Бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуі

Выпуск - №9(557)   :   06.03.2023
744

Мектеп – баланың жан-жақты жетілуі мен дамуын жүйелі қалыптастырып отыратын негізгі орын. Жалпы білім беретін мектептің алғашқы сыныбына келген балалар оқу үрдісінде айтарлықтай қиындықтарды бастан өткеріп, мектепке бірден бейімделе алмайды.

Көптеген балалар оқудың алғашқы екі айында бейімделеді. Ұжымға тез қосылып, жаңа достар табады, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүреді және мұғалім талаптарын қиындықсыз орындайды. Әрине, олар тәртіптің барлық талаптарын орындай қоюы қиын, бірақ оқу жылы басталғаннан екі ай өте келе, мұндай балалар жаңа оқушы дәрежесіне, жалпы талаптарға, күн тәртібіне бейімделе бастайды. Ал кейбір балаларға бұл үшін біраз уақыт қажет. Мұндай жағдай көбінесе отбасындағы жалғыз балада немесе балабақшада болмаған, ата-анамен қарым-қатынасы жеткіліксіз дәрежеде болған балаларда кездеседі.

Бірінші сынып оқушысының мектепке сәтті бейімделуі мұғалім мен ата-аналардың үйлесімді іс-әрекетіне, күш-жігеріне байланысты. Бұл – әр балада бірнеше жолмен жүретін өте күрделі процесс. Мектепке келу – барлық баланың өміріндегі өтпелі кезең. Мектептегі оқудың басталуы баланың күнделікті тіршілігіне өзгеріс енгізеді. Мектепке дейінгі балалық шаққа тән бейғамдық, алаңсыз ойынға берілу сынды қарекеттер көптеген талап-міндеттері мен шектеулері бар өмірмен алмасады. Енді бала күнделікті мектепке баруы керек, жүйелі оқу еңбегі, күн тәртібін орындап, мектеп қағидалары мен ережелеріне бағынуы тиіс.

Сонымен бірге: мұғалімнің талаптарын орындау, сабақта мектеп бағдарламасында бекітілген тапсырмалармен шұғылдану, үй тапсырмаларын тиянақты орындау, оқу жұмысында жақсы нәтижелерге қол жеткізу, оқушының өзін талапқа сай ұстауы, мұғалімнің айтқанын назар қойып тыңдап, тапсырманы анық орындауы, көзбен көргенді қабылдауы бойынша ауызша бейнелеуі қажет. Мұның бәрін тиімді ұйымдастыруға ереже бойынша ойындар және дидактикалық ойындар көмектеседі. Өйткені, көптеген оқушылар тапсырманы ойын арқылы жақсы түсінеді.

Бастауыш мектептегі оқыту процесінде баланың танымдық қабілеттерін дамыту барысында оқушылардың біріккен іс-әрекетіндегі ойлауы күрделеніп, есте сақтауы мен зейіні тұрақталып, ойын шоғырландыруға байланысты мен өз тәжірибемдегі жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырып, арнайы тапсырмалар орындатамыз. Бастауыштағы көп жылдық педагогикалық тәжірибемізге сүйене отырып, жаңартылған білім бағдарламасына байланысты баланың дүниетанымын кеңейту, оқу іс-әрекет элементтерін қалыптастыру кезеңіндегі шешілетін негізгі міндеттер қатарына:

– қабылдау, зейін, ес, қиял, ойлау, сөйлеуді дамыту;
– балалардың танымдық белсенділігін дамыту; 
– уақыт пен кеңістікті бағдарлауға үйрету;
– оқу міндеттерін бөлу қабілетін қалыптастыру;
– қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамыту сынды жұмыстарды тиімді жетілдіру қажет деп есептейміз. Осыған орай балалардың ойлау икемділігін дамыту үшін «Ұнайды-ұнамайды», «Нені ауыстырса болады?» жағдаяттары қолданылады. Жұмбақ-тапсырмалар, қалжың-тапсырмалар, фигураларды құрастыру баланың шапшаң және логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.

Оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, оқу танымдық сферасының (деңгейінің) жан-жақты дамуы үшін түрлі ойындар мен жаттығулар орындатуға болады. Мысалы, зеректікке – «Өткізіп алма», «Не өзгерді?», т.б.; түрлі есте сақтауға арналған – «Кім көп сурет есіне сақтайды?», «Ассоциалы-бейнелік есті дамытамыз», «Сурет салу арқылы есте сақтаймыз»); қиялды дамыту – «Аяқталмаған сурет», «Сиқырлы балабақша», т.б.; сөйлеуді дамыту – «Сөйлемді аяқта», «Қалып қалған сөзі тап», т.б.; ойлау қабілеттерін жетілдіру – «Төртіншісі артық», «Болады болмайды», «Бір сөзбен айт», т.б.

Ал балаларды кеңістікті және уақытты бағдарлауды үйретуде мынадай ойындар: «Бұл не?», «Қайсысы жақын, қайсысы алыс?», «Суретте не шатасқан?», т.б. пайдаланып, сабақтың тиімділігін арттыруға болады. Сонымен қатар баланың танымдық іс-әрекетін дамытуға, есте сақтауы мен зейінін тұрақтандыруға орай мынадай тапсырмалар ұсынған жөн: «Лабиринт», «Берілен суреттердің санын анықта», «5-ті қорша, 3-ті сыз», «Әр қатардан артық суретті сыз», «Сандарды рет-ретімен қосу арқылы суретті сал», «Жақсы-жаман», «Мектепке барар жол» ойындары. Себебі балалар аталған ойындардың нәтижесі барысында оқудың қажеттілігін сезініп, өздерінің сабақ барсындағы іс-әрекетіне қажетті дағдыларды меңгеріп, қажетінше дамыта алады.

Бастауыш сынып оқушыларын мектепке бейімдеу барысында мектепке шолу жасау, мектеп және сүйікті ұстаздар жайлы әңгімелер айту, көркем әдебиеттер оқу, мектеп туралы суреттер көру, мектепке қажетті заттар туралы жұмбақтардың шешімін табу, ән тыңдау, тақпақтар жаттау, оқу-білім жайлы, ақылды болу туралы айтылған мақал-мәтелдермен таныстыру секілді іс-шараларды да ұтымды қолданған дұрыс. Мұның бәрі жас жеткіншектердің жаңа ортаға үйренісіп, өздеріне деген сенімділік пен ойларын еркін айтуға дағдыландыруға көп көмегін берері анық.


Зоя АБДУЛЛИНА,
Қауя БУХАРБАЙ,
№115 ЖББМ бастауыш
сынып мұғалімдері,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.