Еңбегі еленбей, елге танылмай қалмай қалған сал-серілер

Выпуск - №48(596)   :   23.12.2023
305

Хандық дәуір ыдырап, жыраулық өнер жоғала бастағанда тарих сахнасына сал-серілер келді. Сал-серілер дегенде біздің ойымызға ең алдымен Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты сал-серілер келеді. Ал, енді сал-серілер поэзиясына кішкене көңіл бөліп, назар аударатын болсақ, біз білмейтін, біз естімеген сал-серілер де бар екен.

Ә.Марғұланның «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» атты 1991 жылы жарық көрген еңбегінде тақырыпқа қатысты нақты анықтама берілген. Сал, сері – екеуі де өте ескі дәуірден сақталып келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері. Сал-серілік дәстүр – қазақ халқы мәдениеті мен өнерінің жарқын белгісі, биік шыңы деуге болады. Себебі, ақындық, сазгерлік, әншілік, орындаушылық, адамгершілік, мәрттік, жомарттық, пәктік, зор абырой, тағы басқа ең ізгі қасеттердың бәрі осы мұрат тұтқандардың бойынан табылған.

Бұл туралы 2009 жылы жарыққа шыққан Б.Қарымсақованың «Қазақ әдебиетіндегі әнші-ақындар мен күйшілер бейнесі» афторефератында Е.Ысмайыловтың мынадай сөзі берілген: «Сал, серілерде ақындықпен қатар әнші, күйшілік, композиторлық, би, спорт өнерлері де бар. Сал, серілер әншілік, ақындық, жыршылық, аңшы-мергендік, спорт-палуандық, сырттай әшекейлік (декорациялық), түрлі күлдіргі, ғажап құбылмалы (фокус, жонглерлік) ойындар көрсеткіш – бәрі халық өнерпаздары болды».

Еңбектері еленбей, елге танылмай қалған сал-серілер қатарында Бәйтен сал, Марғұлан сал, Төлебай сал, Сейтек Оразалиев, Абыл Тарақұлы, Өскенбай Қалмамбетұлы, Дәурен Құдабайұлы, Байсерке Құлышұлы, Естай Беркімбайұлы сияқты сал-серілерді атап айтуға болады. Сал-серілерді Әз Жәнібек, Абылай хандардың өзі жоғары бағалаған, құрмет көрсеткен. Ақан сері, Біржан сал сияқты аты халық арасында мәңгі ұмытылмастай болып қалған ер-азаматтар көп болған. Расында да, қазақ халқының тарихында ел аралап, серілік құрған сал-серілердің қызметтері ерекше-тін.

Әнші ақындардың шығармашылығында көбінесе қазақ халқының тарихындағы ерекше тұлғаларды дәріптеу мен олардың игі іс-әрекеттерін тілге тиек ету байқалады. Олардың шығармашылығына зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы еңбегі еленбей, елге танылмай қалған сал-серілердің бар екендігін анықтадық. Әнші ақындар ән шығарып қана қоймай, кейбіреулері айтысқа да түскен, енді біреулері ойын-тойларда өлең-жыр айтқан. Оларға халық «сал», «сері» деген атақ беріп, құрмет көрсеткен.

Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал сынды әнші ақындар жазба әдебиет саласында белгілі орын алады. Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Құлтума, Әсет, Сәтмағамбет, Иманжүсіп, Естай, Шашубай сияқты басқа да әнші ақындардың аты халыққа әйгілі. Негізінен, Жайық бойында атақты серілерден XIX ғасырда екі Мұхит болған. Біреуі халық аузында аңызға айналған дарынды ойшы, атақты композитор Мұхит Мералиев (1806 жылы туған). Қасына ойыншы, саятшы, палуан, зергер, жыршы, күйшілерді ертіп жүретін атақты сері үнемі сұлу ат мініп, сәнді киініп жүретін болған. Мұхит әндері жеке жинақ болып басылып, оның шығармашылығы туралы зерттеулер де жазылған. Оның халық арасына кең тараған «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Кiшi Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние», «Ақ Иiс» әндерi – қазақ музыка мәдениетiнiң алтын қорындағы арналы үлгiлер қатарына жатады.

