Халқымыздың жаңа сапалық болмысын қалыптастыруда педагогтердің, оның ішінде нағыз ұстаздардың еңбегі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында».
Мұғалім мәртебесінің биіктігін әйгілі педагог Шалва Амонашвили: «Мемлекеттің болашағын қалыптастырудағы басты рөл – ұстаздың еншісінде», – деген сөзімен де айқындап кеткен. Өзіне жүктелген осы басты рөлді мінсіз атқарып жүрген нағыз ұстаз еңбегі бүгінгідей ашық қоғамда, халық үнін еститін мемлекетте қаншалықты еленіп, әділ бағаланып жүр? Жарты ғасырдан астам уақыт бойы білім беру саласында қызмет еткен маман ретінде жинақтаған тәжірибем жеткілікті, сондықтан көңілге түйіп, назар аударуды қажет ететін осы мәселеге арнайы тоқталып, өз ой-пікірімді тарқатып жазуды жөн көрдім.
Марапат мәселесіне қоғам қай кезде де бейжай қарамаған. Бәлкім, оқығандар білетін болар, жазушы Бекежан Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» атты кітабында бұл тақырыпты айналып өтпейді. Сонымен қатар ақын А.Бақтыгерееваның «Атақ-даңқ кейде лайықсызға қонады» деген сөзі де аталмыш мәселеге назар аударудың қажеттігін меңзеп тұрғандай. Ақұштап ақынның осы сөзін тақырып етіп алған көлемді мақалам бірер жыл бұрын облыстық газетте жарық көрген-тін. Оған түрткі болған – есімі облыс түгіл, қалаға беймәлім мұғалімнің тиісті министрлік тарапынан берілетін ең жоғары марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болуы еді.
Сол мектепте жұмыс істейтін әріптесінің осыған қатысты: «Мы сами удивились, за что ей присвоили такое звание», – деген сөзі де қолыма қалам алуымды тездетті. Неге десеңіз, орынсыз берілген марапат нағыз ұстаздарды жайбарақат қалдырмайды, оларды екіұдай жағдайға түсіреді, әділдікке сенімсіздік тудырады. Ал осыған қатысты шындықты айтқан адам басшы тарапынан «қызғанды», «атаққұмар», «марапатқа өзі ие болғысы келді» дегендей сөздерге ілігеді. Солай болды да. Кейін аталмыш мәселеге қатысты облыс әкіміне, Мемлекет басшысына да жаздым. Алайда неден үріккенін түсінбедім, басшымыз маған кінә тағып, қудалағанын несіне жасырайын.
Ол мақаланы жазбас бұрын, осы тақырыпқа қатысты жазылған дүниелерді оқып, жан-жақты зерделедім. Келтіретін деректердің шынайылығына көз жеткізу үшін, марапатталған мұғалімнің директорына кіріп, өз аузынан естуді жөн санадым. Сөздің шыны керек, газеттерде жазғандай, «ерекше еңбегіне» көз жеткізгім келді. Менің сауалыма директордың берген жауабы: «У нее прекрасные уроки. Она – педагог-мастер», – деген сөзі ғана болды. Сабағын жақсы жүргізетін, педагог-шебер санатындағы ұстаз әр мектепте бар, сонда солардың бәрін бірдей еңбек сіңірген деңгейіне көтере беруіміз қажет пе?! Араға екі жыл салып, дәл осы мұғалімге «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі берілді. Қанша марапат алса да, ол ретімен, белгілі бір тәртіппен берілуі тиіс емес пе. Марапаттау тәртібінің жөнсіздігін білім беру саласындағы тәжірибесі мол, қала, облыс көлеміне танымал әріптестерім де мақұлдады. Нағыз ұстазды дөп басып танып, оны лайықты бағалаудың тетігі жоқ екеніне қынжылды. Бұл істе «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейтін ұлт даналығына жүгінбейтініміз өкінішті-ақ!
