Адамзат жаралғаннан бергі әлемдегі бұрын-соңғы болмаған тіл-тілдің баршасына тән және де қазіргі заманғы тілдердің пәндік атау түрінде көрініс беретін тұжырым құбылысы – ономастика. Кез келген халықтың дүниетанымын, ойлау қасиеттерін қамтитын ол, гректің «онома» – «ат», «атау» деген сөзінен шыққан «ат қою өнері» деген ұғымды білдіреді.
Шығыстың кемеңгер ойшылы Конфуций осыдан екі мың жыл бұрын: «Егер атаулар дұрыс болмаса, сөздердің негізі болмайды. Сөздердің негізі болмаған жағдайда іс те жүрмейді және халық та не істерін білмейді», – деген екен. Осы орайда ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – десе, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уалиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады», – деп, жер-су атаулары елдің болмысы, салт-дәстүрі, ешқашан жөн-жосықсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағанын білдіреді.
Біздің ата-баба дәстүрі бойынша макротопонимдер адам атына қойылған емес, бірақ микротопонимдерге кісі аттарының қойылатыны болған екен. Географиялық елді-мекен, жер аттарын қоюда біз осы халықтық дәстүрден қол үзіп, облыс, қала, аудан аттарын да жеке кісі атына қоя бастадық. Қазақта елді-мекен, жер атауларына көзі тірі кісінің атын қою салты болмаған, алайда ондай фактілер кездеседі.
Бүгінгі ономастика – жай ғана тарихи-мәдени мұра емес, рухани-танымдық, қоғамдық-саяси маңызы бар мәселе. Тәуелсіздік жылдары ол өзінің оң шешімін таба бастады. Оның айқын дәлелі – Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан кең-байтақ елімізде отандық ономастика талаптарына сай тарихи және топонимикалық атаулар ел ортасына оралды. Өскелең ұрпақ өткен тарихымен жақын танысып, ұмыт бола бастаған атаулармен жүздесті. Қазақ азаматтары аты-жөндерін өздерінің қалауынша, ұлттық дәстүрге сай жазылған төлқұжаттарға ие болды.
Тәуелсіздік жемісі
Тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде облысымыздағы Семиозер – Әулиекөл, Орджоникидзе – Денисов, Боровской – Меңдіқара, Камышное – Қамысты, Комсомол – Қарабалық, Урицкий – Сарыкөл, Убаган – Алтынсарин, Ленин – Ұзынкөл, Таран – Бейімбет Майлин сияқты аудандар өздерінің тарихи-географиялық атауларын қалпына келтірді, транскрипциялары нақтыланды. Көптеген көше атаулары ұлттық сипатқа ие болды. Мәселен, Қостанай қаласында Ленин даңғылы – әл-Фараби даңғылы, Совет – Байтұрсынов, Киров – Қайырбеков, 50 лет Октября – Дулатов, 19 август – Бородин, Куйбышев – Қозыбаев, Индустриальная – Мәуленов, Авиационная – Дөненбаева көшелері болып өзгертілді.
Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинованың айтуынша, аймағымызда соңғы үш жылда бір аудан, 7 ауылдық округ, бір кент, 7 ауыл, 13 әлеуметтік-мәдени нысан және 105 көше атаулары жаңғыртылып, ұлттық рухымызды көтеретін атаулармен ауыстырылды.
Бүгінде облыстық маңызы бар кеншілер қаласында Қашар, Горняцк кенттері мен Перцев ауылын қоса есептегенде 32 ықшамаудан, 36 тұрғын үй орамы, 270 ірілі-ұсақты көшелер бар. Олардың ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген және тәрбиелік мән-мағынасы жоқ көше атауларының саны – 19. Мысалы, Ленин, Киров, Калинин, Дзержинский, Свердлов, Фрунзе, Коммунаров, Октябрьская, Кирпичная, Розовая, Восточная, Песчанная, Котельная, тағы басқалар. Оларды тарихи қалпына келтіру жұмысына жергілікті тұрғындардың «пікірімен» санасу, адам құқығы, халықаралық құқық деген қисынсыз сылтаулар, мораторий, карантин, тағы басқа шектеулер кедергі жасауда. Ал біз болсақ, көңілшектік танытып, жерімізге, көшемізге өз атауларымызды бере алмай отырмыз.
