Құлақтан кіріп, бойды алар...

Выпуск - №43(540)   :   08.11.2022
671

«...Әсем ән мен тәтті күй. / Көңілге түрлі ой салар, / Әнді сүйсең менше сүй», – деп Абай Құнанбайұлы жырлағандай, музыка пәнінің мұғалімі ретінде оның адам ағзасына әсерін, маңызына тоқталып өтуді жөн көрдім. Бұл – шеті мен шегі жоқ, өзіне елітіп әкетер тақырып.

Ғалымдар музыканың тіршілікке қандай пайдасы барын анықтау үшін, бірде мынадай тәжірибе жасаған. Гүл өсірілген плантацияның бірінде үнемі жанға жайлы сазды музыка ойнап тұрған да, ал екінші бір плантациядағы гүлдер музыкасыз, әдеттегідей өсірілген. Тәжірибенің нәтижесінде ғалымдар музыка ырғағымен өскен гүлдердің жақсы болып өскенін анықтаған. Өз ұлтымыздың да музыка мен сазды әуенге байланысты көптеген аңыздары бар. Солардың бірі – ботасынан айырылып, көздерінен жас сорғалап, боздап тұрған аруанаға сырлы сыбызғымен ән ойнағанда жаңағы түйе боздағанын тыйып, бойы босаңсып, иіген екен. Міне, әннің құдіреті!

Ғажайып музыка әлемі

Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше мәні мен ырғағы болады. Алайда оны халыққа жеткізу әнші мен күйшінің орындау шеберлігіне байланысты болғандықтан, әсері де әртүрлі сезіледі. Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға дейін ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен десек ләзім. Осы келтірілген мысалдардан-ақ музыканы адам ғана емес, бүкіл табиғат ұнататынын айтып, оның бәріне қажет екеніне көзіміз анық жетеді. Зейін қойып, зер салсаңыз, табиғаттың әрбір құбылысы, әрбір суреті таңғажайып саз, музыка емес пе? Мәселен, ағаш жапырағының сыбдыры, бұлақ суының сылдырай аққаны, құстардың үні, шегірткенің шырылы, араның ызыңы, көбелектің көлбей ұшуы... Сезіне, түсіне білген адамға – бәрі әуен, бәрі музыка.

Табиғат аясында бірер сағат болудың өзі адамға бір аптаға қуат, күш-жігер беретіні сондықтан. Мысалы, жұмыстан шаршап келгенде 15-20 минут жанға жайлы жеңіл музыка тыңдасаңыз, жаныңыз сергіп сала беретінін, күш-қуат аз уақыттың өзінде қалпына оралатынын байқайсыз. Жігерлі, екпінді де шабытты музыка адамдарға жігер қосып, ерлікке бастайтыны белгілі. Мысал үшін, еліміздің мемлекеттік әнұранын алайық. Ол ойнағанда бойыңда елге деген, халқыңа деген ерекше ұлттық сезім пайда болып, сол елдің азаматы екеніңді ерекше мақтаныш тұтатындай күш пайда болады емес пе?

Сазды да сырлы музыка, әсіресе, жасөспірімдер мен жас балалар үшін қажет-ақ. Музыка олардың орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ой-өрісін жетілдіреді, рухани тұрғыда байытады, сезімталдыққа, нәзіктікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Расында да, музыка – адамды ерекше рахатқа бөлейтін ұлы күш. Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі жұмыс істейді. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде классикалық Шопен, В.Моцарт, Ф.Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де бұл үрдіс қалыптасып келеді.

Музыка мен ән-күй адам ағзасына ғана емес, жан-жануарларға, аң-құстар мен өсімдіктерге де оң немесе теріс әсер ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып, ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге тез әсер етеді. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «ультрадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністер де жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірінше, музыкалық аспаптар сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі мен қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесі күшейетінін анықтаған.

Музыка дыбысы арқылы жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны, әсіресе классикалық әуендердің жағымды әсері байқалған. Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қолға алынған. Денсаулық журналы насихаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз.

Емдік қасиетке иеклассикалық әуен

Медицинада «музыкалық фармакология» деген бөлім бар. Ұзақ зерттеулердің нәтижесінде классикалық музыканың ауыр науқастан кейін тез қалыпқа келуіне көмектесетіні дәлелденген. Ғалымдар кларнет немесе пикколо сыбызғысынан шыққан дыбыстар қан айналымын қалыпқа келтіретінін дәлелдеген. Гендель шығармалары психикалық ауытқуы бар адамдарға оң әсер етсе, болашақ аналарға Моцарт шығармаларын тыңдаған пайдалы. Тіпті, оның шығармаларының адамның ойлау қабілетін арттыратындығы да дәлелденген. Таңғаларлығы, классикалық музыка тыңдаған адамдардың барлығына, тіпті классикалық музыканы ұнатпайтындарға да жақсы ықпал еткен.

Қытай мен Грекияда музыканың емдік қасиеті ертеден белгілі болған. Ол біздің дәуірімізге музыкотерапия немесе вакалотерапия ретінде жетіп отыр. Әуеннің дыбысына, ырғағына адам ағзасы әрқалай әсер етеді. Сондықтан оны кейбір жүйке ауруларын емдеуге, олардың алдын алу мақсатында пайдаланатыны белгілі. Мысалы, әсерлі музыка қалқанша, эндокринді бездер қызметін едәуір жақсартады да, гормондар бөлінуі күшейе түседі. Музыка ас қорыту тізбегіне де жағымды әсер етеді. Оның адамға әсері қандай аспапта орындалуына байланысты. Мысалы, сыбызғы үні қан айналымына, жүрек тамырларына пайдалы әсер етсе, скрипка мен фортепиано адамның жанын жайландырып, жүйкесін тынықтырады екен. Ал, қазақтың қос шекті музыкалық аспабы қоңыр домбыраның үні, киелі қылқобыздың сырлы сазы қалайша бей-жай қалдырсын!?