Мұхит Мералиевтың әндерінің шығу тарихы да әртүрлі болып келеді. Мысалы, «Ақ Иіс» әнінің тарихы туралы Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» еңбегінде былай дейді: «...Мұхтардың Қырмызы деген бәйбішесі болады. Елден таңдап алған сұлу – ауыл-аймаққа қадірлі келіншектердің алдыңғы қатарында болған деседі. Көрген адамның бәрі Қырмызының келбетіне, адамшылығына ырза болады екен. Бірақ Мұхтардың бақытына, байлығына басы айналған бәйбіше бері келе өзінің бұрынғы кеңпейілдігінен айырылып, ашулы, өктемдікке көшеді. Оның себебі де жоқ емес-ті. Мұхтар Қырмызының үстіне екінші әйел алады. Әрине, күннен-күнге Мұхтардың назары жас әйеліне қарай ауа береді. Бұл бәйбішенің мазасын алады. Міне, осы кезде жоқтықтан қоңсы қонып отырған Мұхиттың үй-ішіне бәйбіше теріс көзімен қарап, аздаған азық жәрдемін тыйып тастайды. Қайта жас та болса, екінші әйелі – Иіс шамасы келгенінше әншінің қадірін біліп, қол ұшын беріп тұрады. Ежелден қуақылық сөзсіз отырмайтын Мұхит осы арада тағы да бір «жағымсыз» сөз айтады. Ол сөз жай қарапайым әңгіме емес, әнмен байланысты болды. Байдың да, әсіресе бәйбішенің қытығына тию үшін Иісті көтеріп, Бәйбішені төмендетіп ән шығарады:

«Жылқыда ерте тұрсам күрең тай жоқ,
Ноғайда бұрынғыдай енді шай жоқ.
Ақ Иіс келгеннен соң арта берді,
Ойласам Қырмызыға енді бай жоқ», – деген сөздермен байды мысқылдап күледі».

Ал, «Айнамкөз» әнінің шығу тарихы Ә.Марғұланның «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» еңбегінде баяндалған. Мұхит Қобда бойын аралап жүргенде біреудің үйіне түсіп, ән салып, ауыл адамдары жиналып, кеш бойы сауықтайды. Ертеңінде сол үйдің бойжеткен қызы Құралайдың шай құйып отырғандағы сыпайылығы, мінезі, ажары Мұхитқа қатты ұнап, сол арада бір ән шығарады. Әншіге қыздың көзі ұнайды. Сондықтан ол: «Шырағым, мына бір әнді саған арнадым, нағыз айнамкөз екенсің, әннің аты «Айнамкөз» болсын», – дейді.

Екінші Мұхит Қаратаев (1843-1916 жылдары өмір сүрген) – белгілі сері, әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші болған. Ол қазақ музыкасындағы күйлерді аса сұлу тартатын ұлы шебердің бірі, аты аңызға айналған, тарихи заманның асқан күйшісі. Ел арасында бұл Мұхиттың әні мен күйлерін таратушылар аса көп болған екен. Сондықтан А.В. Затаевичтің бақылауынша, ол өзінің көп шығармалары мен бүтіндей бір мектеп ашқан кісі дейді. Мұхит сері жас күнінде әйелдердің еркелеткен аяулы адамы, сұлулықтың жарқын бейнесі бола білген. Қартайғанда ол шалқыған ашық жүзді, қуанышты сүйетін сұлу қарт болған деседі. Бұл деректер А.Жұбановтың 2001 жылы жарық көрген «Замана бұлбұлдары» еңдегінде көрсетілген. Қазіргі таңда Мұхит Қаратаев туралы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның өзі жазған күйлері мен әндері жинақталып, оларды жинақ етіп шығару жұмыстары да қолға алынған екен.
Баянаула салдарынан ескі дәстүр бойынша жас кезін қызық түрде өткізген Марғұлан сал. Ол кейбір киімін түйенің құрғақ құмалағын алтын суына бояп соны ішкі, камзол етіп киетін болыпты. Оның көп барған жері қаракесек шаншар елі болған екен. Жақсы қызды да осы арадан тауып, соған үйленген. Марғұланның бәйбішесі Айман Тәттімбеттің туысқандарының қызы, жарқын, сыпайы, ашық жүзді болған. Марғұланның күйлерінің бірі – «Бұхар-екем». Оны Бұхар Жырауға арнап шығарған. Ал «Ала ту» күйін бабасы Олжабай ерді еске түсіріп, сол кісінің туына арнап шығарған. Бұларды немересі, жас домбырашы Маусым тартып отыратын. Марғұлан салдың күйлері қазіргі күні де көп орындалып жүрген күйлер қатарында.

