Күні кеше елордада қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Құрылтайға негізінен мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, лингвист-ғалымдар, ЖОО оқытушылары мен ректорлары қатысып, секция жұмысында тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Съезде қазақ тілі бойынша Республикалық педагогтер қауымдастығы құрылатыны туралы шешім қабылданды. Қауымдастықтың бөлімшелері еліміздің әрбір ауданында, қала мен барлық өңірде жұмыс істейтін болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ендігі жерде түйткілді мәселелерді ақылдаса отырып шешуге мүмкіндік туатын сыңайлы.
Өзімнің педагогикалық қызметім ұзақ жылдар бойы орыс тілді аудиторияларда қазақ тілін оқытумен байланысты болғандықтан, бұл мәселені назардан тыс қалдырған емеспін. Ал өзге ұлт балаларына қазақ тілін меңгерту мен қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқыту деңгейі мүлдем салыстыруға келмейді. Бірі «екінші тіл» делінсе, екіншісі «ана тіл» деп бекер айтылмаса керек.
Кезінде Ы.Алтынсарин атындағы Рудный педагогикалық колледжінде «Мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып, болашақ мамандарды кеншілер қаласының мектептеріне практикаға апарып жүрдік. Әлі күнге дейін ерекше әдістемесімен, оқушыны қаза тілінде сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдерін қолдануымен есте қалған Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаева мен Гүлжиһан Қазтайқызы Айдаралиева естен кетпейді. Гүлжиһан Қазтайқызы әлі күнге дейін «45 минуттың 30 минутында оқушыны сөйлете беру керек» деген ұстанымынан танбайды.
Сондай-ақ колледжде бірге қызмет істеген әріптесім Сәния Ақмұхамедованың оқыту әдістемесін жоғары бағалаймын. Таяуда басшымыз қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің съезіне барасыз (авт. кейін оған колледж оқытушылары бармайтыны хабарланды) деген соң, Сәния Әуезханқызын үйге шақырып, орыс мектебіндегі мемлекеттік тілді оқыту жайын сұрадым. Ол кездескен сайын айтатын сөздерін қайталады.
Бұрын француз және неміс тілдерін оқытқан әріптесім кейінгі бірнеше жылдар бойы мемлекеттік тілді оқытып келеді. Өзім оның бірер сабағына қатысып, өзге тіл мамандарынан өзгеше оқытатынына куә болған едім. Шетел тілін оқыту әдістемесін қолданатын әріптесіммен әңгімелесе отырып, сонау 2004 жылы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген Елбасы Н.Назарбаевтың: «Шетелдің озық әдістемесінен үйрену қажет», – деген сөзі ойға оралды. Демек шетел әдістемесін қолданып, лексикалық және грамматикалық материалды саналы меңгертудің амалдарын іздестіріп, баланы қазақ тіліне қызықтыра білетін мұғалімнің орны ерекше болғаны ғой. Мемлекеттік тілді үйретудің қыр-сырын жетік меңгеріп, оны баланың шын ниетімен меңгеруін қалайтын осындай ұстаздар назарға іліксе екен деймін. Бүгінде М.Горький атындағы гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сәния Әуезханқызын шәкірттері де, олардың ата-аналары да құрмет тұтады, алғыстарын айтып отырады.
Әріптесімнен қазіргі оқулықтар жайын сұрағанымда, әлі де қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарына көңілі толмайтынын жайып салды. Авторлары – мүйізі қарағайдай, елімізге танымал Ф.Оразбаева, Г.Қосымова бастаған танымал әдіскер-ғалымдар, тіл мамандары. Әріптесімнің айтуынша, мәтіндер қиын, меңгерілуі тиіс сөздер қайталанбайды, грамматикалық тақырып бір сабақтың аясында ғана таныстырылып, келесіде қайталанбайды, жүйелілік сақталмаған. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін – оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде оқытып келе жатқанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, нәтижесі мардымсыз, бұл – ащы да болса шындық.
ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы: «Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек», – деп жазған екен. Ұлт ұстазы айтпақшы, елімізде арнайы білімі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жеткілікті. Оқулықтар да жаңадан жазылды. Қазақ тіліне бөлінетін сағат саны да жеткілікті. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас» демекші, ілгерілеушілік байқалмайды. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан, өкінішке қарай, «Қазақ тілі» пәнінің бедел, дәрежесі төмен дейтін пікірлерді естіп қаламыз. Сонда тіл үйренушіні алға бастырмайтын, сөйлетпейтін, нәтижеге жеткізбейтін нендей кедергі?!
Ахаң айтпақшы, сапалы оқулық және онымен тиімді оқыта білетін, талантты қазақ тілі мұғалімдері керек. Өкінішке қарай, бағдарламаны, тақырыптық-күнтізбелік жоспарды орындау үшін, мұғалімдер келесі тақырыптарды сыдыртып өте беруге мәжбүр. Мұғалімдердің көпшілігі бар кілтипан оқулықта деп санайды. Тіл жанашыры, белгілі қаламгер Мереке Құлкеновтің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ тілі бағдарламаларын қайта жазу керек», – деп, мәселені төтесінен қоюы да бекер емес. Осы тұста ағартушы-педагог, тамаша әдіскер Ы.Алтынсариннің бір ауыз орысша білмейтін қазақ балаларына арнап орыс тілін оқыту құралын жазғаны, онда бала материалды қашан меңгергенше, қыр соңынан қалмай, қайталата беру, сөйлеуге үздіксіз жаттықтыру сынды нұсқаулары ойға оралады.
«Сонда сен қалай оқытып жүрсің?», – деген сұрағыма білікті тіл маманы С.Ақмұхамедова былайша жауап берді: «Мәселен, бір блокта 7-8 мәтін бар делік. Мен әрқайсысынан ең қажеттісін, маңыздысын таңдап алып, барлығын тұтастырып, бір мәтін етіп құрастырамын да, оған нақты бір грамматикалық форманы кіріктіріп, түрлі диалог, жаттығу жұмыстары арқылы сөйлете беруге ұмтыламын». Иә, мемлекеттік тілді оқытуға шын ниетімен кірісіп, тиімді оқыту кілтін тапқан С.Ақмұхамедова сияқты тамаша әдіскер-мұғалімдердің басын қосып, мәселені бірлесе қолға алар болсақ ше, қадірменді тіл мамандары?
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Қостанай педагогикалық колледжі,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.