Классикалық музыка қанша ғасыр өтсе де, ойлау процесін жеделдететін катализатор ретінде осы кезге дейін пайдаланылып келеді. Яғни, біз тек оның әуенін тыңдап қана қоймай, емдік қасиеттерін де пайдаланамыз. Емдеу кабинетінде немесе оқу залында ойнап тұрған классикалық музыка адамның ойлау қабілетін арттыратындығын Мэриленд және Пенсильвания Университетінде тәжірибе негізінде қорытындыланған. Неврологтар классикалық музыка ми функцияларына жағымды әсер ететініне тоқтала келе, классикалық музыканы оқу залдарында пайдалану қажеттігін айтады. Дегенмен, ми қабілетін арттыру үшін неге классикалық музыка әсер ететіндігі әлі күнге дейін жұмбақ.

Нейробиологтар, психологтар, терапевт мамандар мен физиктер Моцарт музыкасын зерттей келе, оның «сұлу» музыка ғана емес, ми жұмысын арттыратын қабілеті бар екендігін де анықтады. Моцарт шығармаларының әуендері мидың шығармашылық жұмысқа жауап беретін бөлігінің жұмысын арттырады. Альберт Эйнштейн Моцарт шығармаларын тыңдауды жақсы көрген екен. Классикалық музыка ми жұмысын жақсартып, кейбір аурулардың өтуін тездетеді. Бұл шешімге итальяндық ғалымдар келді. Олар «Вивальди эффектісі» деп аталатын феноменді ашты. Ғалымдардың айтуынша, оның танымал «Жыл мезгілдері» концерттер топтамасын күнделікті тыңдау адам миының жұмысын әлдеқайда жақсартады. Зерттеу былай өткен: 24 кісіге белгілі бір ретпен орналасқан сандарды есте сақтау ұсынылды. Осы кезде Антонио Вивальдидің музыкасын тыңдағандар сандарды еш қиындықсыз есте сақтап, қайта айта алған.

Ғылымда «Моцарт эффектісі» деп аталатын феномен бар. Кішкентай балалардың әйгілі композитор туындыларын тыңдау барысында интеллектуалды жағынан тезірек дамитыны дәлелденген. Музыканың бұндай әсері бұрын да байқалған екен. Мысалы, Чайковский музыкасын тыңдаған сиырлардың сүті көбейетіні кеңес заманында-ақ байқалыпты. Классик-композиторлар арасынан ғалымдар Моцарт, Вивальди, Бетховен, Дебюсси, Рахманиновты таңдауға кеңес береді. Әдетте ұйықтар алдында тыңдаған музыка ерекше әсерлі болады. Ғалымдарға сенсек, Вивальди музыкасы физикалық аурулар кезінде адамның сауығуын 2 есеге тездетеді. Қазірде ғалымдар осы бағытта зерттеулерін жалғастыруда. Кім біледі, мүмкін бірнеше жылдан кейін дәрінің орнына кезекті соната тыңдайтын болармыз? Классикалық музыкадан басқа қазіргі кезде қазақ халық емінде Құранмен емдеу кеңінен тараған. Бұл, әрине, бөлек зерттеуді қажет ететін тақырып.

Музыкотерапия

Халық шипагерлігінде сырқатты түріне қарай анықтаған соң, оны емдеп жазуда музыка мен ән-күйдің де көмегін пайдалану тәсілдері де ертеден қалыптасқаны белгілі. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Бұл әдісті одан әрі дамыту жолдары да бүгінде көптеген елдер мен қазақ елінде де ғалым-дәрігерлер мен шипагерлер тарапынан қолданысқа еніп, оң нәтижесін беруде. Кез келген адамның көңіл-күйін бір қалыпты ұстауына әуеннің әсері зор болғандықтан, оның психологиялық ауытқуға ұшырай бастаған жүйке жұлындарының бір қалыпқа келуіне тербелістік толқындардың тигізер емдік шипасы осы заманғы медицинада да пайдаланылуда.

Адамның психологиясы мен биоқуатының бір қалыптылығы барлық уақытта бір деңгейде бола бермейді. Қаншалықты өнерден хабарсыз, оны онша ынталы түрде жаны сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне де, ең алдымен ұлттық музыка, күй, ән бір әсер ететіні анық байқалуда. Осы зерттеулерді жүргізе отырып, мынадай тұжырымға келдім:

1. Музыкотерапияның емдемейтін ауруы жоқ, сондықтан бұл тиімді тәсілді халықты емдеуде пайдалану керек.
2. Алдағы уақытта музыканың емдік қасиеттерін денсаулығымды нығайтуда, шығармашылық жұмыс істегенде әрдайым пайдаланатын боламын және айналамдағы достарыма, сыныптастарыма ұсынамын.
3. Емдік музыка топтамасын, ойлау қабілетін арттыратын топтамаларды жинақтап, оны толықтыра беремін және қажет деп санаған адамдарға ұсынып, көмек тигіземін.

Индира МУКАШОВА,
№15 ЖББ мектебінің
музыка пәнінің мұғалімі,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.