«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» демекші, осы бір аталы сөз қай ғасырда, қай заманда болмасын өз құнын жойған емес. Бүкіл адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан тастағы таңбалардан бастап, көптеген жазу-сызулар арқылы бізге жеткен асыл мұралар, ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда.
Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітаптардың құдіретті күшін жеке адамдар ғана емес, өркениетті мемлекеттер де жоғары бағалаған, аса маңызды саясат деп қараған. Рухани жан дүниеге демеу беріп, адамның адами қасиетін арттыратын да осы кітап.
Кітап дегеніміз не? Ол – білімнің бас құралы. Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани жан дүниені оятып, ақылшы серік болып табылатын құнды дүние. Кітап – тілсіз тәрбиеші, адамға бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін жан азығы, сырласушы досы. Ал, ең бастысы, алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Әр ұлттың, елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап болатын. Осы себепті де М.Горький: «Кітап – әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – дейді. Онда біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп. Оның құпиясын тек кітаппен дос болған адам ғана ашып, ғажабын танып-біле алады.
Абай Құнанбаевтың:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, терең білуге» – деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Сондықтан кітап оқу – адамзат ойлап тапқан ең ғажайып құбылыстардың бірі.
Оқудың денсаулыққа пайдасы
Кітап оқу – әр адам үшін қажет нәрсе, кітап оқу – алғыр ойлауға баулып, албырт сезімді тежеуге, ішкі барлық ойлау және сезіну қабілеттерді қалыптастыратын сезім тәрізді ми гимнастикасы болып табылады. Сонымен қатар ғалымдардың айтуынша, кітап оқу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы. Медицина ілімінде үлкен мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді. Ғалымдар кітап оқу, сурет, музыка, жазушылық секілді ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың жүйке жүйесінің басқа адамдардан әлдеқайда тез дамитынын және қартайған кезде де жүйке-жүйенің шаршауы, әлсіреуі және үлкен мидың қартаюы болмайтынын дәлелдеді.
Барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды жаттықтырудың ең тамаша тәсілі – кітап оқу. Кітап оқудың жүйке жүйесін шынықтыру, дене-бітімді күшейту, түрлі аурулардың алдын алуда маңызы зор. «Кітап оқу – адам миы үшін айрықша жаттығу. Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады. Бұл адамның физикалық және психикалық күйі жақсарады», – дейді профессор Джон Стейн. Кітап оқуға жұмсалған алты минут уақыттың ішінде адамның күйзеліс деңгейі төрттен екіге төмендейді екен.
Заманға сай жаңашылдық
ХХІ ғасыр – компьютер заманы. Заман өзгерген сайын, құралдар да түрліше күйге еніп келеді. Қазіргі заманды компьютер, планшет, смартфонсыз елестету мүмкін емес. Ал енді ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамыған уақытында компьютерсіз, ұялы телефонсыз, Pad-сыз елестесу қиын болса, бүгінгі тіршілікті ғаламторсыз елестету тіптен де мүмкін емес. Ғаламтордың арқасында қазіргі ел орталығы мен шет аймақтар арасына алшақтық жойыла түсуде. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» (Ы.Алтынсарин) да ғылыми-танымдық ізденістеріңізге көмекші болатын да осы – ғаламтор.
Ғаламтор – ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат мен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады. Бұл жағынан интернет адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді. Ғаламтор – қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналған дүние. Алыста жүрген ата-анаңмен де, туған-туыстарыңмен де емін-еркін байланыс ұстайсың, сөйлесесіз, хабарласасың. Тіпті, адамдардың қолы жетпейтін жерге осы ғаламтордың қолы тиіп тұр. Көрісе алмаған адамыңмен ғаламтор арқылы байланыс орнатасың. Ғаламдық желі, сөзсіз, адамның білімін жетілдіруге көмектесетін құрал.
Бұрын қалың-қалың кітаптарды қолға алып, парақтап тұрып оқысақ, қазір электронды кітаптан (e-book reader) оқудың мүмкіндігі бар. Яғни қалаған кітабыңды интернет арқылы сатып (тегіндері де бар) алып, смартфон (түрлі гаджеттер) арқылы оқисың.
Қазіргі қапылыс заманымызда кітап оқитын оқырмандарымыз бар ма екен деген оймен Қостанай автомобиль көлігі колледжі студенттері мен колледж оқытушыларына «Сіз кітап оқуды қалайсыз ба, қаласаңыз қандай түрімен (қағаз нұсқа, электронды нұсқа) оқу сізге ыңғайлы?» деген тақырыпта сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде кітап оқитын студенттер саны 1-курс арасында аз екенін байқадым, дегенмен оқитын студенттеріміз де аз емес. Олар көбіне фантастика жанрына, болашақ өмір жайында, яғни футурологияға қтысты қызықты кітаптар оқитынын айтты. Сондай-ақ олар үшін кітап оқу электронды жолмен, яғни смартфон арқылы тез әрі ыңғайлы екені анықталды.
