
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып, ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жамандықтан сақтандыру», – деген. Осы ұлы мұратты ұстанған Бейімбет Майлин сынды елтұтқа тұлғалар мерзімді басылымдардың маңызын терең түсінді. Ол өзі ғана оқып қоймай, айналасындағы жұртты да газет-журналға ынталы болуға шақырды. Сондықтан тынымсыз іздену, ой көкжиегін кеңейту – кейінгі жас буынға арнаған аманатындай болды.
Қаламгерлікке бет бұрған Мәриям Хакімжановаға Би-аға: «Күнделікті газет-журналдарды көп оқы. Оларда болған өлең-әңгімелерді босқа жібермей оқы. Неғұрлым көп оқысаң, соғұрлым ойыңды тереңдетіп, тіліңді ұштайтын нағыз мектеп – солар», – деп ақыл-кеңесін айтып, көркем сөз әлеміне жетелеген. Шынында да, ел жаңалықтарынан хабардар болып, жақсысына сүйіну, ал кемшіліктерінің кетіліп, қолдан келсе, қалыпқа келуіне атсалысу, тіпті болмаса, қолдау білдіріп, тілектес болу – адами парыз. Осы орайда Шәкәрімнің: «Ойлама «газет бізге не керек» деп, газетсіз ел жаны жоқ, өлгенге есеп!», – деген жүрекжарды сөзі еріксіз еске түседі.
Күнделікті газет-журнал оқу – барлық маман иелеріне, әсіресе, мұғалім үшін ауадай қажет. Өйткені газетке құрмет – мамандығына деген құрметпен тең. Ізденуден, оқудан жалықпайтын ұстаз ғана өзгелерге бағыт-бағдар бола алады. Мәселе газет құнында емес, ұстаздың ниетінде, мамандығына деген сүйіспеншілігінде. Ал кейбір педагогтердің «газетке жазылуға мәжбүрлеп жатыр» деуі – ұстаздық миссияны шын мәнінде түсінбеудің көрінісі іспетті. Өйткені елдің көз-құлағы саналатын басылымға ықылас танытпау – бейжайлықтың белгісі емес пе?
Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, алайда қазіргі педагогтердің басым бөлігінің газет оқуға бейілсіздігі көңілге кірбің ұялатады. Осы бір ойдың жетегінде жүріп, сонау 2006 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде «Газет оқымайтын мұғалім бола ма?», ал 2017 жылы «Егемен Қазақстанда» «Өзі оқымайтын мұғалім өзгелерді оқыта алмайды» деген мақалаларым жарық көрді. Мұғалім – тек сабақ беруші емес, ол – өз кәсібінің жан-жақты ізденімпаз иесі, қоғамдық өмірге белсене араласатын тұлға. Олай болса, шәкірттеріне өнеге болуы тиіс әр педагог газет-журнал оқуды, білімін толықтырып отыруды дағдыға айналдыруы тиіс.
Педагогтер қауымы үшін оқудың маңызын кезінде ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин айтып кеткені көзі қарақты ұстаздарға мәлім. Ол ұсынылған кітаптарды мұғалімдердің өздері бастан-аяқ мұқият оқып шығуға тиістігін қатаң ескертіп отырған. Ұлы ұстаздың әрбір мектепке «Семья и школа», «Народная школа» журналдарын жаздырып алып отырғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Ыбырайды ұстаз тұтқан Спандияр Көбеев тек оқып қана қоймай, түрлі педагогикалық тақырыпқа мақалалар жариялап отырғаны оның «Орындалған арман» мемуарлық кітабынан мәлім. Аталмыш педагог-жазушының:
– Біздің заманымызда оқытушылардың өз тұсынан оқып, білімін арттыра беруіне жақсы жағдай бар. ...Газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу оқытуының ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруге мүмкіншілік береді. Оқытушы әр жақты білімі бар адам болуы керек. Қазіргі заманда білімі таяз, өз дәрісінен басқаны білмейтін тұйық оқытушы тек оқушылардың алдында ғана емес, жалпы еңбекшілердің алдында да беделді бола алмайды, – деген сөзі әр педагогке ой салса, игі дейсің.
Осы ретте, апта сайын тұрақты түрде жарық көріп отырған «Білімді ел – Образованная страна» мен «Учительская плюс» газеттерінің миссиясы да – тек жаңалық тарату емес, ұстаздың кәсіби және рухани дамуына серпін беру. Атының өзі айтып тұрғандай, бірі – республикалық, екіншісі – облыстық педагогикалық басылым. Білім саласы – мұғалім үшін ғана емес, ата-ана мен оқушы үшін де маңызды. Сондықтан аталмыш газеттердің олар үшін де бәсі басым, алар орны ерекше.
Технологиялардың қарыштап дамыған заманы болса да, қағазға басылған сөздің қадірі, әсері бөлек. Қалаған сәтте қайта оқып, ой елегінен өткізуге, қажет болса, үзіндісін түртіп алуға болады. Ең бастысы – ойың сергіп, рухани қуат, қызметіңе тың серпін қосасың. Олай болса, газет оқуды өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырайық.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру саласының үздігі