«Өмір сүру дегеніміз – өз мүмкіндіктеріңді жүзеге асыру», – дейді Освальд Шпенглер. Дамыған елдерде мұғалімнің бәсі жоғары екені бүгінде жаңалық емес. Енді, мұғалім мамандығына деген ресми бетбұрыс Қазақстанда да жасалды.
Көпшіліктің жан-жақты талқысына түскен «Педагог мәртебесі туралы» Заңға Президентіміз қол қойып, бекіткеніне де көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл маңызды құжатқа деген халықтың ықыласы жоғары болды. Неге десеңіз, мұғалім мәртебесін көтерудің астарында ұлт мұратына жетуге деген ұмтылыс жатқанын аңғару қиын емес. Ал ұлтымыздың ұлы мұраты – Мәңгілік ел атану, өркениет көшінің алдыңғы легінен көріну. Олай болса, елдік еңселі мақсатқа жеткізетін күш – интеллектуалды ұлт, адами капиталымыз, азаматтарымыздың озық ақыл-ойы, парасаты, терең білімі мен кәсіби жоғары білігі екені баршамыздың зердемізде ұялай түссе екен демекшіміз.
Адами ресурстарымыздың әлеуетін нығайтатын кадрлардың көш басында мұғалімдер тұруы тиістігіне орай, оларға жасалатын жағдайдың жай-жапсары аталмыш заңда толықтай нақтыланып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Құқықтық құжатта қарастырлылған мүмкіндіктердің барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу-тәрбие процесін жетілдіруге септігін нигізіп, серпін береді. Заңның мазмұны, оның нені көздейтіні, жаңалықтары жайында бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте жазылып, айтылып та жатыр, оны қайталаудың қажеті болмас. Мұғалімдердің ендігі міндеті – мәртебеге сай қызмет ету. Бұл – педагогтер қауымына үлкен жауапкершілік жүктейтіні түсінікті.
Иә, ресми құжатпен бекітілген мәртебенің шын мәнінде артуы ұстаздардың өз қолында. Қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, ұлт мүддесін жоғары қоятын елжанды ұрпақ даярлау үшін, алдымен мұғалімдеріміздің өздері жаңғыру жолына түсіп, заман талабына сай әрекет етуі тиіс. Еңбекақының қомақты болғанын педагогтердің бәрі бірдей қалағанымен, баршасының санасы бір мезетте жаңғырып, өзгеріп сала бермесі де анық. Әйтсе де көп мұғалімдердің бірі болып, көш соңынан ілесіп жүре берудің уақыты өткенін мамандарымыз сезіне бастағандай. Сабақ берумен ғана шектелу, ескі сарынмен жұмыс істеу, жайбарақаттылыққа салыну секілді мамандыққа кері әсерін тигізетін қасиеттерден арылатын заман туғанын біле бастадық. Ендігі жерде еңсені тіктеп, білім беру, оқыту мазмұнын мән-маңызы ескірмейтін педагогикалық идеялармен, алдыңғы буын ұстаздардың озық тәжірибесімен үйлестіре жаңғыртып, сапаға, нәтижеге қызмет ету қажеттігі туындағанын түсіндік.
«Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді»
Сонымен, қазіргі заманға сай мәртебелі ұстаз атану үшін не істемек керек? Мәртебеге лайық болудың бастапқы жолы – ұлылар ұлағатын ескеру. Өнегесіз өсу жоқ.Әр саланың өз тұлғалары болады. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», – деп хәкім Абай айтқандай, тарихымызда тағылымынан нәр алар ұлы ұстаздарымыз болған, қазір де баршылық. Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс», – деген сөздері құндылық атаулының халық қазынасы ретінде мәңгілік жасай бермегін меңзейді. Ұлылардың ұлағатты сөздері – құндылық атаулының атасы. Олар мәңгі ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын, керісінше, уақыт озған сайын салмақтана, өзектене түсетін құндылықтар қатарында қала бермек. Тап қазіргідей жаңғыру заманында ғұмыр кешпесе де, өнегесі ғасырлармен бірге өрлей беретін әрідегі Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, С.Көбеев, берідегі Қ.Нұрғалиев, Р.Нұртазина, Қ.Бітібаева сынды танымал тұлғалардың ұстаздық әлеміне жиірек үңіліп, әркез ой түйіп, нәтижелі қарекет жасап отырар болсақ, кәсіби тұрғыдан ұтарымыз аз болмасы анық. Есімдері аталған алыптарымыз мұғалімді қадір тұтқан, жақсы мұғалім болуға үндеген. Олай болса, алдымен олардың осыған қатысты афоризмге айналған пайымдарын ескерудің өзі неге тұратынын айтқымыз келеді. Бұлардың қай-қайсысы да қазіргі маманға ой саларлық, маңызды пікірлер. Айталық, ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – десе, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов: «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді», – деген пікірде болған. Педагог-жазушы С.Көбеев болса, тәрбиеші ретіндегі мұғалімнің жеке басын жасөспірімдерге педагогикалық әсер ететін маңызды фактор санаған.
