Алғашқы қадамым қандай болды?

Выпуск - №33-34 (429-430)   :   27.08.2020
212

Алғашқы қадам дегеніміз не? Оның адам өмірінде алатын орны қандай? Менің еңбек жолыма қарасам, көз алдыма бірден кішкентай баланың тәй-тәй етіп, қадам басып келе жатқаны елестейді. Дегенмен бұл тек алғашқы қадамымның бастамасы ғана.

Өмірде дұрыс шешім қабылдай білу, дос табу, мектеп бітіру, жоғарғы оқу орнына түсу, мамандық таңдау, жұмысқа орналасу деген сияқты өте көп баспалдақтарды тек алға қадамдар жасау арқылы бағындыра алатынымыз анық. Ендеше қолыма қалам алып, өмірлік жолымды мамандық таңдаудан бастап жазуды жөн көрдім.
Мамандық таңдау – өмірдің бір кірпішін дұрыс қалау секілді болғандықтан, бұл мен үшін оңай шешім болған жоқ. Әлі де есімде, кішкентай кезімде мектеп болып ойнағанымызда, мұғалім рөлін қуана-қуана атқаратынмын. Мектептің өзін-өзі басқару күндерінде де ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, содан бері бұл мамандық өзімді баурай бастады. Оған қоса, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлнар апай да менің үлгі тұтатын ұстазым болды. Мұғалім мамандығын таңдауымның тағы бір себебі – балаларға деген бауырмалдығымнан шығар. Әрине «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, мені де ұстаздарымнан үйренгенімді шәкірттеріме үйретсем екен деген арман жетелеп, Қостанай мемелекеттік педагогикалық институты оқу орнына түстім.

Аталмыш жоғары оқу орнын төрт жылда тәмәмдап, білімімді әрі қарай жетілдіру үшін Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясына ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа тұрдым. Сөйтіп ұстаздық деген ұлы жолға қадам бастым. Мектеп ұжымы өте ұйымшыл әрі онда көңілі кең, жайсаң жандар жұмыс істейді. Әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Қазіргі уақытта үш жылдың көлемінде ұстаздық қызметімді атқарудамын. Осы тұста қолдау көрсеткен тәлімгерім Жадыра Қадырқызы, әріптесім Дария Алтайқызы, мектеп әкімшілігінен көмегін аямайтын Нұрзия Молдабайқызы, Айзада Тұрлықұлқызы мен Мейрамкүл Мұхтарқызына айтар алғысым шексіз.
Алғашқы жылдары бастауыш және орта буындағы сыныптарға сабақ беруді бастадым. Сондай-ақ бесінші сыныпқа сынып жетекші болып та тағайындалдым. Бірінші жұмыс күндерім қорқыныш пен қобалжулы сәттерге толы болды. Бірақ сыныпқа келгенде, мені мейірімді де сүйкімді балалар қарсы алды. Бойымды бір жылулық сезімі баурап алып, олар мені екінші анасындай көретінін түсіне бастадым. Осы алдымда отырған оқушыларыма деген жауапкершілікті сезініп, олармен ортақ тіл табуға тырыстым. Жұмысым мәнді де қызықты болғандықтан, уақыт өте қорқыныш сезімдер басылуда.

Жетекшілік еткен сыныбыммен көптеген мектепшілік іс-шараларға қатысып, ашық тәрбие сағаттарын беріп, мерекелік концерт ұйымдастырған кездеріміз аз болмады. Барлығы да менің өмірімде алғаш рет болып жатқандықтан, үлкен қызығушылықпен қарап, қобалжығаным өтірік емес. Сондай-ақ бесінші сыныппен ағылшын тілі пәнінен алғашқы ашық сабағымды, сыныптан тыс іс-шараларды өткіздім. Ол сәт ешқашан есімнен кетпес. Мұғалімдердің оң бағасын алып, дамытатын тұстарымды бағамдағандықтан, бұл мен үшін өте пайдалы тәжірибе болды. Шәкірттерім сабақ жағынан да, шығармашылық жақтан да көптеген жетістіктерге қол жеткізе алды. Өзіңің түсіндірген сабақтарыңды балалар басқа сабақта, өмір барысында қолданып жатса, бұл да бір үлкен жетістік деп ойлаймын. Әсіресе, өткен тақырыптар бойынша бақылау жұмысынан балалар жақсы баға алып жатса өзімді өте бақытты сезінемін. Ал сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатса, көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді. 

Олардың негізгілерін атап өтсем, 2018-2019 оқу жылында Нұрайым Рахманова атты оқушыммен «Зерттеудегі бір қадам – дамудың жүз қадамы» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясының «Тіл білімі» секциясында 3-орын алғаны үшін грамота және сертификат, 2019-2020 оқу жылында «АқНұр плюс» жеке мектептің ұйымдастыруымен облыстық бастауыш сыныптар арасында Жанарыс Аралбай атты оқушым 3-орынды иеленді. Осы мамандықпен таныспас бұрын ұстаз – жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы деп білсем, қазір менің ойымша, ұстаз болу – жүректің батырлығы.

«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекер айтпаса керек. Шынында да өзім мұғалім болғалы бері, ұстаздарымның еңбегін, жұмысын бағалап және түсіне бастаған сияқтымын. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», – деп М.Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Сол міндетімді орындау үшін бар күш-жігерімді аямаймын. Менің шәкірттеріммен бірге әлі талай асуларды бағындырамыз деп сенемін.
 

Нурайла МОЛДАҒАЛИЕВА,
Н.Наушабаев атындағы
мектеп-гимназиясының
ағылшын тілі пәнінің
мұғалімі, жас маман,
Тобыл қаласы

 

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.