Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі – ортақ міндетіміз

Выпуск - №32-33(728-729)   :   28.08.2026
74

1


«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының ұйымдастыруымен тамыздың 17-28 аралығында «Баланың ақпараттық қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы бойынша 80 сағаттық қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курсы өтті.
Облысымыздың әрбір өңірінен келген педагогтермен бірге осы маңызды тақырып аясында білімімізді жетілдірдік. Курс барысында бала қауіпсіздігі, цифрлық ортадағы түрлі қауіп-қатерлер, кибербуллингтің алдын алу, жеке деректерді қорғау, интернетті қауіпсіз пайдалану, балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен қарастырылды.
Курс тренері – институттың академиялық бөлімінің аға оқытушысы Нұрмағамбетова Ғалия Ақылбекқызы. Білікті маманның кәсіби бағыт-бағдары мен мазмұнды сабақтары балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мәселесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Сабақ барысында теориялық біліммен қатар практикалық тапсырмалар орындалды, топтық жұмыстар жүргізіліп, түрлі жағдаяттар талданды. Соның арқасында тақырыпты жан-жақты түсініп қана қоймай, алған білімімізді педагогикалық тәжірибеде тиімді қолдануға жол ашылды.
Қазіргі қоғамды ақпараттық технологияларсыз елестету қиын. Интернет, әлеуметтік желілер және әртүрлі цифрлық платформаларға қоса мобильді қосымшалар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін цифрлық орта білім алудың, қарым-қатынас жасаудың, шығармашылықпен айналысудың және жаңа ақпараттар іздеудің маңызды құралы болып отыр. Алайда цифрлық мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлер де қатар жүреді. Осыған орай балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-аналардың, мектеп пен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, әсіресе сынып жетекшілерінің басты міндеті.
Баланың ақпараттық қауіпсіздігі дегеніміз – оның интернетті, ақпараттық технологиялар мен цифрлық ресурстарды пайдалану барысында денсаулығына, психологиялық жағдайына, жеке өміріне, абыройы мен құқықтарына зиян келтіруі мүмкін ақпарат пен әрекеттерден қорғалуын қамтамасыз ету. Ақпараттық қауіпсіздік компьютерді вирустардан қорғау немесе құпиясөзді сақтаумен шектелмейді, оның ауқымы әлдеқайда кең. Бұл ұғым жалған ақпараттан қорғануды, кибербуллингтің алдын алуды, бейтаныс адамдармен қауіпсіз қарым-қатынас жасауды, жеке мәліметтерді қорғауды, интернеттегі әдеп нормаларын сақтаумен қатар цифрлық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін қамтиды.