Халық ықыласына бөленіп, қаламгерлер назарына бірнеше мәрте іліккен айрықша ардақты педагогтеріміз де озық ойлы, кәсіби шебер педагогті жоғары бағалаған. Мәселен, «Біз сізбен мақтанамыз, асыл ұстаз, \ Есімі аңыз болған, өлең болған», – деп ақиық ақын Ғ.Қайырбеков жырға қосқан Р.Б. Нұртазина өз кезеңінің лидері болды. Мектеп басқарды. Білім ордасының мерейін асыратын талантты мұғалімдер екенін ол, ҚазССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері, былайша аңғартты: «Менің ойымша, бір мектепте 100 мұғалім болғанда, оның 10-ы ерекше жақсы жұмыс істесе, ол мектеп – өте жақсы мектеп». Рафиқа апай осы сөздерімен кез келген мектептің – кәсіби шебер мұғалімдерімен ғана мерейлі екенін айтқысы келді. Келтірілген пікірлерді қазіргі талаптармен үйлестірер болсақ, ойымыз мынаған саяды: білім ордасының абыройын асыратын – жақсы мұғалімдер, олардың қатары мол болса, адами капиталымыздың сапалық деңгейі де биікке өрлейді. Олай болса, қазіргі заман талабына сай берері, тигізер пайдасы, сапалық нәтижесі мол, шапағаты шаш етектен үздік педагогтер қатарын қалыңдатуымыз қажет.
Ұлағатты ұстаздар тағылымы
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның діттегені де мамандықтың мәртебесін көтере отырып, мұғалімдерге қойылатын талаптардың да күшейтілетінін білдіру, мүмкіндіктерін кеңейту арқылы ұлт алдындағы жауапкершілікті сезіндіру, өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі жүзеге асыруға, шығармашылыққа ден қоюға ұмтылдыру. Шығармашылық демекші, бұл ретте де өнеге тұтар өрен тұлғаларымыз баршылық. Аты аңызға айналған Қанипа Бітібаева ұстаздық қызметінде осы қырымен танылғаны белгілі. Ол қос алып – Абай мен Әуезовті – оқытудың тұңғыш әдістемесін жасады. Талантты педагог өзге де оқу құралдарында шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтетін тәжірибелік жұмыстарға басымдық берді. Жобалау, модель жасау, оқушыларды өз бетінше жаңа өнім жасауға бағыттау ұстаз технологиясының ең негізгі алтын діңгегіне айналды. Бұлардың бәрі қазіргі заман талаптарымен үндеспейді дейтін мұғалім табылар ма екен бүгінде?! Жоқ, әрине. Олай болса, жақсы мұғалім болуға дем беретін «Қазақтың Қанипасы» (авторлары – К.Құдайбергенова, С.Әбішқызы) атты кітап әрбір білім ордасы кітапханасынан, тіпті әр оқытушының тартпасынан табылар құндылық ретінде қастерленер болса, кәнеки. Педагогикалық оқу орындарында болашақ мұғалімдер арасында жиі насихатталуы тиіс осындай аяулы ұстаздар тағылымы мың жылдық кәсіби азық десек, қателеспеспіз. Сөз ретіне орай айта кетейін, мен бұл кітапты Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан таба алмай, елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханадан көріп, тап сол жерде тұтас көшірмесін жасатып алған едім. Иә, болмысы бөлек ұстаз ұлағаты жақсы болмаққа ұмтылған әр маманға ой салып, қанаттандырары сөзсіз.
Жақсы мұғалім дәрежесіне жетуде білім ордасы басшысының атқаратын рөлінің де маңызды екенін айтып өткен ләзім. А.Миразова алдыңғы толқын өкілі Р.Нұртазина секілді мектеп басқарып, жақсы ұжым қалыптастыра білді. Ұстаздар арасында ең жоғары марапат иесі – Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Ол туралы өзі де ұлағатты ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәмша Беркімбаеваның: «Аягүл Төреқызының табыстарының бірі – білікті, ізденімпаз, еңбекқор, педагогикалық мәдениеті жоғары ұстаздар ұжымын қалыптастыруы. Негізгі бапкер – Аягүл Төреқызы – кәсіби дайындықты ерекше назарда ұстайды», – деп жазғаны бар. Осыған орай Еңбек Ерінің өзінің: «...Әрбір мұғалімнің педагогикалық қабілетінің мейлінше ашылуына және өз мүмкіндігін шығармашылықпен іске қолдана білуіне жағдай жасауды бірінші міндетім деп түсінемін», – деуінің астарында тамаша тағылым жатыр емес пе?! Бұл – әрбір білім ордасының басшысы қаперінде ұстап, жүзеге асыруы қажеттігін меңзейтін парасатты пайым. «Білім саласындағы ең күрделі буын – мектеп. Аягүл Төреқызы – дүниежүзілік тәжірибеде бар дәстүрлі басқарудан көшбасшылық деңгейге көтерілген тұлға. Яғни мұндай басшының шығармашылық зертханасымен танысу жас мамандарға қажет-ақ», – деп Шәмша Көпбайқызы тағы да білікті басшының өнегесін алға тартады. Шынында да, бұл – өзге басшыларға ой салатын тиімді кеңес, мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан өсуін міндеттейтін тамаша тәлім екенінде дау жоқ. Мұғалімдер қауымының санасына қозғау салар осындай ұлағатты сөздерге ден қойып, кәсіби шыңдалу жолында ұтқырлық танытсақ, ұлт алдындағы ұлы мақсаттың да жүзеге асары хақ.
