«Тәрбие тал бесіктен» демекші, қазақ халқынының маңдайына біткен дара тұлға Абайдың ой-толғамдарын баланың бойына жастайынан дәріптеу маңызды. Олардың ішіндегі ең негізгісі – Абайдың «Толық адам» ілімі.
Өз өлеңдерінде: «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз», «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деген Абай ойлары хәкімнің ғылым-білімге үлкен мағына бергенін дәлелдейді. Абай Құнанбайұлы адамзат білім болғанда ғана жарыққа, биікке жетеді, дамиды деп түсінді. Осы ойларының мәнін аша түсу үшін қарама-қарсы мағынада надандық, білімсіздік, қараңғылықты кінәлады. Білімді тереңдету үшін Абай «мұлахаза» және «мұхафаза» концептуалды ұғымдарына жүгінді, терең ойға салып, ғылыми ізденістер жасады. Хәкімнің осы ізденістерінен «Толық адам» ілімі туды.
Ол Конфуцийдің мораль философиясын меңгерген сияқты немесе Абай ізденіс ілімі соған алып келгендей. «Кімде-кім осы жолмен жүруді өзіне шарт қылып, қадам басса, сол толық адам делінеді», – деп, «Толық адам» бойындағы қасиеттердің ең негізгісі етіп – ізгілікті алға тартты. Бұл жерде Абай «Құтты білік» дастанындағы жәуанмәртлікті адамгершілік негіздері ретінде пайдаланып, «толық адам» концепциясына этикалық бағыт ретінде кіргізеді. Оның негізіне: ғылым, рақым, ғадәлет ерекшеліктерін алады. Осы үшеуінің басын қосып, ізденіп, толық игерген адам ғана «толық адам» қатарына қосылуы мүмкіндігін айтады хәкім.
Бізге де кейде сол Еуропа кеңесшілерінің арқасында дүниенің көрінген сырына, қоғамның заттық әлеміне басымдылық беріп, мұнай-газымызды, жерасты байлығын тезірек алсақ, шетелге сатып байысақ деп жүргендер де аз емес. Ойлағанын жасап та үлгерді, байларымыз да жетеді. Өкінішке қарай егемендік алған 30 жыл ішінде біз Абайдың ой-өркениетін мұқият зерделегенде баяғыда-ақ жүйені басқа арнаға салып, шетел үстемдігінде кетпес едік. Қазып жіберсек, бұл жерде кешірілмейтін қателіктер көп. Әттең, қайран Абай ерте туыпсың... Ашығын айтқанда, біз еліктеп келген жаhандық дамудың қазіргі материалистик моделі тиімсіз екенін мойындау керек.
Миллиардтаған адамға эндемиялық кедейшілік жағдайында өмір сүруге жағдай жасап отырмыз. Алға жылжуға жаңа жол табу керек. Сондықтан жүйелік тәсілді қарастыра отырып, мәселелердің шешімінің ойға қонымды жауабын іздеген дұрыс. Олардың ішінде, бастысы – дүниетануға гуманистік пәрмен беру, дүниенің көрінбеген сырын, рухани-ізгілік бағыттары, қадамдары мен сананы ояту идеяларын тудыру керек. Қазір ХХI ғасырда адами ақыл-күй мен рухқа сенетін уақыт келді, әйтпесе, өте қауіпті апатқа душар болуымыз мүмкін. Мәселе, қоғамның адамгершілік тұрғыдан бүліну қаупі жөнінде болып отыр.
«Толық адам» қандай?
Адамзаттың дамуын Шығысқа бұрып, оны заттық жүйеден рухани, қоғамды ізгілендіру рельсіне түсірген жағдайда, әлем тыныштанады, тұрақты дамиды. «Осылардың бәрін қалай іске асыру керек?», – дегенде, Абайдың «Толық адам» іліміне қайта ораламыз. Сонда заңды сұрақ тууы мүмкін: «Толық адам деген кім өзі? Оның үлгісі біздің арамызда бар ма? Өзі кімнен өнеге-өсиет алып, кімге қарап бой мен ой түзей аламыз?», т.б. Әрине бар.