Қой құмалағынан шапан жасатқан салдың бірі – атақты Төлебай сал. Бұл айтылатын киім де тек жұртқа ерекше көріну үшін қолданған салдар істеген әдістер. Махаббат пен ойын-сауық жолына түскен салдар, сал болу үшін дүниесін аямаған, бар малын әдемі киімге, тұлпар атқа, сәулетті ер тоқымға, қыз-келіншекке тартуға арнаған. Төлебай салдың көптеген шығармалары бүгінгі күнге дейін жетпеген, анықталмаған. 

Жайық бойындағы халыққа мәлім серінің бірі – Сейтек Оразалиев (1861-1933 жылдары өмір сүрген). Ол Бөкей Ордасында Сірәжін ауылында туып өскен. Орта бойлы, қоңыр өңді, шашы көмірдей қара, көзі оттай жанған қаракөз, кең маңдайлы кісі болатын. Оның күйлерін бергі кезге дейін жеткізген – досы Науша Бөкейханов. Сейтек күйді бір ғана хан базарына барып жүріп үйренген. Көбінесе Астрахань түбіндегі түркімен күйшілерінен тыңдап жүріп үйренген. Революциядан кейін шығарған «Еркіндік» күйінде халықтың еркіндік алғанына қатты қуанады. Атақты күйші Сейтек 1923 жылы Мәскеудің ауыл шарушылық көрмесінде болып, қазақ қоймасында әр алуан күйлер тартқан. Бұл деректер А.Жұбановтың 2002 жылы жарық көрген «Ғасырлар пернесі» кітабында келтірілген. Халық арасында Сейтек Оразалиевтің туған жылы туралы да әртүрлі жаңсақ пікірлер кездеседі екен. Зерттеу жұмысы барысында сұхбаттар мен сауалнамалар нәтижесінде сондай жаңсақ пікірлердің етек алып отырғандығына көзіміз жетті.

Маңғыстауда да талай атақты күйшілер болған, солардың ішінде ең ардақты күйші – Өскенбай Қалмамбетұлы (1860-1925 жылдары өмір сүрген). Ол Жетібай қыстағында дүниеге келген. Әкесі Қалмамбет өнерімен жұрттан асқан аса қадірлі кісі болған. Өскенбай соның жұрт сүйген баласы. Құсбегі, мерген, ат сейіс, зергер болған кісі. Күйді Дәулеталы деген қарт күйшіден тыңдап, үйренуге соған барып жүреді. Шығарған күйлері Ақан серінің «Құлагері» сияқты аяулы атына арналған күйі «Жирен жорға», атақты күйі – «Ақ желең». Өскенбай салдың бұл күйлерін қазіргі таңда да орындаушылар баршылық.

Дәурен Құдабайұлы да айтулы сал болған кісі. Салдық құрып жүріп, жас күнінде шапырашты елінің сұлу қызына бәйек болып, оны алады. Бірақ, қызға үйленгеннен кейін ол қыз дүниеден ерте кетеді. Сөйтіп алған келіншегі қайтыс болса да, жас жігіт Дәурен сал одан кейін әйел алмауды өзіне ант етіп қояды. Бұл махаббат жолын қуған салдардың бір өзгеше қасиеті еді. Дәурен сал Іле өзенінен өткенде оның алып жүрген жібегінің ұзындығы сонша, оның бір ұшы судың арғы қабағында шұбатылып жататын болған екен. Көптеген күйлерін өзінің марқұм болған жарына арнап шығарады.