Бұл ретте бізге ұлттық кодымызды сақтауға бағытталған, Ұлттық жаңғыру кезеңіне сәйкес келетін жаңа заңнамалық ономастикалық концепция және «Тіл туралы» Заңға толықтырулар мен түзетулер енгізу қажет. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Заң өзгертілсе, атау да дұрысталар еді», «Солтүстік ұлт қайраткерлерін ұлықтайды» атты мақалаларда және жоғарыда айтылған ұсыныс-пікірлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халық қалаулылары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері тарапынан қолдау табады деген үміттеміз. Орайы келгесін айта кетейін, облыс орталығында қазақтың алғашқы Тарханы, мәмлегер Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батырдың ескерткіші тұрған алаңмен шектесетін Уральская көшесіне «Жәнібек тархан» есімін беру жөнінде Қостанай-Торғай өңірінің зиялы қауым өкілдері 2017 жылдан бастап облыс, қала басшыларына, аймақтық «Қостанай таңы» газетінде жолдаған өтініш-тілектері Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, ономастикалық жаңғыру кезеңінде оң шешімін табатынына сенеміз.
Дей тұрғанмен, Рудный қалалық ономастика жөніндегі комиссия халықтың талап-тілегін, қоғамдық ой-пікірді әділ таразылай отырып, көшелердің, басқа да қала көлемінде орналасқан нысандардың атауларын өзгерту немесе жаңа атау беру барысында жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси өмірдегі орнын ескереді және тарихи жер-су аттарының танымдық сипаттарының қазіргі уақытқа сай үйлестірілуін назарда ұстайды. Комиссия мүшелерінің қатысуымен байырғы атауларға, жаңа есімдерге халқымыздың асыл мұрасы ретінде көзқарас қалыптастыру, құрметпен қарау, қастерлеу сезімін ояту мақсатында қала тұрғындарымен өткізілген әңгімелер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жергілікті баспасөз беттерінде жарияланады.
Жоспарлы іс-шаралар нәтижесінде атауы жоқ көшеге елге еңбегі сіңген дәрігер, Рудный қаласының құрметті азаматы Амангелді Жантеміровтің есімі, ал бірнеше жаңа көшелерге Нұр, Керуен, Думан, Әсем, Заман, Серпін сияқты әсем де мазмұнды атаулар берілді. Қаламыздың №7 мектеп-гимназиясы белгілі жазушы, драматург, жерлесіміз Бейімбет Майлиннің есімін иеленді. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановке, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Рудный қаласының құрметті азаматы Досмағұл Сүймековке ескерткіш тақталар орнатылды. «Достық» саябағында Мемлекеттік қызметшілер және Даңқ аллеялары ашылды. Халыққа танымал, қайраткер ұл-қыздарымыздың атын оқу орындарына беру алдағы ұлттық мереке – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жалғасын табады.
Олқылықтар түзелуі тиіс
Қазіргі таңда ономастика мәселесі мемлекетіміздегі ұлттық тіл саясатының басты бағыттарының бірі. Айталық, қала ономастикасын құратын атаулар: мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, білім беру мекемелерінің, қоғамдық орындардың, көше, сквер, бульвар, алаң, жеке ғимарат және тағы басқалардың (яғни урбанонимдердің) атаулары. Олар адамның өмір сүру шеңберіне еніп, қалада дұрыс бағдар алуға көмектеседі, номинативтік қызметтен басқа идентификация, дифференциация, адресация, ақпарат беру және т.б. фунцияларды атқарады. Олар қала ақпараттық кеңістігінің өзіндік белгісі, бағдары болып табылады. Атаулар бір жағынан бүкіл қоғамның прагматикалық, идеологиялық және эстетикалық түсінігін көрсетсе, екінші жағынан жеке адамның қабылдауын білдіреді. Эргонимдер мен урбанонимдер – қоғамның тарихи-мәдени, ұлттық-мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекше индикаторы, екеуі бірге әлемнің тілдік бейнесін, тіл арқылы шындық болмысын көрсетеді.
