Рухани тағылым сыйлаған сапар

Выпуск - №41(589)   :   09.11.2023
756

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Рудный қаласы филиалының ұйымдастыруымен «Ахаңа тағзым» атты ғылыми-танымдық экспедиция мүшелерінің қатарында дара тұлғаның туған жеріне барып қайтуым жұмысыма шабыт, санама тың серпін берді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Ол өзінің тума талантын толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған, мал соңына ерген, малмен бірге ұйықтап, малмен бірге жусаған қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ болып сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, тілім деп түн ұйқысын төрт бөлген шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар тұлға тұтқан қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері.

Торғай жерінде өткен дүбірлі тағылымы мол шара ұстаздардың ғана емес, әр адамның рухани әлемін жандандыруда шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды. Иә, халқымыздың ұлттық санасының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. Аталарымыз: «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», – деп бекер айтпаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлттың қалыптасуы мен дамуында айрықша рөлі бар. Сол себепті, аталмыш экспедицияның рухани маңызына тоқталар болсам, Ахметтану – ұлтымызды рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқанымыз және ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы деп түсіндім.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген жеке адамдарға, архив қызметкерлеріне және бұларға жабылған жаланы жұлып тастап ақтауға атсалысқан еліміздің естияр азаматтарына халық риза екенін тағы бір атап өткім келеді. Өмірдегі өзінің басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң небір тар, тайғақ кешулерден өте келе, тамаша еңбегімен қазақ халқының мақтанышына айналған көсем тұлға. Ендігі кезекте, ұлт ұстазының туған жеріне сапарымыз жайлы айтар болсам, бізді Торғайдың ғибратты өткенін, біртуар тұлғалардың өмірдерегін дәріптеуші Гулбану Сәрсекей қарсы алды. Гулбану Құлетқызы отыз жылға жуық Торғайдағы рухани ошақтарды жандандыруда қалтқысыз еңбек етіп келеді екен.

Шақшақ Жәнібек, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Ыбырай, Әліби, Халық ақыны Нұрхан атамыздың музейін аралауда алған әсерімді айтып тауыса алмаспын. Әсіресе, жаңғырған Ахаң мен Жақаңның әдеби музейін тамашалаған сәтте санамда «Неге ғылыми жоба қорғамасқа?» деген тың ой бой көтерді. Ұлт ұстазының шығармашылығына қатысты мәліметтерді дәптеріме жазып та алдым. Әрине, болашақта бұл тақырыпта шәкірттеріме ғылыми жоба қорғауға ұсыныс тастап қана қоймай, Ахмет Байтұрсынұлының тағылымын жан-жақты ашып көрсетуге дұрыс бағыт бере алсам, бұл – үлкен жетістігім болары анық. Эссе жазуда да дәл осы бағытты ұстанамын деген өзіме бойтұмардай ой түйдім.

Экспедицияның екінші күні «Халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы» ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санайдың жетекшілігімен ағартушының туған топырағына бет бұрып, ақ кесенесіне бардық. Тағзым етуден соң, мұражайын аралау сәтінде тұтынған заттарын суретке түсіріп, еңбектерінің түпнұсқаларын көзібен көріп, көңілге тоқығаным, әрине, ғылыми жобама арқау болары сөзсіз. Иә, жүрекпен сезінген рухани тағылым, халқының ұлт ұстазына сүйіспеншілігін, өнегелі шығармашылығын әріптестеріммен бөлісу – менің мерейлі мақсатым болды. Ғибратты ғұмыр иесінің туған жерінде көрген-білгенімді ұжымда ортаға салып қана қоймай, жыл бойына ғылыми жоба, мақала, эссе жазу, әлеуметтік желіге пікір жазуда үлесімді қосу – тіл маманы ретіндегі парызым деп есептеймін.

Қазіргі білім беру жүйесінде де Ахмет Байтұрсынұлының аудармашылық қызметінде мысал жанры оқушылар үшін өзгеше орын алады. Басқа емес, дәл осы жанрға баруының өзінде үлкен мән жатыр. Адам бойынан қалмай келе жатқан бойкүйездік, алауыздық, жалқаулық, жағымпаздық сияқты басқа да толып жатқан ес жиғызбас әдетті сынау, шенеуге келгенде ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, сыршылдығы да мысал өлеңдерінде барынша ашыла түседі. Өміршең мысалдары күнделікті сабағымыздан көрініс тауып, шәкірттерімізді жаман әдеттен сақтандыруда деп сеніммен айта аламын. Әсіресе, шымшыма әзілмен әспеттелетін пәлсапалық түйін мен тағылым тәрбиелік мәні зор тұжырымдары естен кетпей, көңілде жатталып қалады. Осылайша бойыма дарытқан рухани құндылықты шәкірттеріме жеткізуде еңбегімді еселей бермекпін.


Асел ЖЫЛДАМКУЛОВА,
М.Дулатұлы атындағы ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.