Туған жерің жайлы еске алудың өзі жанға ерекше жылулық сыйлайды ғой. «Әркімнің туған елі – Мысыр шаһары» демекші, туған жерім Торғайдың әр бұрышы мен үшін ыстық. Ауылымда бақытты балалық шағым, құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен достарым, 11 жыл білім алған мектебім қалды. Сағындым...
Торғай жері ұлан-байтақ. Бір шеті Ақтөбенің Шалқар, Ырғыз аудандарымен шекаралас болса, енді бір шеті Ақтөбенің Комсомол ауданымен шектеседі, шығыс жағы Қарағанды облысының Жезқазған, Ұлытау, солтүстік шығыс жағы Есіл өзенімен астасып жатыр. Деректерді оқысам, Торғайдың елді мекен болып қалыптасуына Ресей патшалығының көмегі болған деседі. Сол кезде Қостанай, Ақтөбе елді мекендері Торғай уезіне қараған.
Кейін Торғай үлкен қала болып қалыптасқан. Осыған байланысты, халықтың көп шоғырланған ортасында, яғни Торғай жерінде Ыбырай Алтынсарин бабамыз мектеп салуды, бала оқытуды ұйғарған. Торғайдан мектеп ашылғанда Шақшақ Жәнібектің ұрпағы көп көмек көрсеткен екен. Арбаны бірнеше түйеге, жылқыға артып, Аманқарағай елді мекенінен құрылыс материалдарын тасымалдауға көмектескен деседі. Бұл күндері Ыбырай салған мектеп үлкен мұражайға айналған. Атағы қазақ жұртына мәлім А.Байтұрсынов пен М.Дулатов сол Ыбырай мектебінен тәлім алған екен. Кешегі өткен жойқын заманда құғын-сүргінге ұшыраған, қазақтың қос арысына арналған үлкен мұражай Торғай жерінде бой көтергелі қашан. Мұражайда қос тұлғаның өмір жолы, білім алған кезеңдерінен деректер, қолданған заттары, артында қалдырған еңбектері қамтылған.
Мұражайды жабдықтау күрделі жұмыс екені мәлім. Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал», «Маса» кітаптары 1937 жылы киізге оралып, жер астына көмілген екен. Сол баға жетпес мұраларды 1990 жылы қазып алып, мұражай қорына табыс еткен Ерден Смағұлов ақсақал еді. Оған кезінде әкесі: «Балам, Ахаң халық жауы болуы мүмкін емес, түбі ақталады. Кезінде ақ келінді елге алып келгенде қос кітапты сыйға тартып еді, есіңде болсын түбі ақталғанда осы жерден қазып аласың», – деп өсиет етіпті. Араға жылдар салып, Ерден атамыз аманатқа қиянат жасамай, мұражайға әлгі құнды қазынаны табыстапты. Осылайша жәдігерлер тұс-тұстан жиналып, бас құраған.
Бала кезім, мектепте 6 не 7-сыныпта оқимын. Бір күні ұйқыдан оянсам, үйдегілер дүрлігіп жүр. «Не болды екен?», – деп анамнан сұрап едім: «Бүгін Міржақып Дулатұлының сүйегін сонау Карелиядан әкеледі, соған алаңда халық жиналып, қазақ жеріне қайта жерлейтін болады», – деді. Өз басым ештеңе түсінбесем де, сөмкемді асынып, бантигім желбіреп, мектепке келдім. Сол күні алаңға мектеп болып бәріміз бардық. Ауылдың ортасына Міржақып Дулатұлының мұражайын орнатып, сол жерге Міржақыптың кесенесін тұрғызып, қоғам қайраткері қазақ жеріне қайта жерленді. Қазақ еліне «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Міржақып бабамыздың мәйіті өз жеріне жетіп, өзі болмаса да, рухы қазағымен табысқанын сол кезде бала көңілім түсінбеген екен.
Сол жиында Міржақып Дулатының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы сөз сөйлеп, ауылдың мұражайына Міржақып Дулатұлының қолданған ас үстелі, тумбасы, қол жуғышы, шай әбзелдері, кестелі атлас көрпесі – бұның бәрі шешеміз Ғайнижамалдың төркінінен келген дүниесі болса, тар жол, тайғақ кешу жылдарында қапаста отырып, өзіне тіккен қазақы аяқталмай қалған тақиясы мен қызы Гүлнәрға жасаған фоторамасы, 10 жасында дүние салған баласы Әлібекке жасатқан қайыстан жасап күміспен шекелеткен белбеуі, жолға ұстаған партбилеты мен Алаштың кейуанасы атанған Гүлнәр апамыздың оранған жөргегі, Ғайнижамалдың тұтынған қобдишасы мен қайшысы – осының бәрі Гүлнәр апамыздың мұражайға табыс еткен жәдігерлерінің бір парасы ғана. Мұның бәрі мұражайдағы құнды дүниелер.
Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ақталуына байланысты 1991 жылы Торғайда өткен республикалық ғылыми-теориялық конференцияға арнайы келіп, қатысқан. Сол кісілердің мұражайға қос арыстың нақты қоданған заттары мен шығарған кітаптарының сирек кездесетін нұсқаларын сыйлауы – баға жетпес құндылық еді. Қайран арыстарым-ай, қыршынынан қиылған қазағымның жанашырлары сіздердей-ақ болсын. Қасық қаны қалғанша қасқайып, қазағының қамын ойлаған сіздердей көсемдер қазақ жеріне тағы да бұйырар ма екен?!
Кезінде жасалған әділетсіздік жайлы ойлана қалсам, ішімді ыза кернеп, намысқа булыққандай боламын. «Әттең...» дегенмен, қолдан келер шарамыз жоқ. Міржақып Дулатұлы туған ауылда өсіп, сол кісі аяғымен басқан жерде менің балалық шағым өтті. Ахмет пен Міржақыптай елдің көсемдері шыққан Торғай жерінің қызы болғанымды мақтан етемін.
Айгүл ИБРАЕВА,
№7 ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.