теңіз еңбектерімен оқырман жұртшылығы таныс. Көзбен көріп, көңілге түю бір басқа. Жол ұзақ. Бірнеше жинақтың авторы Әбутәліп аға жолшыбай экспедиция мүшелеріне қарт Торғайдың тарихын түсіндірді. Әрине, бұл қасиетті мекеннің халқымыздың тарихындағы алатын орны ерекше. Тарих тұнған бірнеше оқиғалар тізбегі айтылды.

Торғай өңірі – қасиетті баһадүр бабаларымыз, дарабоздарымыз өркениет жолында негіз қалаған тарихи алтын тұғыр. Бұл балалар әдебиетінің атасы, ұлы кемеңгер Ыбырай Алтынсарин, алаш жұртының аманатын арқалаған поэзияның негізін салушы зиялылар Ахмет, Міржақып, т.б. ақын, жазушы, ғалым, ұлы ойшыл, қайраткер тұлғалар дүниеге келген қасиетті мекен. Небір жақсылар мен жайсаңдар, от ауызды, орақ тілді шешен билер мұра қалдырған асылдың сынықтары да осы қасиетті мекенде мәңгілік тыныстап жатыр. Шежіре дастан сонау ғасырлардан сыр шертеді. Қасиетті десе қасиетті-ау! Туған өлкеміз тұнып тұрған шежіре. Сайып келгенде аты аңызға айналған дала дарабоздары Шақшақ Жәнібек, Мадияр Жауғаштыұлы, Кейкі батыр, Амангелді Иманов ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары ел тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған.

Халқымыздың зердесіне шуақ болған дала жұлдызы – Ыбырай Алтынсарин. Экспедиция жұмысы барысында Ыбырай атамыз ашқан мектепте болдық. Оның жалғасы ретінде ұлттық мектепті қалыптастырған Байтұрсынұлы Ахмет болды. Мұражай – мәдени-ағарту сипатындағы қызметтің ерекше формасы. Мұражайлардың бір ерекшелігі – әдеби мұражай болғандықтан – жәдігерлердің басым бөлігі архивтік құжаттар. Музейдегі заманауи өзгерістер негізінен ұлы тұлғалардың құндылықтарын өскелең ұрпақ санасына өткенімізді сіңіртіп, тарихтан тағылым беру. Ахаң мен Жақаң мүсіні өзгеше сипатта керемет жасалған. Мұнда не жоқ дейсіз?! Торғайдан шыққан ақын-жыршылар, ұлы тұлғалар, ел аузынан жиналаған ғибратты сөздер, ел мен жер шежіресі, баһадүр батырлар, құнды мұраларға тұнып тұр.

Аудан халқы даңқты жерлестерінің рухани мұрасына аса жауапкершілікпен, зор құрметпен қарайды, ерекше ілтипатпен қадір тұтады. Мұражай басшысы, майталман музеолог Гүлбану Құлетқызы мұражайдың әр бөлшегінің толығуына көп еңбек сіңірді. Қиын кезеңдерде де ұлылардың ғұмырдария деректерін жинақтап, ілкімді істер атқарды. Ұлы тұлғалардың асыл мұраларын, мұралық жәдігерлерін бүгінгі ұрпаққа таныстырып, өнегелі өмір жолдарын насихаттап келеді. Бұл үлкен жұмыс Гүлбану Құлетқызының айшықты еңбегі. Аласапыран шапқыншылық кездерде найзаның ұшы, білектің күшімен ел қорғаған батырлардың күреске толы өмірі баян етілген. Бір байқағанымыз, Шақшақұлы Жәнібек, Нұрхан мұражайына реставрациялық жұмыстар жасау қажет.

