Маусым айының 19-ы мен 29-ы аралығында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Амангелді және Жангелдин аудандарына экспедиция ұйымдастырып, музей қорын жалпы саны 100-ге жуық жәдігермен толықтырды.
Халық кәсібінің, сәндік-қолданбалы өнерінің жайын зерделеп, дәстүрлі халық қолөнерінің шеберлерін анықтаумен қатар ауызша тарих пен аңыздарды жинақтап, музейдің этнографиялық қорын толықтыруды көздеген он күндік тағылымды сапардың қорытындысы «Халық қазынасы» атты көрме аясында көпшілікке таныстырылды. Экспедиция нәтижесінде музейдің қоры қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысына қатысты ХХ ғасырдың бірегей тұрмыстық заттары – қасқыр ішік, қаптал-шапан, сеңсең тон, тымақ, жастықағаш, сандық, әшекей бұйымдар және басқа да этнографиялық материалдармен толықты.
Жас жігіттер қазақ халқының атқа міну дәстүрін – мәдениетіміздің жарқын белгісі деп біледі
– Елімізде рухани мұраны сақтауға үлкен көңіл бөлініп, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерді жинақтау, насихаттау және болашақ ұрпаққа аманат ету міндетін атқарып отыр. Музей ісінің маңызды бір бөлігі – ғылыми экспедицияларды ұйымдастыру екені мәлім. Биыл музейіміз кешенді этномәдени экспедицияны жалғастырып, ұлттық мәдени құндылықтарды жинақтады. Өңіріміздің тарихына, жер-су атауларына, өлең-жырларына қатысты біраз мәліметтер қорға қосылды, – деп атап өтті Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлжан Мендекинова.
«Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен отбасылық құнды жәдігерлерін музейге тапсырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Олар ата-бабаларынан мирас болып қалған асыл дүниелерді музейге сыйға тарта отырып, тарихи танымға үлес қосып, музейге үлкен сенім білдіріп отыр», – деді тарихи-танымдық кештің жүргізушілері. Расында, сондай жәдігерлерін табыстаған жандардың бірі – Амангелді ауданының Амантоғай ауылынан келген Төлеу Жүсіпова мен оның баласы Ғабдолла Мыңжасарұлы. Олар XIX-XX ғасырларда қазақ тұрмысында кеңінен қолданылған ат әбзелдері, ішік, аяқ киім қалыптары мен ағасы Әбдіқадір Тайжанұлының 200 жылдық тарихы бар сандығын музейге сыйға тартыпты.
Ғасырға жуық тарихы бар диірмен мен 200 жылдық тарихы бар сандық
Төлеу Жүсіпова музей қорына табыстаған аяқ киім қалыптары
Экспедицияның қалай өткені жайлы он күндік қиын да танымды сапардан әсерлене оралған музей қызметкерлерінен сұрап, білдік. Экспедицияны музейдің ғылыми хатшысы Назима Оташева бастап, топ құрамында қорды есепке алу мен сақтауды ғылыми-зерттеу және қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Дәмелі Өзірханова, қор сақтаушы Мақпал Сейдахметова, сонымен қатар экскурсия жетекшісі, фотограф әрі бейнеоператор Таңшолпан Мұханбетқали және жүргізуші Мұрат Салудаков болды. Олар жалпы 16 елді мекенді аралап, 40-қа жуық адамнан естеліктер мен құнды мәліметтер жазып алды. Сапарлары жайлы естеліктерін Назима Қуанышбайқызы баяндап берді. Бұл – музейде қызмет еткен 17 жыл ішіндегі екінші экспедициясы екен.
