Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Выпуск - №7 (454)   :   19.02.2021
217

Күні кеше, нақты айтар болсам ақпан айының 9-ыншы жұлдызында қазақ поэзиясына ерекше екпін әкелген ақиық ақын, тұла бойынан тұма жыр төгілген Мұқағали Сүлейменұлы Мұқатаевтың туғанына 90 жыл толды. 


Қазақ поэзиясының көк аспанында жарық жұлдыздардың бірі болып тұрып қалған дарынды ақын Мұқағали Мақатаев, өзінің поэзиясы әрдайым оқырманын табатынын білді. Оның дәлелі ретінде, күнделігіндегі жазбаларын оқып отырып: «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болды, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайлы мынаны айтам: мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да...», – деген жолдарға назар аударамыз.

Мұқағали Мақатаев, жоғарыда атап өткеніміздей, 1931 жылы ақпанның 9-ында Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Албан тайпасы Алжан руынан шыққан. Шын есімі – Мұхаммедқали. Әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа адамы болған. Мұқағали – үйдің тұңғышы, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасы Нағиманы жеңгесіндей қабылдайды. Мұқағалидың әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза табады. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, тағдырдың ащы дәмін ерте татып, ерте есейіп, арба айдап, соқа салып, шөп шауып, масақ терді. Оныншы сыныпты интернатта бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласты. Алдымен ауыл советінің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі – М.Мақатаевтың өткен әуелгі өмір мектебі осындай болды.

1962 жылы ауыл-аймағын мүлде қалдырып, Мақатаевтар отбасы біржолата Алматыға көшіп келеді. Бұдан әрі оның бойында енді екі стихия – дала мен қала ұштасып, домбыраның қос ішегіндей жарысып жатты. Мұқағали Мақатаев махаббат пен достықты, поэзия мен табиғатты жырлады. Бірақ оның шығармашылығында Отан тақырыбы ерекше орын алады. Ол өзінің ана сүтімен қанына біткен қазақтың қара өлеңін пір тұтты. Туған тілін ту етіп көтерді. Халқының асыл қасиеттерін бесікте жатып бойына сіңірді. Өз ұлтын жан-тәнімен сүйе білді. Ұлы сағыныштан, ұлы махаббаттан, ұлы жүректен ғана ұлы жырлар туатындығын тағдырымен де, өлеңімен де дәлелдеп кетті.


Жүрекке кең дүниені сыйғызып, әлемдік кеңістікке құлаш ұрады. Оның Отанына деген махаббаты жарқын жолдар арқылы көрініс табады:
«Басымды иіп, тіземді бүгіп тұрып,
Ажарымда айдындай шуақ тұнып.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып».


М.Мақатаев үлкен азаматтық категориялармен ойлайтын ақын. Жанына жауһардай жинаған биік адам танымын ұлғайтып, ол жеке тағдыр, жеке тұлға арқылы сатылап, ел, жұрт, халық деген ұлы ұғымға көтеріледі.

«Не сыйласын, несін берсін ел маған?! Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман», «Сәби – халқым, сарыла сыр ақтарам, жалған ой, жасырын күй жырақ маған. Сенің үнің мендегі, сенің шының, сенің ойың санамда тұрақтаған», «Ең бірінші бақытым – халқым менің, соған берем ойымның алтын кеңін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, қымбатырақ алтыннан нарқым менің», – деп ақын жүрегі лүпілдейді.

Ол ең алдымен халқының ары мен инабатын, ақиқаты мен тазалығын алға тартты. Соны айтып, өзі де жырымыздың ары мен ақиқатына айналды. Мұқағали қазақ ақындары әулетінің үркердей аз тобына іні, біразына замандас, ал көбіне аға, ол:
«Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтам, қашан мен басыламын?!
Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
О, муза!
Мен бір жаққа асығамын»
,
– деп тіршілікке беймаза тіл қатып тұрғандай.

Роза АУХАТОВА,
Лисаков техникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.