2


Балалар интернетті көбіне қызығушылықпен пайдаланады. Олар әлеуметтік желілерге тіркеліп, бейнероликтер көреді, ойын ойнайды, түрлі сайттарға кіреді, мессенджерлер арқылы достарымен сөйлеседі. Осылардың бәрі баланың танымдық қабілетін дамытуға, жаңа ақпарат іздеуіне және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Мысалы, интернетке кіріп, оқушы қажетті оқу материалдарын тауып, шет тілдерін меңгеріп, ғылыми жобаларға дайындалып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Алайда өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан, бала интернеттегі қауіптерді бірден аңғарып, дұрыс бағалай бермейді.
Осындай жағдайда сынып жетекшісінің рөлі айрықша. Сынып жетекшісі оқушымен күнделікті қарым-қатынаста болғандықтан, оның мінез-құлқындағы, көңіл-күйі мен қарым-қатынасындағы өзгерістерді дер кезінде байқай алады. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесін бір реттік тәрбие сағатымен шектемей, оны жүйелі түрде жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бағыты ретінде қарастырған жөн. Бұл ретте жауапкершілік сынып жетекшісіне ғана жүктелмейді, пән мұғалімдері де оқушылардың көңіл-күйіне мән беріп, олармен сенімді қарым-қатынас орната білуі назарда ұстағаны жөн. Себебі әр бала – өзіндік ойы, мінезі мен қызығушылығы бар жеке тұлға. Оның қауіпсіз ортада өсіп, дұрыс бағытта дамуына жағдай жасау – білім беру ұйымындағы әрбір маманның ортақ міндеті.
Қазіргі кезде балаларға төнетін ең негізгі қауіптердің бірі – кибербуллинг. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да цифрлық құралдар арқылы адамды қорлау, кемсіту, мазақ ету, қорқыту немесе оған әдейі психологиялық қысым көрсету. Кейбір жағдайларда оқушылар мұндай әрекеттерді жай ғана әзіл ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда экранның ар жағында жазылған сөздің, жарияланған суреттің немесе таратылған бейненің басқа адамға қаншалықты ауыр әсер ететінін олар әрдайым түсіне бермейді. Сондықтан балаға цифрлық ортадағы қарым-қатынастың да жауапкершілігі бар екенін ерте жастан түсіндіру маңызды.
Ақпараттық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды бағыты – жеке мәліметтерді қорғау. Балалар кейде өздерінің аты-жөнін, туған күнін, мектеп атауын, мекенжайын, телефон нөмірін және басқа да жеке ақпараттарын әлеуметтік желілерде ашық жариялап жатады. Енді бірі жеке фотосуреттерін де бейтаныс адамдарға жіберуі мүмкін. Аталған әрекеттердің салдары қандай болуы ықтимал екенін бала әрдайым бағамдай бермейді. Сол себепті оларға интернет кеңістігіне жарияланған ақпараттың кейін толықтай жойыла бермейтінін түсіндіру қажет.
«Интернетке салған ақпарат ізсіз жоғалмайды» деген қарапайым қағиданы бала жақсы білуі тиіс. Жеке мәліметтерді бейтаныс адамдарға бермеу, аккаунттардың құпиялылық баптауларын дұрыс орнату, күмәнді сілтемелерді ашпау, бөтен адамдарға жеке ақпаратты айтпау – цифрлық қауіпсіздіктің ең негізгі ережелері. Цифрлық ортадағы қауіпсіздік баланың ғаламторды мүлде пайдаланбауынан емес, оны саналы әрі жауапкершілікпен қолдануды үйренуінен басталады. Ал осы аталған дағдыны қалыптастыруда ата-ана мен педагогтің бірлескен қолдауы мен түсіндіру жұмысының маңызы зор.
Қазіргі балалар арасында интернеттегі ойындар мен әлеуметтік желілерге шамадан тыс уақыт бөлу мәселесі де жиі кездеседі. Цифрлық технологиялар баланың білім алуына және дамуына мүмкіндік бергенімен, оларды бақылаусыз әрі шектен тыс пайдалану олардың оқу үлгеріміне, ұйқы тәртібіне, қарым-қатынас мәдениетіне және күн тәртібіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланы интернеттен толық оқшаулау дұрыс шешім емес. Бұл жерде ең тиімдісі – оны цифрлық технологияларды саналы, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.
Осы тұста ата-ана мен мектептің өзара ынтымақтастығының маңызы зор. Ата-ана баланың интернеттегі қызығушылықтары мен әрекеттеріне мән беріп, оны үнемі бақылаумен шектелмей, сенімді қарым-қатынас орната білуі қажет. Бала интернетте қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда қорықпай, ата-анасына немесе мұғаліміне ашық айта алуы керек. Егер бала «айтсам, телефонымды алып қояды», «маған ұрысады» деп қорқатын болса, мәселені жасырып қалуы мүмкін. Сондықтан ересектердің мақсаты – жазалау емес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіндіру маңызды.
Сынып жетекшісі ата-аналар жиналыстарында ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне үнемі назар аударып отырғаны жөн. Ата-аналарға балалардың интернетті қалай пайдаланатыны, цифрлық ортада қандай қауіптерге тап болуы мүмкін екені және қауіп туындаған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Сонымен қатар баламен ашық сөйлесудің, оның қызығушылықтарын түсінудің және өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатудың маңызын да назардан тыс қалдырмаған абзал.
Қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру – сынып жетекшісі, ата-ана мен оқушының өзара түсіністігі мен бірлескен әрекетін қажет ететін ортақ міндет. Бүгінгі бала – қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан оның ақпаратты сауатты әрі жауапкершілікпен пайдаланып, цифрлық ортада өзінің қауіпсіздігін сақтай білуі, құқықтарын қорғауы – болашақ үшін маңызды дағды. Балаға қауіпсіздік ережесін үйрету – оны шектеу емес, заман талабына сай өмір сүруге дайындау.

Қаламқас ДУЛЫБАЕВА,
Мемлекеттік тілде оқытатын А.Байтұрсынұлы атындағы
жалпы білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі,
Қостанай ауданы

Реклама

Коллектив Айдарлинской общеобразовательной школы из года в год остаётся преданным и постоянным читателем газеты «Учительская плюс». Я глубоко убеждена, что это издание – незаменимый и важнейший ориентир для каждого современного педагога. На страницах газеты оперативно освещаются ключевые новости образования, публикуются практические статьи, ценные методические рекомендации и масса полезных материалов. Особая ценность издания для нас заключается в возможности знакомиться с передовым опытом коллег из других школ и черпать свежие, вдохновляющие идеи для собственной практики. В то же время газета даёт и нам прекрасный шанс заявить о себе: публиковать свои достижения и делиться наработками с широкой аудиторией. Именно поэтому «Учительская плюс» для меня – одно из самых важных изданий, напрямую способствующих профессиональному росту.

Областная образовательная газета «Учительская плюс» – это настоящая педагогическая копилка. В одном номере можно увидеть работу самых разных учителей со всей области, разные направления, почерпнуть ценный опыт. Можно, конечно, что-то и в соцсетях прочитать, но там надо искать, заходить к каждому на страничку отдельно, а газету открываешь – и всё костанайское образование перед тобой, вся наша учительская жизнь. Я с удовольствием рассказываю о своей работе, о своих методах, об успехах моих воспитанников. Газета помогает мне делиться своими идеями и вдохновляться работами коллег.