– Біздің музей құрылғалы бері ғылыми жұмыстарға көп көңіл бөледі. Музейдің қызметкерлері 2001-2008 жылдар аралығында Қазақстан бойынша алғаш рет осындай этномәдени экспедиция ұйымдастырып, облысымыздың 134 елді мекенін аралап шыққан болатын. Сол кезде біраз құнды дүниелер жинақталды. Кейін, 2021 жылы ғылыми жұмысымызды қайта жаңғыртып, Науырзым ауданына сапар шектік. Енді, міне, кезекті экспедициямыз Амангелді ауданының 8 ауылы және Жангелдин ауданының 8 ауылына ұйымдастырылды, – дейді экспедиция басшысы. – Әр заттың өзіндік тарихы бар. Мысалы, мына бір Абайдың мүсіні оны бізге тапсырған Рәзиля Отарованың үйінде 70-жылдардың аяғынан бері сақталып келген екен. Үйдің дәлізінде тұрған мүсін біз кірген бетте көзге түсті. Рәзиля апайға қолқа салғанымызда, бірден келісімін берді. Өкінішке қарай, мүсіннің авторы және қайдан келгені белгісіз.
Назима Қуанышбайқызы экспедиция барысында табылған Абай мүсінінің тарихын баяндап берді
– 1916 жылы он үш болыстан Әбдіғапар ханды сайлаған Амангелді ауданының Қоғалыкөл деген жеріне де бардық. Бұл ауылда Мұхамеджан Бүркітов деген байдың үйі болған екен. Шамамен, 1910-1912 жылдары сол үйдің жанында кірпіш зауыты болған деседі. Зауыттың орны әлі де сақталыпты, айналасында қызыл кірпіштер шашылып жатыр. Осы кісінің ұрпағы Айтуар Ташпановпен әңгімелесіп, көптеген мәліметтерге қанық болдық. Кезінде ол үйді халық арасында «Мұхамеджанның қызыл үйі» деп атапты. Одан бөлек, Амангелді ауданының Үрпек ауылында Сәдуақас Көгентаев деген атақты ұста, темірден түйін түйген зергер болған екен. Сол кісінің немересі Темірғали Мырзағалиев бізге атасының сақина, білезік жасауға арналған қалыптарын, көрігін, басқа да зергерлік құрал-саймандарын тапсырды. Қарап отырсаңыздар, әрбір кішкентай жүзіктің өзіндік тарихы барын байқауға болады, – дейді Назима Қуанышбайқызы. Шынында да, әрбір жәдігердің тарихын тыңдасаңыз, бір кітапқа арқау боларлықтай сыр шертеді.
Танымал зергер С.Көгентаевтың қалыптары мен көрігі
Әр кішкентай жүзіктің өзіндік тарихы бар
Әрбір жәдігер – келешек ұрпаққа құнды мұра
– Әрине, тарихымызды, мәдени мұрамызды білуіміз керек. Музейдің қызметкерлері үлкен іс атқарыпты. Облысымыздың ең үлкен аудандары – Амангелді мен Жангелдиннің ауыл-аймақтарын аралап, халқымыздың өткен өмірінен сыр шертетін тамаша жәдігерлерді жинап әкелген екен. Құтты болсын! Осынау тұрмыстық бұйымдардың барлығын бала күнімізден көріп өстік, біздің Науырзым ауданында да кеңінен қолданылған. Диірмен, күбі, сандық, тымақ – бәрі таныс, – деді іс-шараға арнайы қатысқан ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Пиалаш Сүйінкина. Келушілердің көпшілігі бұл сөзбен келісері хақ, себебі әрбір бұйым өзіне тән тарихты баяндап, өткен заманның тұрмыс салтының ерекшеліктерін бейнелейді.
Музейдің тұрақты келушілерінің бірі – қостанайлық Ақкүміс Оташева
– Өз басым Жангелді ауданының Жаркөл ауылында дүниеге келгенмін. Дегенмен, Қостанай қаласында тұрып жатқанымызға отыз жылдай болды. Музейге жиі келіп тұрамын. Міне, музей қызметкерлерінің Амангелді, Жангелдин аудандарына жасаған сапарының нәтижесінде жинаған жәдігерлеріне куә болып отырмыз. Бәрі де көзге оттай басылып жатыр, неге десеңіз, осы дүниелерді біз де көріп өстік. Тарихи-өлкетану музейінде менің шешемнің жасаған кір боқшасы бар. Қателеспесем, ХХ ғасырдың 80-інші жылдары тапсырылған, – дейді Қостанай қаласының тұрғыны Ақкүміс Оташева. Иә, бұл жәдігерлер келешекте жас ұрпаққа өткенімізден сыр шертер құнды мұра болары анық.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.