Оқытушылар арасында, керісінше, оқырмандар көп екенін байқадым. Кітап оқудың түрін қалауда оқытушылар пікірі екі жаққа бөлінді, біріне қағаз түрінде оқу ыңғайлы, өйткені кітап мазмұнын жан-тәнімен сезінеді, қолымен ұстап сезеді дегендей, ал екінші біреулері электронды кітапты оқу кез келген жерде қолайлы екенін және оны тез табуға болатындығын алға тартып, әлдеқайда арзанға шығатынын да атап өтті.
Бұл ойымды түйіндеу мақсатында колледж кітапханасына бардым. Онда колледж кітапханашысы Бойко Любовь Владимировна бізге оқырмандардың картотекаларын көрсетіп, көркем әдебиет шығармадағы кітап оқитын студент оқырмандардың аз екенін, көбіне оқырмандар өз мамандықтары бойынша кітап алатын айтты. Оған себеп – «ғаламтор» екендігін айтып қынжылды. Тұжырым бойынша қағаз кітаптың орнын қазір электронды кітап басып келе жатқанын байқадым. Оның тиімділігі де мол болып тұр. Электронды кітап қағаз кітапқа қарағанда анағұрлым жеңіл, көлемі де шағын. Смартфонға жүздеген кітапты сыйғызуға болады. Сөйтіп, қалаған кітабыңызды смартфоннан әп-сәтте тауып аласыз. Ал смартфонды демалыс кезінде де, көлікте отырған кезде де оқи беруге болады. Тоқтаған жерден әрі қарай жалғастыру да оңай. Соңғы кездері электронды кітаптар «E-link» немесе «SiPix» секілді технологиялар арқылы шығарылуда. Осы арқылы кітабыңызды қалаған фонға, шрифтке ауыстыруға болады. Электронды кітаптардың бағасы да анағұрлым арзан. Кітап бағасының арзан болғаны оқырмандар үшін тиімді.
Электронды оқулыққа көзқарас
Электронды кітап тез дайындалады, бағасы да арзан болады. Қазір әлемде кітаптың электронды нұсқасы өтімді болып жатыр. Экологияға пайдасы көп.Әсіресе, мұның тиімділігін жас оқырмандар көріп отыр. Сондай оқырман оқытушының бірі Юлия Васильевна Лучина былай дейді: «Бастапқыда электронды кітапты парақтап, қызық жерін белгілеп, иісін сезініп оқымағасын, әсерсіз болатындай көрінген. Кейін көзім үйренді, санам қабылдай бастады. Кәдімгі кітапқа қарағанда электронды кітапты тез оқитынын білдім. Алыс жолға шыққанда да екі-үш кітапты арқалап жүрмейсің. Кішкентай құрылғының ішінен әр жанрдағы жүздеген кітапты табуға болады». Осындай пікірді студенттер арасынан да жиі естиміз.
Қазір көптеген қазақ қаламгерлерінің электронды кітаптары жинақталған. Жүктеп ал да, оқи бер. Одан бөлек «WikiBilim» Қоғамдық қорының «kitap.kz» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар «Activ» компаниясының іске қосқан «Bookmate» жобасын да атап өтсек ләзім. Жастар жағы осындай жобаларды жақсы біледі. Дегенмен, орта жастағы «e-book» оқырмандары әлі де болса аз. Әдебиет өкілдері мен баспалар да бұл жағынан екіге жарылып отыр. Бірі – кітаптарының «e-book» арқылы оқылуына мүдделі болса, екіншілері түбегейлі қарсы. Иә, біздің колледж оқытушыларының пікірлері де екі жаққа бөлінді: бірі – қағаз кітабының соншалықты тиімді, сезімді, кітап оқиғасы ішінде бірге сезініп жүретінін айтса, екінші біреулері – электронды кітаптың тез жалғасын таба алатынын және әлдеқайда арзан екенін айтып түсіндіруде.
Адам ыңғайлы және практикалық нәрсеге тез үйренеді. Электронды кітаптың болашағы зор, оның мүмкіндіктері үлкен, бірақ әлі толық ашылмаған. Халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітаптың адам өмірінде алатын орны мен маңызы туралы өзінің facebook-тегі парақшасында: «Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, біз алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды. Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады. Кітап оқуға бала кезден баулу керек», – деп жазды.
Бұл күндері ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан заманында қоғам арасында кеңінен қанат жайып кеткен ғаламтор төңірегінде және адам баласының жан азығы – ықылым заманнан адамды білімге жетелеген кітап болмақ.
«Артық білім кітапта,
Ерінбе оқып көруге», – деп ақын Абай Құнанбаев жырлағандай, ерінбей білім алуға, кітап оқуға асығайық.
Гүлмир НҰРЖАНОВА,
Қостанай автомобиль көлігі
колледжінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің оқытушысы,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.