Есімі дүниежүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан аяулы тұлғалар қатарындағы әл-Фарабидің орны ерекше. Әйтсе де қазақ даласынан шыққан ойшыл, әлемдік деңгейдегі ғұлама бабамыз туралы білетінімізден білуге тиісті мәліметтердің көп екенін жасыра алмаспыз.
Халықты, оның ішінде жас буын өкілдерін, әл-Фарабидің ең алдымен кім және қайдан екендігіне қатысты ақпаратпен қатар немен айналысып, қандай мұра қалдырғаны, ғұлама мұрасының қазіргі заманмен үндестігі, тағылымы сынды мәңгі өшпес құндылықтар кызықтыратыны анық. Ал қандай да бір танымал тұлғаны оның еңбектерін тікелей зерделеу немесе зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, тани түсетініміз түсінікті. Мен де әл-Фараби сынды адамзаттың асыл перзентінің әлеміне үңілмекке бел буып, ол туралы қолға түскен материалдарды тағы бір мәрте сүзгіден өткіздім. Мені алдымен ғұламаны елімізге кімдер танытқаны қызықтырды. Әлбетте, бәрін қамту мүмкін емес, менің көздегенім – ғұламаны елге танытуда ерекше еңбек сіңірген ғалымдар, сондай-ақ жазушылардың көркем туындылары жайында аз-кем сөз қозғау болды.
Әл-Фарабидің туған жері
Әл-Фарабиге арабтар, ирандықтар, өзбектер таласады. Әйтсе де бұл мәселеге нүкте қойған қазақ ғалымы Ақжан Машани болды. Ол Әбу Насыр әл-Фарабиді Қазақстанда тұңғыш зерттеуші ғалым ретінде танылды. Ақжан Жақсыбекұлы ғұламаның Фараб – Отырар жерінде дүниеге келген қыпшақ-қазақ перзенті екенін дәлелдеген. Кейіпкеріміздің туған жері Сырдария бойындағы Фараб туралы әл-Фарабидің замандасы және бірін-бірі жақсы білген атақты ғалым-географ ибн Хаукал да: «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері», – деп жазғанын қаперге алған жөн.
Фараб – Отырар жанындағы қала. Отырар секілді жойылып кеткен. А.Машани болашақ ғұламаның бастапқы білімін Отырарда алғанын былайша жазады: «Әл-Фараби бала шағында алған сауатын өз елінде, өз тілінде ашқан. Ол 16 жасында (кейбір мәліметтерде – 12 жасында) керуенге ілесіп, Бағдатқа оқуға келген», – деп жазады. Араб мәдениетінің орталығы болған Бағдат – ғылым мен өнерге ден қойған қала санатында-тын. Мұнда ғалымдар үйі мен әлемдегі ең бай кітапхана болған. Бұған дейін бала әл-Фараби Отырар кітапханасында тапжылмай отырып, білім жинаған. Ол кезде Отырар – Оңтүстік Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның мәдени, ғылыми және саяси ірі орталықтарының бірі ретінде танылған.
Ақжан МАШАНИ
Жоғарыда айтып өткендей, ғұламаны Қазақстанда алғаш зерттеген ғалым – Ақжан Машани болатын. Оның ұлы ғұлама әлеміне бет бұруына не түрткі болды екен? Академик Досмұхамед Кішібековтің айтуынша, әл-Фарабиді зерттеуге Ұлттық ғылым академиясының кезіндегі президенті Шахмардан Есенов зор ықпалын тигізген көрінеді. Осы кісінің тұсында академияда әл-Фараби бөлімі ашылады. Бөлімге А.Машановты (Машаниді) кеңесші етіп алады. Шет тілі мамандарын шақырып, әл-Фарабидің еңбектерін жинап, орыс және қазақ тілдеріне аудартып, жарыққа шығуына мұрындық болады. Осылайша Машанидің ғұламаға деген қызығушылығы оянып, кейін фарабитанудың атасы атанады.
Ақжан Машани әл-Фараби мұрасын 40 жылдай зерделеген. Бұл іске берілгендігі сонша, ұлы ойшылдың еңбектерін түпнұсқадан оқу үшін, 60 жасқа таяған шағында (91 жасында қайтыс болды) араб тілін меңгеріп, ғұлама еңбектерін тереңінен зерделеуге мүмкіндік алыпты. Әл-Фараби заманында Түркістан елі исламды қабылдап, ғылыми-мәдени салада араб тілін меңгере бастаған. Сондықтан оның араб елдерінде болып, ғылыми еңбектерін сол тілде жазуы түсінікті. А.Машани ғұламаны арабтілді ғалым деуді дұрыс санаған.
Әл-Фараби ғылымды, оның ішінде философияны оқып-үйрену мәселелеріне арнап бірнеше еңбек жазған. Солардың бірі – «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат». Бұл трактаттың қазақша аудармасының қысқартылған түрі А.Машановтың авторлығымен «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» деп аталды – авт.) журналының 1962 жылғы бірінші санында жарияланды. А.Машани ғұламаның терең философ ретіндегі білімдарлығын жоғары бағалады. Бұл турасында ол былай деп жазады: «...Бұл кісіден(әл-Фарабиден) бұрын да, кейін де даналар болған. Бірақ олардың ішінде дәл әл-Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш салаға бірдей ұлы үлес қосқан, аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Платон, Аристотель, Птоломей музыканы жөнді меңгере алмағандығын өздері жазып кеткен».
Ұлы бабамыз ғылымның бірнеше саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның жазған еңбектерінің белгілі санының өзі 100-ден асады. Кейбір дереккөздерде 160 деп көрсетілген (Б.Тоғысбаев, А.Сужикова. Тарихи тұлғалар. Алматыкітап, 2009. 88-бет). Әл-Фарабидің грек философиясын терең меңгергені соншалық, тіпті еуропалықтардың өздері Аристотель мен Платонның еңбектерін әл-Фараби еңбектері арқылы оқып-үйрендігі айтылады.
