Торғай жерінің сырлы құпиялары

Выпуск - №46 (392)   :   28.11.2019
278

«Panthers» скауттар тобы бұл жолы Торғай жерінің құпияларын зерттеу мақсатында кезекті сапарына жол тартты. Топ басшысы Зәуреш Шағатаева көптен бері осы өңірді зерттеп, тарихи тұлғаларын зиярат етуді көздеген-тін.

Кейкі батыр, Амангелді Иманов, Сатыбалды Ишан, Бірлік Қолдасбаев секілді өз дәуірінің дара тұлғалардың өміріне қатысы бар жерлерге барып, олар туралы кітап беттерінен ғана білетін ақпаратты шын өмірде өз көзімізбен көріп, ұстап, бізді бұрыннан бері толғандырып жүрген сұрақтардың жауабын табу біз үшін өте үлкен мәртебе болды. Скауттар тобының Торғай өңірі бойынша сапарындағы ең бірінші аялдамасы – Амангелді ауданы болды. Атап кететін жайт, скаутинг тобының жетекшісі Жайсан Абжанов бұл ауданда скауттар секілді өлкетанумен айналысып, әр түрлі сапарларға барып, «Батыр» тобын барынша дамытуға ат салысып жүрген жанның бірі.

Амангелді ауданына келген сәтте барлығымыз Б.Қолдасбаев атындағы мектепке жол тарттық. Мектеп директоры Мұхаммед-Әли Әбдіков, ұжымы мен мектеп оқушылары біздің келгенімізге қуанып, құшақ жая қарсы алды. Естелік ретінде біздің скауттар тобына арнап мектеп ауласына көшет отырғыздық. Бірнеше жылдардан кейін осы түптердің үлкен ағаштарға айналған көрінісін тамашалауға міндетті түрде келеміз деп ойлаймын. Шағын концерт қойып, профориентациялық жұмыс жүргізілген соң, бірден ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың туған ауылы Үрпекке бет алдық.

Үрпек ауылындағы Амангелді Имановқа арналған мұражайдың ішіндегі бар маңызды ақпаратты мұражай қызметкері шын көңілімен түсіндіріп, көрсетті. Естелік мақсатында мұражайдағы пікірлер дәптеріне өз тілектерімізді қалдырып, суретке түстік. Ол жерде біздің көздеген нысанымыз – Амангелді Имановтың штабы болды. Бұл жерде көтеріліс жауынгерлерінің қару-жарақ жасап, Ресей патшалығына қарсы соғыста қолданған керемет айла-әдістері мен жоспарларын құрғанын естіген сәтте денеміз тітіркеніп, тарихи маңызға ие жердің бар күш-қуатын сезіне алдық.

Ұлт-азаттық көтерілістің тағы да бір ірі тұлғасы – ұлы мерген Кейкі батыр Көкембайұлы. Торғай өңіріне барып тұрып, Кейкі батырдың басына бармау біз үшін кешірілмес қателік болар еді. «Батыр» клубының оқушыларымен бірге Кейкі батырдың кесенесіне барып, дұға оқып, естелік ретінде суретке түстік және сол елді-мекендегі Кейкі батырға арналған шағын мұражайды тамашалап, альбом беттерінен Ресей жерінен Қазақстан еліне Кейкі батырдың басын алып келген күн бейнеленген тарихи маңызы бар оқиғаны фотосуреттерден көре алдық.

Келесі аялдамамыз – Тасты ауылы болды. Бұл жерге қандай мақсатпен келдік? «Үрпек свастикасы», яғни, бұл құпияға толы геоглифтер, жер мен ғарыштың тепе-теңдігін сақтау күшіне ие екендігін талай зерттеу топтары анықтаған. Өрнектерді өз көзімізбен көрген сәтте бұл жердің ғажайыбына бас идік. Бұнымен Торғай жерінің ғажайыптарға толы мекендері тәмәм емес. Қазақстан азаматтарының, сонымен қатар, шет мемлекеттердің таңдайын қақтырған Үштоғай шаршысы, 101 үйінді қорғаннан тұратын геометриялық фигура (геоглиф) да бар. Бұл жер Қостанай облысы Амангелді ауданы Үштоғай ауылының жанында орналасқан. «Батыр» клубының оқушыларымен осы үйінділердің үстімен өтіп, оларды санап, емдік қасиетінің бар екендігін білген кезде өзгеше сезімде болып, біраз төмпешіктердің үстінде сәл демалып, шайдай ашық аспанның әсемдігін тамашалап, керемет әсер алдық.

Қандай елді-мекенге барсақ та, тұрғындардың бізді жарқын жүзбен, жылы шырай әрі шын көңілмен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алатындығы қуантарлық жайт. Осындай тамаша сапарға аттануға мүмкіндік беріп, әрқашан жаңаны тануымызға жағдай жасайтын Зәуреш Жарасбайқызына бүкіл скауттар тобының атынан үлкен алғысымды айтамын.


Динара МАРЯК,
Қостанай педагогикалық
колледжі АК-31
тобының студенті

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.