Торғай мұражайлар кешені ұлттық тұтастық қазақыланудың кемел үлгісін көрсете білді. Тұма тарих тұнып тұр. Сол заманға тап болғандаймын. «Теңіздің дәмі тамшыдан» демекші, өзіміз де рухани азық алып, бір серпіліп қайттық. Тарихи деректерді сөйлету арқылы барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік береді. Қазақ мүддесін, ел мүддесін қорғап, ата салтын сақтай білгені айқын көрінеді. Алаш зиялылары ұлтын жан тәнімен сүйген, қызмет еткен. Иілмеген баспен, бүгілмеген тіземен, сынбаған рухпен қасқайып тұрды. Көп нәрсеге көз жеткізіп кеттік. Дала даналарын дүниеге әкелген қасиетті мекен Торғайдың рухани көшбасшысы болды. Сүрлеу соқпағы көп өмір жолында асқақ рухтың намыс пен жігердің ізі жатыр. Ұлт қайраткерлерінің жігерлі сөздері барша алашқа демеу болған ұлт басылымы «Қазақ» газетінің өзі толымды бір төбе рухани жәдігеріміз.

Ұлт ұстазы Ахаңның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар жасақталған. Мұражай қызметкерлері онлайн саяхат, жылжымалы көрмелер жасап, көрермендер ықыласына бөленіп жүр. Алмағайып кезеңдерде жарық көрген талаты мен тағдыры ұштасқан тұлғалардың еңбектерімен танысып, көкірек көзімізді ашып, зердемізге тоқып қайттық. «Менің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі игілікті дамудың алғышарттары болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз етсе, соған ризамын», – деген Ахмет Байтұрсынұлы халқына өлшеусіз еңбек етті.

Ниеттеп шыққан бұл сапардан алған әсердің жөні ерек. Азапты ғұмыр. Алыптар шоғыры Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлымен тізе қоса, қазақ ұлты жолында талай тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да шыдай білген. Міржақып Дулатұлы да осынау тың сонарда алдынан із салып кеткен ағасы Ахметтің соңына ереді. Ұлылардың ойын сабақтай айтсақ, олар сахараның бір сарынды қатал табиғатынан қаһармандықты ғана мирас еткен жоқ, сол сайын даланың ақыл-санасы мен парасат-пайымын да дархан даналығы мен кемел кемеңгерлігін де мирас еткен. 

Рухы биік алты алаштың барша түркі жұртының ардағы Байтұрсынұлы Ахметтің жазған еңбектерін оқығанда қазақтың бар байлығы тілінде тұрғандай көрінеді. Дала бесікте тербелген нақыл сөздерінің астарында айтпас ойы, жасалған пайымы оқырман еншісіне қалдырады. Бір сөзбен айтқанда , бүгінде барша қазақ халқының аса зор құндылықтарына айналған оның асыл мол рухани мұралары ұрпақ игілігіне қызмет ете берері сөзсіз. 

Ахаң деп сөз бастағанда ойдың төрі мен тілдің ұшында тұрар бірден-бір балама –«ғұлама-ғалым», «ұлт ұстазы-ағартушы» ұғымы. Яғни, Ахмет теңдесі жоқ аудармашы, түркітанушы, сарабдал сыншы. Оған қоса «ақын» деген ұғымды да ұмытпауымыз қажет. Ол – түркінің, тұтастай алсақ қазақ халқының алтын сәулесі, терең білімді игертудің жалғасы. Қаншама жылдар өтсе де Алаш ардақтысының еңбектері әлі де маңызын жоймақ емес. Түптеп келгенде, халықтың бiртұтас тағдыры үшiн, ұлттың бiртұтас арман-аңсары үшiн дүйім дүниеге мәшһүр тұлғалы Ахметтің ірiлiгiн көре аламыз. Қазақ тілінің жай-күйі соған бір септігін тигізсем деген азаматтың кісілік болмысының алтын арқауы.