Қаламызда объекті иелерінің мемлекеттік тілге құрмет көрсетуі кейде қазақ тілінің бұрмалауына әкелуде. Қазақ тілінде изафеттік конструкцияларда басыңқы мүше постпозицияда тәуелділік аффиксін жалғай орналасатындығы ескерілмей, «Қайрат» дүкен», «Айбек» дүкен» сияқты атаулар жиі кездеседі. Мемлекеттік тілді бірінші орынға қою мақсатында объектілердің атаулары сауатсыз түрде беріледі: «дәмханасы «Жемчужина» кафе», «бистросы «Взлет» бистро». Жалқы есімді компоненті жоқ қазақ тіліндегі атаулар тәуелсіздік жалғаумен жиі ұшырасады (мысалы: дүкені – магазин, мейрамханасы – ресторан).
Атаулардан грамматикалық қателермен қатар мазмұндық сипаттағы да қателерді кездестіруге болады (мысалы: «Айбат кафесі» – «Әйбәт дәмханасы» болуы керек). Демек, құрамына өнеркәсіптік және сауда кәсіпорындарының атаулары кіретін ақпараттық-визуалдық амалдардың тілін реттеу мен нормалауға байланысты батыл да әрекетті шаралар қолдану қажет. Бұл мәселе Рудный қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы мамандарының бақылауында.
Жұмыстар жүргізілуде
Тіл жанашырлары, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, қалалық әкімдіктің Жастар ресурстық орталығы еріктілерінің қатысуымен айына екі рет «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясын өткізеді. Көрнекі ақпаратты, сыртқы жарнаманы, жалпы қала ономастикасын құратын атауларды тексеріп, дұрыс жазуға көмектеседі, ескертулер жасайды, бизнес өкілдеріне тіл заңнамасының нормаларын түсіндіреді, «Тілашар» кітапшаларын таратады. Акция туралы ақпараттар телеарналардан көрсетіледі, қалалық, өңірлік газеттерде басылады. Қазіргі уақытта қазақша атауларды орысша және керісінше, орысша атауларды қазақша латын графикасы негізінде дұрыс беруге байланысты жұмыстар атқарылуда.
Қаламыздың тіл саясатындағы аса маңызды әлеуметтік мәселелерінің бірі – ономастикаға қатысты жұмыстарды жетілдіру және дамыту, өйткені ономастика жұртшылықтың назарында болатын әрі тілді қолдану мен дамытудың ерекше бір құралы. Дерек көздеріне сүйенсек, жер ауқымы жөнінен ғаламда тоғызыншы, Азияда төртінші орынды иеленетін, Еуропаның 12 мемлекеті еркін сыйып кететін Қазақстанда тіліміздегі жер-су атауларының саны үш миллиондай, 85 мың өзен аты, 50 мыңнан аса көл атының болуы ғажап құбылыс. Ал есепке алынбаған, ешбір санға кірмеген тау-тас, төбе-төмпешік, қырат-жоталардың атаулары қаншама?
Бұларды этимологиялық тұрғыдан зерттеп-зерделеу, жас ұрпақтың отаншылдық сезімін оятып, ұлтжандылыққа тәрбиелейтіні хақ. Тәуелсіз Қазақстанның географиялық атаулары, сөздігі, топонимдер сөздіктері, әдістемелік құралдар мен ономастика мәселелеріне арналған материалдар жеткілікті тиражбен басылып шығып, жұртшылық қауымның қолына тисе, ел тарихы, жер-су тарихы ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапқан мұра болып қалар еді.
Қорыта айтқанда, Құрметті Ұлы дала елінің ұрпақтары! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін, ұлттық топонимика, ономастика салаларының маңыздылғын зиялы қауым болып, ел болып, ұлт болып көтерейік!
Жақсылық КӘКЕНҰЛЫ,
Мемлекеттік қызмет ардагері,
Рудный қалалық ономастика
комиссиясының мүшесі,
тіл жанашыры
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.