Хәкім Абай айтпақшы, бүгінде адам баласының адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озып, өз ортасында, қоғамда өз орнын тауып, өз биігінен көрінуге мүмкіндігі мол. Ал, озық болудың басты шарты – білімді болу.
Білімді болу үшін кітап оқудың қажет екенін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап», – деген ұлы сөзімен айқындап кеткен. Қай заманда да жеке адамды да, тұтас қоғамды да алға жетелейтін – білім мен ғылым екенін әлемдегі Жапония, Финляндия, Швеция сынды озық елдер тәжірибесі көрсетіп отыр. Бәсекеге қабілеттілік елдің сауаттылық деңгейімен, оның білімі мен ғылымының, заманауи технологиялары мен өндірісі дамуының көрсеткіштерімен өлшенеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамытуға әрдайым баса көңіл бөліп келеді. Айталық, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін, мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Ал, осы жолдағы ілгерілеуіміздің негізі – білім мен ғылымда», – деп атап өткен көрсеткені мәлім. Білім мен ғылымға ден қоюдың түпкі мақсаты – ұлттың озық ойлы жаңа сапасын қалыптастыру. Мемлекет басшысы кейін, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жария болған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты елдік тұжырымдамасында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деп, әлемдік өркениет көшінде лайықты орынға ие болудың амалын айқындап берді.
Президент «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірімен ажыратуға келмейтін ұғымдар екенін, осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болатынын атай келіп: «Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. ...Маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз: Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХI ғасырда лайықты орнын табады», – деді.
Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне, мектептерге, ЖОО және ТжКБ ұйымдарына тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға, жастармен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруді тапсырды. Сөз реті келіп тұрғанда айта өтелік, облыстық мәдениет және білім басқармаларының бастамасымен күні кеше ғана Қостанай өңірінде елімізде бұрын-соңды жүзеге аспаған іс-шара болып өтті. Жарты жылға жуық уақыт бойы облыс көлеміндегі білім алушылар ғана емес, кез келген жастағы азаматтардың қатысу мүмкіндігі бар «ОҚЫжәнеЖЕҢ!» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Үлкен-кішіні оқуға қызықтыруды, кітапқұмарлықты дамытып, оқу мәдениетін арттыруды көздейтін білім жарысына 6000-нан астам өтініш түскен екен. Өзге өңірлерге өнеге боларлық тамаша тың бастаманың өрісі кеңейіп жатса, нұр үстіне нұр!
Оқуды әдетке айналдыру – адам бойындағы жақсы қасиет. Оқығаннан адам ұтпаса, еш ұтылмайды. Оқи жүріп, білімді үздіксіз толықтырып отыру – адамның жеке басының дамып, жетіле түсуіне, елдік мәселелерді назарда ұстауына, оқуда да, еңбекте де табысты болуына, өз ортасында абырой-беделінің артуына, өзін биік сезінуіне тікелей ықпал етеді. Осы орайда тағы да Мемлекет басшысының сөздеріне жүгінейік: «Жас ұрпақ білімді болмаса, елдің өсіп-өркендеуі жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін» (Елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңестегі сөзінен, 10.07.2022 ж., «ЕҚ»).
Кезінде, сонау Х ғасырда, ғұлама әл-Фараби бабамыз оқу іздеп, Бағдатқа сапар шегіп кеткені көзі қарақты оқырманға мәлім болар. Шүкір, бүгінде оқимын деген адамға өзі тұрып жатқан жерінде мүмкіндік мол. Жер-жерде кітап дүкені де, кітапхана да халық игілігі үшін қызмет етуде. Мемлекет басшысы: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Кітап оқырманға қолжетімді болу керек. Түркістанда өткен Құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», – деп, отандастарын кітап оқуға үндеді.
Арманымыз асқақ, мақсатымыз айқын. Мемлекет басшысы айтқандай, түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Өзге жұрт жеткен биік белеске біздің еліміз де жетеді. Ол үшін әрбір адамның бойында отаншылдық сезімі, елге жанашырлық, ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин өсиет еткендей, туған елге пайдалы іске қолымыздан келгенінше үлес қосу парыз екенін ұғынып, осы жолда аянбай әрекет ету қажет болмақ. Иә, кітап, газет-журнал оқуды әдетке айналдыру – әрбір азамат тірлігінің ажырамас бөлігіне айналар болса, сана-сезім, ой-өреміз жаңғырып, өміріміз нұрланып, озық ойлы ұлттың мекені болған еліміз де еңсесін тіктей түсері хақ. Олай болса, оқуды өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдырайық, ағайын!
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының
құрметті қызметкері,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.