Білім саласында қырық-елу жыл табан аудармай жұмыс істеген жандардың қай-қайсысы да «еңбегім сіңді» деп айтары хақ. Дегенмен бұл бәріне бірдей мемлекеттің ең жоғары марапатын бере беру керек дегенді білдірмесе керек. Осы тұста «Әрбір ұстаз үшін ең жоғары марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы – кімге беріледі?» деген заңды сұрақ туындайды. Ұжымында әбден мойындалған, еңбегінің ерен екеніне ешкім күмән келтірмейтін, ортасынан тысқары жерлерде де қадір-құрметке бөленген нағыз майталман маманның ішікпей, керісінше, есімі өз мекеніне де беймәлім кейбір педагогтердің осындай биік атаққа қол жеткізіп жататыны ойландырады. Себебі әділетті, ашық қоғамда, «халық үнін еститін мемлекетте» мінсіз еңбектеніп жүрген немесе еңбектенген маманға берілер баға да мейлінше әділ болғаны абзал. Ең жоғары марапатқа ұсыну үшін ұжым әкімшілігі тарапынан көре білетін көз, түйсіне білетін түйсік, әділ бағалауға бара алатын жүрек керек. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, әйтсе де еңбегі лайықты бағасын ала алмаған әріптестерімнің арасында жаманатты болудан, «атаққұмар» деген сөзге ілігуден үркіп, пікірін ашық айтудан тайсақтайтыны да жоқ емес.
Шын мәнісінде, еңбек сіңірген ұстаз қандай болуы керек? Нағыз ұстаз деп кімді айтамыз? Ең алдымен, ол – өз пәнін терең меңгерген, жан-жақты білімді де білікті маман. Басты миссиясы – сабағын – үздік өткізеді әрі шәкірттерінің сапалы білім алуы үшін бар жанын салады. Білімді тәрбиемен қатар ұштастырады. Кәсіби шебер. Семинар, конференцияларда ашық сабақ, тәрбие сағаттарын, шеберлік сағаттарын өткізу де сол ұстазға жүктеледі. Көп оқиды, шығармашылық ізденісте жүреді. Мерзімді басылымдарды назардан тыс қалдырмайды және өзі де жазады. Оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Білім беру саласындағы жетістіктері мол. Конференцияларда баяндамалар жасайды. Мектептен тыс іс-шараларда белсенді. Түрлі байқаулардың жеңімпазы. Шәкірттері де түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиада жүлдегерлері. Көпшілікке танылған, қоғам мойындаған тұлға.
Өз басым кезінде Қостанай өңіріне аңыз болып танылған И.Г. Кириченко, Р.А. Вебер сынды педагогтерді бір көруге құштар болып, сырттай құрмет тұтып жүрдім. Ақыры, алғашқысымен Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейіндегі іс-шарада кездестім. Ұстаздың мықтылығын, ең алдымен, шәкірттері мен әріптестері, кейін қоғам таниды. Алайда білім беру саласында қанша еңбек сіңіріп, абырой-беделге ие болса да, лайықты бағасын ала алмай қалатыны қалай? Олай болса, ұстаз еңбегін әділ бағалау дегеніміз не? Ол қалай жүзеге асырылуы керек? Әділ баға – ол педагог еңбегін, жетістіктерінің салмағын, маңызын жан-жақты саралап, лайықты екеніне әбден көз жеткізіп, яғни «жеті рет өлшеп, бір-ақ кесіп» қабылданатын шешім. Осы орайда есімдері ел есінен өшпейтін бірер ұстаздың шын мәнісіндегі ерекше еңбегіне қысқаша шолу жасап өтелік.
Есімі аңызға айналған ұстаз Р.Нұртазина туралы жазылған мақала, айтылған пікірлер аз емес. Айталық, жазушы-публицист, қоғам қайраткері Камал Смайылов: «Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекенқызы – мұғалім атын биікке көтерген, оның даңқын қайраткер деңгейіне жеткізген ұстаз», – десе, жазушы әрі журналист Әзілхан Нұршайықов: «Р.Нұртазина орыс-украин жұртының Лев Толстойы, Ушинскийі, Макаренкосы, Сухомлинскийі, қазақтың Ыбырай Алтынсарині, Спандияр Көбейі, Құмаш Нұрғалиеві сынды аса атақты педагогтері қатарына қосылады», – деп бағалаған екен. Р.Нұртазина директор болған кездері Алматыдағы өзі басқарған №12 білім ордасын үздік мектеп қатарына жеткізді. Сол бір жылдары ЖенПИ-де оқып жүрген тобымыздың студенттері тәжірибе барысында оқытушымыздың жетекшілігімен Рафиқа апайдың сабағына қатысқанбыз. Аңыз ұстазды көріп, сабағын тамашалау – үлкен бақыт еді. Рафиқа Бекенқызы 5-сыныпта Джанни Родаридің «Чем пахнут ремесла?» өлеңін оқушыларымен бірге талқылағаны әлі есімде...
