Осыдан бірер жыл бұрын «Біздің Костанай» газетінде «Тазалық пен тәртіп – баршаға міндет» атты мақалам жарық көрген еді.Тақырыбы айтып тұрғандай, мақалада тазалық пен тәртіпті сақтау әркімге де жүктеліп, орындалуы міндеттелетіні, бірақ немқұрайдылық етектен тартатыны сөз болған. Бірақ қанымызға сіңіп, бойымызға дарыған осынау жаман әдеттен арылар күн әлі де алыс секілді.
Ешнәрсеге бейжай қарай алмайтын адам ретінде көшедегі, қалтарыс жерлердегі, көпқабатты үйлердегі тазалыққа назар аударып жүремін. Баяғы жартас – сол жартас. Кім кінәлі? Әрине, тұрғындар. Бүгінде Қазақстандағы халық санының 70 пайыздан астам бөлігін қазақтар құрайды. Кейде қазақ халқына тән кеңпейілділік, көнбістік осы бір түйткілдің тұрақталуына да себепші ме екен деген ой келеді. Алайда келеңсіздікке кеңшілік жасауға бола ма?! Әрине, жоқ. Бірақ көпшілікті жайлаған жайбарақаттылық, немқұрайдылық өз дегенін жасауда.
Алдымен өзім тұратын үйден бастайын. Осыдан бірер жыл бұрын алыс-жақын маңайдан қоныс аударғандар Қостанайдың КСК ықшам ауданында пайдалануға берілген тоғыз қабатты жаңа үйге кірдік. Дәліздердің қабырғалары аппақ, едені де ашық түсті кафельден төселген. Жаңа баспанаға ие болғандарына тұрғындар қуанышты. Бірақ көп ұзамай бүлдіру, қирату белең ала бастады: кіреберіске қоқыс салынған қалташаны тастап кету, қабырғаны кір етігімен теуіп кету, шимайлап тастау, қағазды лақтыра салу секілді бассыздықтар бой бермей кетті.
Бұзақылық жасайтындар – жасөспірім балалар. Дәліздегі терезе алдында топталып, шемішке шағу, жеген кәмпиттерінің қағазын лақтырып тастау, аяқ киімдерімен аппақ қабырғаны ластап кету секілді келеңсіздіктерден көз аша алмадық. Таңғалдыратыны: көпшілік тұрғындарға бәрібір секілді. Игілікті пайдаланады, бірақ қорғамайды, қолдамайды. Мәселен, қараңғылық түсе дәліздегі жарықты жағатындар таңертеңгілік оны сөндіруді ойламайды. Еденде жатқан қағазды көрсе де, көтермейді... Тазалықты сақтау жөнінде әңгіме қозғамайды. Төзе алмадым.
Бастапқыда дәлізде отырған балалардың үстінен түссем, айғай салып, қуып шығу секілді оқыс әрекеттер жасайтынмын, кейін бірнеше мәрте жайлап түсіндіретін болдым. Тіпті, «Бұл – біздің ортақ үйіміз» деп жазып, ештеңені бүлдірмеу, тазалық сақтау баршамызға міндет екенін ақ қағазға фломастермен жазып, дәлізге іліп те қойдым. Нәтижесі болды! Бүгінде бұрынғыдан көп тәуір, мені көрсе, амандасып жүретін болды. Демек, балаларға ұдайы ескерту жасап, тазалықты талап етіп отыру керек. Әрекет етсе, жалғыздың да үні шығады екен. Әйтсе де жұмыла көтерген жүк жеңіл. Үй, аула, қала тазалығын сақтаудың жолдары ойластырылып, қолға алынса дейміз. Бұл турасында балабақша, білім ордаларында ата-аналармен бірге түсіндіру жұмыстары, ал пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері «Таза үй», «Таза аула» байқауларын жүргізіп отырса, үздіктерді насихаттап отырса, сең қозғалар еді.
Кейбір көп қабатты үйлердің аулаларында гүл егіп, оларды күтіп, баптап жүрген жандарды көргенде, риза боласың. Қала көркін үстей түсуге мекеме басшыларының да үлесі ықпал етері сөзсіз. Айталық, педагогикалық колледждің ауласына кірген бойда мұнтаздай тазалықты, құлпырған әсем гүлдерді, тіпті көк майса шөптердің арасында сомдалған елік пен оның лағын көріп, ерекше сезімге бөленесің, құдды бір шипажайға келгендей күй кешесің. Міне, осылайша әсемдікті әспеттер жандар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр. Неге десеңіз, қалаға көрік беріп, ажарын аша түсетін үйлер мен аулалар, көшелер жалпы қаланың әсемдігін әрлендіре түсері сөзсіз.