Дәл қазіргі уақытқа келсек, мен Абайдың «толық адам» үлгісі деп, кеше ғана өмірден өткен академик, заңғар тұлға Салық Зиманов пен заты неміс болса да, ділі қазақ, халық жазушысы Герольд Бельгерді, академиктер Тұрсынбек Кәкішевті, Мекемтас Мырзахметовті айтар едім. Үшеуінің де өміріне, істеген істеріне үңілсең, «елім» деп, «егемендігім» деп, тіршілігінде тек шындықты айтып шырылдап, білікті ұсыныс-идеяларды айтып та, жазып та кетті. Ал М.Мырзахметов солардың идеясын жалғастыруда. Қазақ халқын қалай ізгілендіремін деп өмірлері күреспен өтті. Олар басқаға жақпаса да халыққа жақты, елдің сүйіктісі болды. Міне, Абайдың «толық адам» аманатын орындаған деп осы тұлғаларды айтуға болар еді. Жастар осы тұлғалардың еңбектерін оқып, өнеге алса екен.
Меніңше, адам «толық адам» болғанда ғана қоғамға шын пайдасын тигізеді. Адам өз мақсатына адал болғанда ғана ақыл-ойы ешнәрсеге тәуелді һәм қолы байлаулы болмайды. Тек тәуелсіз ой ғана кемел істерге байсайтыны хақ. Толық адамға биліктің де, байлықтың да керегі жоқ. Дүниенің қызықтарын, нәпсіні, басқаны ұмытып, тек еліне, халқына қызмет етуді ойлайды, ел игілігі жолында барын салады. Оның бойы рухани тазарған кезде алтыншы сезімі ашылуы мүмкін, сол кезде өзі ойламаған мүмкіндіктерге қол жеткізуі неғайбыл.
Абай ілімі бойынша оқу
Абайдың «толық адам» ілімін шығыстық рухани даму жүйесімен ұштастырып, осыларды дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен жүйелі түрде синтез жасап, жандандыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бізге материя мен сананы, рухты бір жүйе ретінде қарастыратын жаңа идеялар керек. Бұл біздің батыстық жүйеден басымды айырмашылығымыз болмақ. Ол деген: Ұлы Жібек жолын жандандыру, Түркістанды қайта жаңғырту, рухты ояту, үлкен экономикалық белдер жасау, рухани, логистикалық жобалар ұсыну, т.б. Ең маңыздысы – адам, оның ішкі әлемі, әр отбасы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүрді жаңғырту. Себебі, жаңа постиндустриалды өркениетте бірінші кезекке адам факторы мен рухани сана қойылуы керек.
Бұл дегеніміз – Абайға жүгіну. Осы орайда, бір ұсыныс айтқым келеді. Біздің мемлекетімізде ғалымдардың қатысуымен «Хәкім Абайдың «толық адам» ілімінің жол картасын» жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Осыны игерген адам барлық қызметке алыну керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, цивилизацияға жаңаша бет бұрамыз. Абай армандаған заман енді туады. Әлі көп кешікпей дүниежүзі Абайды Конфуций мен Нострадамустай оқитын болады. Абайдың феноменін сонда ғана адамзат түсінетін болады.
Бүгінгі ұрпақтың парызы
Абайды оқу, тану, ой-толғамдарына тереңірек үңілу, маржанын теру – ойшылдың ой өркениетіне мойын бұру болып табылады. Сонда ғана рухани биіктікке қолымыз жетпек, сонда ғана жаңа өркениет есігінен «толық адам» болып аттай аламыз. Қазақтың тербеліп өсер бесігі – шетел насихатшылары емес, ол ұлы Абайдың шығармалары, қара сөздері, шығыс философиясы.
Кемеңгер Абай Шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік тұлға. Хәкімді өзінің осы лайықты биігіне көтеру – біздің парызымыз. Абай ілімі бізге математиканың көбейту кестесін білу сияқты, «стандарт» болып қалса, қоғамның алға жылжуына үлкен әсері болары сөзсіз. Әрбір адам: «Мен ішкі жан дүниемнің жұмағына қалай кіремін? Осы өмірде кіре алам ба?», – деген суалды өз-өзіне қойып, соны Абай ілімі арқылы шешуге тырысуы керек. Ұлы Абайдың «толық адам ілімін» игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді.
Кенжегүл СЕЙДАХМЕТОВА,
Ә.Боранбаев ат. ЖББОМ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Амангелді ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.