Ұлы жүзден шыққан белгілі салдың бірі – Байсерке Құлышұлы (1841-1906 жылдары өмір сүрген). Әкесі Құлыш етікші болған. Баласы Байсерке шымыр мықты болып, жеті жасынан домбыра тартып үйренеді. Кейін үлкейіп, салдық өмірге ауысқанда көптеген күйлер шығарады. Соның бірі «Ат ойыны» – атты алдына қойып күй тартуы, оны биге үйретуі туралы. «Жетпіс бұтақ» Алатаудың жемістері туралы күй. 1890 жылы Жетісуда үлкен жұт болып ел қатты күйзеледі. Сол кезде халыққа қиыншылықты ұмыттырып, өзінің күйлерімен халықтың көңілін көтеріп жүретін болған.

Баянауыл әншілерімен қатар шыққан аяулы серінің бірі – Естай Беркімбайұлы (1874-1940 жылдары өмір сүрген). Шідерті өзенінің аяқ кезінде ескі Ақкөл болысында туып өскен. Қызыл шырайлы, көзі шегірлеу келген үлкен, отырысы, жүрісі серілердің әдетіндей сыпайы, байсалды, өзі саңлақ кісі болыпты. Ән айтқанда өте салтанатты бейнемен, саспай толқынды шалықтаумен келтіретін. Ән айтудың алдында өзіне біраз рух беріп, шарықтай бастайды. Жан күйі толық кемеліне келгенде әдемі дауыспен шалқыта бастайды. Естай өзінің әншілік өнерін бір ғана Жарылғапбердінің қоңырлатып көтеруінен алған. Жарылғапбердіні ол шын мағынасында «әннің ардагері» деп түсінген, оның әніне аса қызыққан. Тамылжытып әдемі қоңыр үнмен шалқыта романтика түрінде айтуы Ақан серіге де өте ұқсас. Естай сал туралы мәліметтердің көбісінде оның Ақан серіге еліктегені туралы көптеген мәліметтер жазылған.

Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрге сай өнердің даму сатысында хас таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше дарындылығы өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың әрқайсысы халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана қойған жоқ, әлеуметтік тұрғыда ой қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді. Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу – ғасырдан ғасырға жеткен сал-серілер өнернамасының негізі болмақ. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында сал-серілік дәстүрі былайша сипатталады:

«Сал – серілік дәстүрі бірте-бірте ұмтылып, халық жадында тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға ғана байланысты сақталып отыр. Сал және серінің айырмашылығын тап басып, ажырату үшін де этнографиялық айғақтарды ашып көрсеткен орынды... Серілер таза, әдемі киіну, кербез паңдық мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық, сақылық, білімдарлық қасиеттерімен айналасына өнеге шашатыны, тек өнер жолына беріліп, сауық құрып, аңшылық саясатшылықпен айналысып жүрген. Сал-серілердің топтасып жүріп, ауыл-ауылды аралаған сәтте тұтас ансамбльді елестетеді... Серілер бірдей ат мінуі, бірдей киім киюі, салдардың елден ерек, алабажақ киімі, басындағы үкісі де көшпелі дала артистеріндей әсер қалдырған. Салдардың ауыл сыртына келіп құлауы, қыздардың көтеріп кетуінің белгілі дәрежеде эстетикалық мәні болды, халықтық драма өнеріндегі ойын-сауықтың қызметін атқарған...».

Сал-серілер шығармашылығын зерттей келе көптеген мәліметтер белгілі болды. Мысалы, мақаланы жазу барысында әнші ақындар шығармашылығына талдау жасау арқылы олардың сөз қолданыстары сараланып, барлық әнші ақындардың шығармаларында құс аттарының көптеп кездесетіндігі анықталды. Оның ішінде аққу, лашын, бүркіт сияқты құстардың аттары ерекше аталғандығын байқауға болады. Сал-серілік дәстүр өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз сүйіспеншілігінен, ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше сөздік қоры бай қазақ тілінің көркемдігінен бастау алып, «сал» мен «сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек. Адам мен қоғам арасындағы тарихи сабақтастық өткен дәуірден сыр шертеді, адам баласының сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді.


Люда ПОШАЕВА,
Ахмет Байтұрсынұлы
атындағы ЖББ мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.