Қастерлі тіл, перзенттік парыз ой толғамынан ана тілінің қамын жейтін қайраткер ғалым, ірі тұлға, ұлт ұстазы биігіне көтерді. Ұлтымыздың терең танымы мен қатпарлы ойларын тарқатып жазды. Қазақ үшін оның руханиятына қазығын қағып, сол қазықты діңгекке айналдырған зиялы тұлға. Ғұмырының әр белесі дүрбелең, бір құрбандық. Алаштың бағын асырған қазақ тілі мен әдебиеті ғылымының көшбасшысы Ахметтің болмысы бөлек. Оның кесек-кесек туындылары қазақ руханиятының қайталанбас қазынасы. Саналы ғұмырын сарп етіп, бастарын қатерге тігіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен жандар. Көңілге түйген, сезінген, үлкен ойға жетелеген бұл күндерді ұмыту мүмкін емес.

Келесі күні Торғайдан Ахаң туған мекен Аққкөлге бет алдық. Күре жол, аңызақ жел, ғасырдың құпиясын ішке бүгіп жатқан мидай дала. Мына даланың әрбір қыры, сайы өзі бейне бір мұражайдай. Алып ақшаңқан кесене алыстан көз тартады. Облысымыздың «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заңғар Санай «Анама» өлеңін ерекше ықылыспен орындап берді. Жүректі шымырлатып, тағдырдың азапты тартуын тартқан ауыр күндерде анаға деген сағынышымыз көз алдымызға келді. Халық шарапатының күштілігінің бір белгісі – Ақкөлдіктердің ел болып кесене тұрғызғаны. Мұражай-үйін қайта қалпына келтірген. Ақынның кіндік қаны тамған жері, тұтынған заттар, жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары, кіре берісте ғалым бюсті, өнегелік өмір жолы қамтылған деректер – бәрі-бәрі үлкен әсер қалдырды.

Ахмет үйінен жан жүректің пернесін қозғап, өне бойыңды шымырлататын күйді кештім. Әр бұрышы шындықтың ұясындай сыр шертіп, Ахмет болып үн қатып тұрғандай. Барлығымыз жақсы білетін ұлттың рухани көсемінің мерейтойы әлемдік деңгейде тойлануы, Анкарада ескерткішінің бой көтеруі еліміз үшін абыройлы мәртебе. Шошақұлы Байтұрсын отбасы мәңгілік тыныстаған көне қорым қоршалған. Ұлтты оятқан ұлы тұлғаға құран оқып, дұға бағыштадық. Сұрқай саясаттың ойраны жүрек сыздатып, жанардан жас тамшылатады. Бұдан әрі қатыгездік болмас?! Рух өлмейді. Сан салалы сайын далада ұлы тұлғаның ізі қалды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, саналы ғұмырын сарп еткен, рухани қайрат қарымынан, мықты шеберлігінен хабар бергендей.

Кемеңгер Ахметтің басына тағзым ету – әрбір қазақтың парызы екені анық. Тектілік пен даралық, ұлылық пен кісілік, адамдық пен жайсаңдықты сездірген киелі мекенді жақсы көрмеу мүмкін емес! Экспедициядан кейін рудныйлықтарға мұражайлар кешенімен виртуалды түрде таныстыру, Ахмет оқуларын өткізу, әлеуметтік желі арқылы пікірлері, еңбектерін жариялау, поэзия кештерін ұйымдастыру міндеттелді. Тұтастай ізгілікке тұнып тұратын «Міржақып. Оян қазақ!», «Ахмет» сынды жарыққа шыққан көркем туындылар халықтың рухын оятқан тамаша дүниелер болды.

Осы жоба аясында Торғайға сапарға шығып, танымдық ізденістерін қуаттап, қанаттанып қайтқан бір топ мұғалімдер мақалалар жазып, іс-шаралар өткізбек. Ахаңның мәңгі өлмейтін рухына, аруағына бас иіп, тағзым етеміз. Ол білім мен ғылым көшімен танылған дара тұлға. Халқымызға темірқазық болған ұлт ұстазы!


Қымбат БІРМАНОВА,
Б.Майлин атындағы
№7 мектеп-гимназияның
директоры, «Халықаралық
«Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық
бірлестігінің Рудный қаласы
филиалының төрайымы,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.