Ұстаз бағындырған белестердің кейбіріне шолу жасалық. Р.Нұртазина Қазақстан аумағында ғана емес, одан тысқары жерлердегі басқосуларға да қатысып, сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, 1986 жылы Будапештегі, 1990 жылы Мәскеудегі халықаралық конгрестерге қатысып, баяндама жасады. Ғылыми жұмыспен, шығармашылықпен айналысты. «Қазақ мектебінде орыс тілін оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру жолдары» атты ғылыми еңбегін қорғады. «Қызықты грамматика», «Говорим по-казахски» оқу-әдістемелік құралдарымен қатар «Мирастың кітабы», «Оқимын, ойлаймын, ойнаймын», «Сен білесің бе?», «Армысың, Пушкин!» және басқа да әдеби еңбектердің авторы. Әріптестерімен бірге жазған еңбектері де баршылық. Жалпы саны 250-дей ғылыми-әдістемелік еңбек, 15 кітап жазды.
Сондай еліміздің шығыс өңіріндегі білім беру саласының жарық жұлдызы – қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанипа Бітібаева еді. Мектепте сабақ өткізумен қатар ол облыс, республика, халықаралық дәрежеде бірнеше мәрте авторлық дәрістер оқыды. 41 кітап, 200-ден аса ғылыми-әдістемелік мақала жазды. Осылардың ішінде үздік педагогтің «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты оқу-әдістемелік құралдарының орны бөлек. Оларды осы пән мамандары үшін таптырмас құндылық десек, артық болмас. Тағы бір ерекше еңбегі – «Абайтану» курсын мектеп бағдарламасына тұңғыш енгізуі. Аңыз ұстаз туралы мерзімді басылым беттерінде біршама мақала жарық көрді. Олардың қатарында Сүлеймен Мәметтің «Қазақтың Қанипасы еді ғой» («ЕҚ», 08.04.2019), Думан Анаштың «Ғаламдық деңгейдегі ой иесі» («ЕҚ», 27.08.2014), Оңдасын Елубайдың «Аңыз ұстаз» («ЕҚ», 12.03.2011) және Аяулым Бауыржанқызының «Ұлт ұлылығын ұлықтаған ұстаз» («Айқын», 21.02.2013) тақырыбындағы мақалалар бар.
Мұны тізбелеп жазудың себебін оқырман аңғарып отырған болар: халық назарына ілігіп, құрметіне бөленген ұстаз туралы білгісі, жазғысы келетіндер легі қашанда толассыз. Қазақ әдебиетін оқытудан сирек талант иесі туралы академик Зәки Ахметовтің (авт. – бұл кісі менің институттағы ұстазым еді): «Қанипаның әр шәкірті Абай мен Мұхтарды терең біліп тұр. Егер еліміздегі әр ұстаз баланы Қанипадай оқытса, қазақ тілінің болашағына күмән келтіруге болмас», – деп жазғаны бар. Ұстаздық дарын еңбекқорлықпен ұштасқан Қанипа Омарғалиқызының: «Мен өмірі қызу еңбекпен өткен адамды «нағыз бақытты адам» дер едім», – деген сөзінің бүгінгі еңбек қоғамында мәні зор. Мінсіз қызметімен «ҚР еңбек сіңірген мұғалімі», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, өзі де нағыз бақытты адамға айналды. Қанипадан өзге Мемлекеттік сыйлыққа ие болған педагог бар ма екен?! Кәсібиліктің шыңына шығып, мыңдаған әріптестеріне өнеге болып қалған ұстаз есімі қашанда ел жадында.
КСРО тұсында мойындалған жаңашыл мұғалім Құмаш Нұрғалиев, тәуелсіздік жылдарында алғашқы болып «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген Аягүл Миразова (2008 жылы), бертінде (2023 жылы) «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған ардагер ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаевалардың есімдері елімізге аян. Менің жеке мұрағатымда О.Қарабалинаның «Ұстаз бақыты» кітабы мен республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары сақтаулы. Кәсібилігі терең, майталман ұстаздар туралы материалдарды жинақтап жүру, арагідік оларға қайтара үңіліп, еңбегіне тәнті болудан ерекше қуат алатын сияқтымын. Еңбегі ерен әрі ерекше ұстаздарға қандай құрмет көрсетілсе де, жарасады. Халық оларды біледі, ардақ тұтады. Әрине, есімдері аталған ұстаздарды айна-қатесіз қайталау мүмкін емес. Әрқайсысының өзіне тән кәсіби болмысы, ұстаздық жолы, айрықша жетістіктері бар.