«Өмір бойы оқып-үйрену» қағидасын басшылыққа алу – жетістік кепілі
Мұғалім жан-жақты білімді болуы үшін, көп оқып, көп ізденуі керек. Ұлы орыс педагогі К.Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ол оқуын, ізденуін тоқтатуымен бірге мұғалімдігін де жояды», – деген екен. Мақтанғандық болмас, өз басым педагогиканың бұлжымас аксиомасына айналған «өмір бойы оқып-үйрену» қағидасын ұстанған жанмын. Білген үстіне біле түсу – өмірлік ұстанымым. Одан жаман болған жоқпын. Басқасын былай қойғанда, өткен жылы болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Кәсіптік қазақ тілі» оқу құралым «Фолиант» баспасынан жарық көрді.Бұл кітапқа өмірі мен қызметі өнеге боларлық ұлы ұстаздарға қатысты мәтіндерді енгіздім. Олардың дені жылдар бойы өзім жинақтаған мерзімді басылым беттерінен, оның ішінде ел газеті – «Егемен Қазақстаннан» – алынды. Оның алдында «Үздік педагог-2018» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, 2 млн 405 мың теңгенің сертификатын иелендім. Әлі де қол жеткізсем екен дейтін арман, тілектер баршылық. Ұлы Абай айтқандай, ақыл мен еңбегіне сенгенкез келген маманның орта жолда қалмасы анық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жақсы мұғалімді дәріптеген ұлы ұстаздар тағылымы – баға жетпес құндылық. Мәртебелі ұстаз атану – биік абырой, зор бақыт. Мамандықтың қадіріне қаяу түсірмей, кәсіби қызметін абыроймен атқарып, білім беру саласында қашанда жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыру – мерейлі міндет. Елімізге танымал ұстаз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина – Қазыбаеваның газет тілшісіне берген бір сұхбатындағы: «Ұстаздың беделін ұстаздың өзі көтереді», – деген пайымы көкейімде орнығып қалыпты. Білім беру саласында 57 жыл абыроймен қызмет еткен Орынша апайымыздың бұл пікірімен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Неге десеңіз, кез келген мамандықтың мәртебесін көтеру – сол мамандық иесінің қолында. «Мұғалімнің беделді болуының бір шарты- оның саяси мәдениетіне, саяси санасына байланысты. Мұғалім өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің саясатынан хабардар болып, экономикадағы, әлеуметтік тұрмыстағы өзгерістерге, әлемдік оқиғаларға өз ойын, көзқарасын білдіріп отыруы керек. Оқушының қиялы ұшқыр, сұрақтары көп. Сондықтан кез келген пән мұғалімі қипақтамай, дәл жауап беруі керек», – дейді танымал ұстаз. Ол үшін, тағы да қайталайын, ұдайы оқып, тоқудан тыным таппаған абзал. Осы орайда ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» деген заманауи сөзі тілге оралады.
Қазіргі жаһандану заманы өзгерістерді шапшаңдатып, неғұрлым ойы озық, білімі терең, білігі жоғары, өз саласындағы мәселені шеше білетін, батыл іс-қимылдарға бара алатын белсенді де ұтқыр мамандарды алға шығаруда. Себебі адами капитал сапасын дамытуға ден қойған елдер өркениет көшін бастап тұр. Бұл ретте дамыған мемлекеттер қатарындағы Сингапурдың өнегесі құптарлық. «Өмір сүру дегеніміз – өз мүмкіндіктеріңді жүзеге асыру» демекші, қазба байлығы жоқ, алайда адами капитал сапасына аса мән берген сингапурлықтар табысты өмір сүрудің үлгісін көрсетуде.Олай болса, ұлт мұратына жету жолындағы негізгі қозғаушы күш – мұғалімдер қауымына жүктелген жауапкершіліктің аса маңыздылығын терең сезініп, мамандық мәртебесін көтеру өз қолымызда екенін естен шығармасақ екен, құрметті әріптестер.
Пиалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.