Орынборға Ахмет Байтұрсынов ізімен

Выпуск - №14(360)   :   12.04.2019
335

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің атынан құрылған «Ахмет Байтұрсынов ізімен: Оынбор кезеңі» атты экспедиция мүшелері 31-наурыз бен 7-сәуір аралығында Ресейдің Орынбор шаһарына барып, құнды деректерге қанық болып қайтты. Бұл туралы өңірлік БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында экспедиция мүшелері баяндады.

Ғылыми экспедицияға филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықов жетекшілік етіп, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Серікжан Исмаилов, журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Шурентаев және филология мамандығының магистранты Нұрсұлтан Қасым қатысты. Осындай құраммен олар қаланың екі үлкен мұрағатына және бірқатар тарихи орындарға, атап өтер болсақ, жалпықазақтық екі съезд өткен Пушкин көшесіндегі ғимаратқа; «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан ордаға; керуен сарай мен бұрынғы генерал-губернатордың сарайына табан тіреген. Бұлардың бәрі де Ахмет Байтұрсынұлы және алашордалықтармен тығыз байланысты.

Ахмет Байтұрсынов мұрасы жайындағы ғылыми сапар осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 1998 жылы Алаш арысының 125 жылдығына орай, сол кездегі ректор Зұлқарнай Алдамжардың бастамасымен Ақкөл, Торғай өңіріне «Ақжол» атты экспедиция ұйымдастырылған. Енді, міне, тура 21 жылдан соң, ол Ахаңның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында Қазақстан жерінде емес, тарихи астанамыз Орынбор шаһарында жалғасын тауып отыр. Бұл қалада қазақтың тарихы жайлы аса құнды әрі ауқымды деректер сақталған.

«Орынбор кезеңі Ахмет Байтұрсыновтың өмірінен ерекше орын алады. Себебі, Ахаң сондағы оқытушылық семинарияда білім алған. Сонымен қатар, жер аударған кезде де осы қаланы таңдап, 1910-1920 жылдар аралығында сонда қызмет істеген. Бұл – Ахмет Байтұрсыновтың саяси қайраткерлік қасиетінің ашылған тұсы. Сондықтан, ғылыми сапарымыз Орынбор қаласында өтті», – дейді А.Әбсадықов.

Экспедиция мүшелері, ең әуелі, Орынбор педагогикалық университетінде кездесу өткізген. Дәл осы оқу орынының таңдалуы да тегін емес. Себебі, онда тарих ғылымдарының кандидаты, Ахметтанушы ғалым, «Оренбургский путь Ахмета Байтурсынова» кітабының авторы Татьяна Тугай жұмыс істейді. Аталмыш кітаптың тұсаукесері біздің Ахаң атындағы қара шаңырақта өтіпті. Ал биыл сол жердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің демеушілігімен аталған кітап «Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» деген атаумен қазақ тілінде 1000 данамен басылып шыққан.

Артынша, еліміздің атынан барған топ қазақ диаспорасының өкілдерімен кездескен. Онда Нұрсұлтан Қасым қазақтың қара домбырасымен тамылжыта ән салып, қандастарымызды бір серпілтіпті. Экспедиция мүшелерінің айтуынша, Ресейдегі қазақ диаспорасы өте белсенді. Көптеген бастамаларды жүзеге асыруда. Жақында Қазақстанға келіп жоғарыда аталған қазақша кітаптың тұсауын кеспек. Айта кетерлігі, шетелдегі қандастарымызға арнайы қазақ тілінің курстары жүргізіліп, шеберлік сыныптары да өтіп тұрады екен. Олар алдағы уақытта Орынбор қаласында қазақ тарихына қатысты орындардың туристік картасын жасамақ.

Ғылыми-зерттеу тобы Ахмет Байтұрсынов өмірінің көп бөлігін өткізген қара шаңыраққа да барыпты. Бұл күні онда ресейлік азаматтар тұратын көрінеді. Бір қынжылтатыны, алдағы уақытта олар үйді күрделі жөндеуден өткізіп, жалға бермек. Алайда, экспедиция мүшелері бұл мәселеге баса назар аударып, Орынбордағы елшілік пен еліміздің қолдауымен аталмыш ғимаратты мұражай ретінде қалыптастырмақшы. Бүгінде бұл мәселеге қатысты Орынбор губерниясының басшылығымен келіссөздер жүргізілуде. Демек, болашақта жеке меншікте тұрған үйді мемлекет меншігіне ауыстырып, жаңа мұражай бой көтермек.

Журналистермен өткен жиында Орынбор шаһарына сапар барысында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Алмасбек Ахметбекұлының сөзінше, аталмыш экспедиция жаздың маусым айында жалғасын таппақ. Онда Ахмет Байтұрсыновтың туған жері Ақкөлге, оқып, қызмет еткен мекені Торғайға сапар шегу жоспарлануда. Артынша, экспедиция барысында жиналған құнды деректер «Ахмет Байтұрсынұлы ғұмырнамалық белестер: Ақкөл, Торғай, Орынбор» деген атаудағы жинақ түрінде басылып, мұрағаттан көшірмесі жасалған газеттер, құнды құжаттар мен Алаш арыстарына қатысты хаттамалар қаламыздағы мұражайлар мен мұрағат қорына тапсырылмақ.


Жамал ШАУКЕН

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.