Балалар ғана емес, ересектердің өздері көп қабатты үйде болсын, аулада не көшеде болсын тазалықты сақтауға, барды бағалауға құштар емес. Мойындау керек, қала әкімдігі Қостанайдың көркейіп, абаттана түсуі үшін, тұрғындардың жүріп-тұруына, демалуына ыңғайлы болуы үшін, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Айталық, КСК ықшам ауданында ұзын көшелерді бойлай орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған. Жаңадан аялдамалар тұрғызылды. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, барды бағалай алмайды екенбіз. Жамандық жасырын жасалады. Қорқау қаскүнемдер түн жамылып, Текстильщиктер көшесіндегі әп-әдемі аялдамаға тап беріп, жақтауын опырып кетіпті. Не деген жауыздық десеңші! Қазақта «Құртақандай торғай да өз ұясын қорғайды» деген мәтел бар екен. Өз қаламызға жанашырлық танытып, қорған болуға жарамай жүргеніміз әр азаматқа ой салса екен дейміз.
Мына бір жайтты да айтпай кетуге болмас. Осы маңайда Жастар бульвары орналасқан. Үлкендердің, балалардың көп жиналып, тыныстайтын орны. 2012 жылы ашылған деседі. Бірақ қазіргі күйі мәз емес. Адамдар жаттығу жасайтын тренажер атаулының көбі істен шыққан, дұрысы, қасақана қиратылған. Кім кінәлі? Сонда тәртіпті қадағалайтын, бұзақыны жөнге салатын жауапты қызметкерлер бізде жоқ па?! Бейнебақылау құрылғылары қайда? Осы тұста туысым әрі әріптесім Торғай Есімжанқызының әңгімесі тілге оралады.
Бас қалада политколледжде оқытушы. Өзінің бір студенті ағасымен Сингапурға барыпты. Қала көшесімен келе жатып, әлгі жігіт қолындағы қағазды лақтыра салмай ма... Міне, қараңыз. Сол мезетте алдынан полиция қызметкері шыға келіп, айыппұл төлетеді. Шынымен де мұндағы тәртіп соншалықты қатаң ба деп, тағы бір мәрте сынамақшы болған студентіміз бірер минуттан соң сөмкесінен тағы бір қағазды алып, әдейі жерге тастай салады. О, ғажап, тағы да ұсталады, айыппұл төлейді. Міне, дамыған елдерде тәртіп сақшылары осылайша шұғыл әрекет жасап отырады екен.
Қатаң талап бар жерде тәртіп те орнығады.Тәртіптің, мінез-құлық мәдениетінің қалыптасуына білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысының сапалық деңгейі маңызды рөл атқарады. Тағы да сол Сингапур тәжірибесіне жүгінелік. Педагог-ғалым, академик Асқарбек Құсайыновтың айтуынша, балаларды кішкентайынан спортпен айналысуға, еңбекке, тәртіпке, сондай-ақ мінез-құлық мәдениетіне үйретеді. Сингапурда қағазды лақтыра салғаны үшін төленетін айыппұл мөлшері 270 АҚШ долларына сәйкес соманы құрайды.
Ал ендігі айтарым: қазақтардың немқұрайдылығы кейбір сырт елдерге де мәлім екен. Осыған орай бір әріптесімнің айтқаны тілге оралады. Анталияда тұрып жатқан сіңлісіне барған ғой. Туристер көп аялдайтын паркке келеді. Әрлі-берлі жүріп жатқан халық. Демалып отырғандар да баршылық. Айнала мұнтаздай тап-таза. Бір кезде қасында бір әйел немересімен өтіп бара жатады. Жаңа ғана сатып алған болуы керек, баланың қолында судырақ қағазға оралған балмұздақ. Бала әлгі қағазды жұлмалап жыртты да, домалақтап, лақтыра салды. Қасындағы әжесі көзге ілер емес. Мұны көргендер бас шайқасты. Тек сол маңайда жүрген көше сыпырушы ер адам: «Е, бұлар қазақтар ғой!», – деп, үндеместен әлгі қағазды қоқысқа апарып салды…
Тазалыққа барынша мән беретін тағы бір ел Эстония екен. Кішігірім ғана мемлекет, халқының саны екі миллионға да жетпейді. Ел астанасында 445 мыңнан астам адам тұрады. Сіздің көзіңізге шалынатын бірінші нәрсе – тазалық. Көшедегі қоқыс жәшіктері де таңғаларлық таза, жақын жерде бірде-бір қағаз парағы, сіріңке талы да жоқ. Қызығасың, қызғанасың. Өзгелердің қолынан келетін қарекеттің бізде жоқ екеніне күйінесің. Бірақ ниет болса, құлық болса, жүзеге аспайтын, шешілмейтін мәселе болмас.
Таяуда Рудный қаласының орталығында үлкен экран пайда болғандығы, тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігінің маңайына қалай болса, солай лақтыра салатын тұрғындардың әбес әрекеті дәл сол уақытта сол алып экранда көрініс тауып, әшкере болатыны туралы мақала оқыдым. Қаланы ластаушыларды әшкерелейтін мұндай экранның әр қалада орнатылғаны жөн. Қалай болғанда да тазалық мәдениетін қалыптастыратын амалдар жасалуы шарт. Дана қазақ «Жұрт көргендей қалаң болсын, жұрт білгендей балаң болсын» деген екен. Туған қала – Қостанайымыздың жұрт сүйсінерліктей қала болуы өз қолымызда, ағайын!
Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру саласының
құрметті қызметкері
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.