Аталмыш фарабитанушы ғалым 1970 жылы Алматыда бабамыздың 1100 жылдығына арналған халықаралық конференцияны өткізуге басшылық етті. Сондай-ақ Ақжан Жақсыбекұлы Дамаскідегі әл-Фараби зиратына елімізден бірінші болып барып, тәу еткен адам. «Машанидің фарабитану бойынша 10 томдық еңбегі қолжазба күйінде қалған. Машани 1973 жылы «Аль-Фараби и современная наука» деген монография жазған. Бірақ онда Құдайдың бар екені және әл-Фарабиді қолдағаны туралы жазғандықтан, қолжазбасы жарыққа шықпай қалған», – деп жазады «Әл-Машани» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Шәмшидин Әбдіраман.
Осы келтірілген деректерден-ақ ғұламаны туған жеріне жақындата түсуге өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның кім екенін біле аламыз. Әл-Фараби еңбектерін тұңғыш танытушы турасында академик Әлия Бейсенованың «Әл-Фарабиді Қазақ еліне қайтарған Ақжан Машани» атты көлемді мақаласы «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Десек те «әлемнің екінші ұстазының» елге оралуын өзге тұлғалармен байланыстыру деректері де баршылық, оларды да әл-Фарабиді қазақ елімен қайта қауыштырған тұлғалар деп бағалау қисынды. Себебі әл-Фарабидей адамзат перзентінің әлеміне қызығушылық, оны өзгелерге танытуға деген ұмтылыс – құптарлық құбылыс.
Ағын ҚАСЫМЖАНОВ
Ғұламаның қазақ жерінде танылып, насихатталуына зор үлес қосқан ғалым Ағын Қасымжанов екенін де айту – парыз. Оның жетекшілігімен Философия және саясаттану институты жанынан 1975 жылы әл-Фараби мұрасын зерттеу орталығы ашылды. А.Қасымжанов «Эстетические взгляды Фараби» кітабын жазды. Б.Ғафуровпен бірлесіп жазған «Аль-Фараби в истории культуры» кітабы Мәскеуде жарық көрді. Бұл еңбек қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Жалпы әл-Фарабидің қазақ жұртына оралуы, танылуы 1970 жылдардан басталды. 1993 жылы А.Қасымжанов пен Ә.Дербісәлінің ұйытқы болуымен бұрынғы С.М. Киров атындағы университетке әл-Фараби есімі берілді және сонда әл-Фараби орталығы ашылды. А.Қасымжановтың айтуынша, әл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан немістің атақты ғалымы Дитерици болды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің ғұламаға қатысты мерзімді басылым беттеріндегі жарияланымдарының да әл-Фарабиді танып-білуге септігі мол деп санаймыз.
Әнуар ӘЛІМЖАНОВ
Әл-Фарабиді танытуға жазушылар да үлкен үлес қосты. Мәселен, Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы (орыс тілінде) жарық көрді. Жазушы кітабынан алынған: «Әл-Фараби Отырардағы ғаламат бай кітапхананы емін-еркін жайлап, сол уақытта музыкант болуды армандады. Арманына жетті де... Өзі туған өлкенің мәдениеті мен тарихтың ең таңдаулы үлгілерін бойына сіңірген ол көне гректердің, иудалардың еңбектерін игеріп, парсылардың, үнділер мен арабтардың философиялық ілімдеріне қанықты, көне Қытайдың туындыларымен таныса отырып, өткен замандардағы данышпандардың ілімдерін дәйектейтін еңбектерімен қатар, өз кезіндегі белгілі ғылымдардың барлық саласынан да болашақта ашылар жаңалықтардың негізін салды», – деген аз ғана жолдардың өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Әлімжанов демекші, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев «Слово об Ануаре Алимжанове» атты мақаласында («Білімді ел – Образованная страна» газеті, №12, 2020): «Первым, кто открыл миру Абу Наср аль-Фараби, был Ануар. ...Он, по сути, вернул Казахстану аль-Фараби, организовав в Алматы в рамках V Международной конференции писателей стран Азии и Африки празднования 1100-летия великого ученого», – деп жазады.
Ғұлама турасында қалам тербегендер
Өзге қаламгерлерден Шахмет Құсайыновтың «Әл-Фараби» атты тарихи драмасы барын да көзі қарақты оқырман білсе керек. Дүкенбай Досжанов «Фараби» повесінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің қазақ топырағынан шыққан өз бабамыз екенін тұңғыш рет қазақ тілінде танытып берді. Сондай-ақ Ауданбек Көбесовтің «Әл-Фараби» кітабы да ғұламаны жақынырақ танып, білемін деушілерге үлкен көмек болмақ. Тізе берсек, ғұлама турасында қалам тербегендер қатары сирек емес секілді. Ғұлама мұрасын ұжым болып қолға алып, баспадан шығару ісінің де жолға қойылғанын айтып өткен абзал. Философия және саясаттану институты әл-Фараби мұрасының 10 томдығын және «Қазақ ғылымының озық үлгілері» деген сериямен «Әл-Фараби ғылымы» атты кітапты жарыққа шығарды. 2003 жылдан бері «Әл-Фараби» журналы жарық көріп келеді. Әл-Фараби бабамыздың биылғы 1150 жылдық мерейтойы санаға серпіліс беретін, ойға ой қосатын, рухани ізденістерге жетелейтін құндылық ретінде қабылданса дейміз.
Пиалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай педагогикалық
колледжінің оқытушысы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.