Педагог мәртебесін көтеру жолында үздік мамандарға қатардағы әріптестерінен ерекшелейтін құрметтің жасалғанын құптаймыз. Осы орайда республикаға танымал педагог А.Т. Миразованың өтінішін Үкімет ескергені жөн деп санаймыз. Аягүл Төреқызының: «Мұғалім еңбегіне берілетін мемлекеттік деңгейдегі «Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілері және т.б. марапаттар қаржылық түрде бекітілсе деймін. Яғни жоғары марапат иелеріне деңгей-дәрежесіне қарай айлық жалақыларына қосымша ақша беріліп отырса, нұр үстіне нұр», – деп жазғаны көзі қарақты әріптестердің есінде болар («ЕҚ», 16.11.2016). Ерен еңбегімен ерекшеленген ұстаз көптің бірі болып қалмауы тиіс. Мемлекет басшысының педагогтерге қарата айтқан мына бір сөзі де көңілге демеу: «Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел қатарына қосылуына үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық».
Жоғары марапат нағыз иесін тапса, оған ие болған мамандар да, әріптестері де шын жүректен қуанады. Осы орайда педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің марапатталған сәттегі қуанышына бір мәрте көз жүгіртейік: «Елге сіңірген еңбек жақсы. Еңбекті елеген ел жақсы. Маған беріліп отырған бұл наград қазақ халқының қарапайым, кішіпейіл мұғалімдерінің өкіліне беріліп отырған наград емес пе! Бұл тек менің ғана емес, мен сияқты мыңдаған қарапайым оқытушылардың мақтаны емес пе! Мен Кремль сарайында Михаил Иванович Калининнің қолынан Ленин орденін алып, оның жылы сөзін естіп, қолын қыстым. Көзге жас іркілді. Қырық жылдық еңбектің белгісіндей, Ленин ордені омырауымда! Москвада болған бұл күндер – маған мәңгі зор әсер еткен, жаңадан мол күш-қайрат бітіріп, еңсені көтерген, аса бір күшті рух, жігер пайда қылған, өмірімдегі ұмытылмас өзгеше бір ыстық, өзгеше қуанышты, шексіз бақытты, жарқын күндерім». Ал алты жылдан кейін, 1944 жылы, С.Көбеев «ҚазССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды.
Иә, нағыз иесін тапқан мерейлі марапатқа ешкімнің де таласы жоқ. Ұлт болашағына риясыз қызмет ететін ұлағатты ұстазды дөп басып танып, шын мәнісіндегі ерекше еңбегіне еш күмәнсіз көз жеткізіп, жоғары бағалау – адамдар сенімін арттырып, әділдікке апаратын ақ жол. Бұл – Қазақстанның іргесінің бекіп, адам капиталы сапасының артып, зерделі ұлттың қалыптасуына игі ықпалын тигізері хақ.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру саласының үздігі,
Қостанай қаласы
Келешек мектепте Ыбырай қоңырауы сыңғырлады
Увлекательное развитие речи
Есть только одно средство стать культурным человеком – чтение
Место, где рождаются мечты и раскрываются таланты
Школу-гимназию им. Абая г. Аркалыка и газету «Учительская плюс» связывают годы крепкой дружбы. Педагоги школы всегда проявляют искреннее желание подписаться на издание, ведь они горят своим делом и хотят публиковать статьи, транслируя свой опыт. Газета стала для нас незаменимой диалоговой площадкой, где каждый педагог может щедро делиться своим уникальным опытом, профессиональными открытиями и мастерством. Возможность сотворчества с такой авторитетной газетой для меня бесконечно ценна.
Коллектив Айдарлинской общеобразовательной школы из года в год остаётся преданным и постоянным читателем газеты «Учительская плюс». Я глубоко убеждена, что это издание – незаменимый и важнейший ориентир для каждого современного педагога. На страницах газеты оперативно освещаются ключевые новости образования, публикуются практические статьи, ценные методические рекомендации и масса полезных материалов. Особая ценность издания для нас заключается в возможности знакомиться с передовым опытом коллег из других школ и черпать свежие, вдохновляющие идеи для собственной практики. В то же время газета даёт и нам прекрасный шанс заявить о себе: публиковать свои достижения и делиться наработками с широкой аудиторией. Именно поэтому «Учительская плюс» для меня – одно из самых важных изданий, напрямую способствующих профессиональному росту.