Дарынды балалармен жұмыс стратегиясы

Выпуск - №17(565)   :   05.05.2023
503

Қазіргі таңда уақыттың өзі ұстаздардың өскелең ұрпаққа жаңа заман талабына сай ұлттық дәстүр рухында білім беріп, ұлттық құндылықтарды бойы мен санасына сіңіріп тәрбиелеуге, алған білімі мен тәрбиесін кез келген ортада қажетіне жарата алуы секілді жауапты міндеттерді жүктеп отыр. 

Дарынды балалармен жұмыстың негізгі мақсаты – заман талбына сай білікті және білімді жас ұрпақтарды дайындау. Ендігі кезекте мақсатқа қол жеткізу жолдарына тоқталар болсақ, ең алдымен, балаларның пәнге қызығушылығын, білуге құштарлығын нақты анықтау қажет. Артынша баланың тапсырмаға деген зейінін тұрақтандыру, баланың бірқалыпты, жүйелі жұмыс істеуіне көңіл бөлу, олардың мінез-құлқын ерекшелігін білу, берілген тапсырманы бірлесе талдау, бала қызығушылығына қолдау көрсету, орынды кеңес беру маңызды саналады.

Дарынды балалармен жұмыс – болашақта жаңа технологияларды ойлап табатын, ізгі саясаткер, сенімді дәрігер, шебер музыкант, қайталанбас суретшіні тәрбиелеу деп түсіну керек. Олай болмаса да ол еркін, жауапты, жоғары адамгершілік иесі. Дарынды балалармен жұмыста білім ордалары олардың танымдық, эмоционалдық және форманың таңғажайып әрі өте сирек құбылыстарын тану қажет екенін қанағаттандыруды көздейді. Қандай бір іс дарындылармен жұмыстың жетістігін жоспарлаудан, мақсатты бағдарламаны айқындаудан басталады.

Аталған міндеттерді абыроймен орындау мақсатында әр оқытушы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін түрлендіріп қолданса, олардың тәжірибесі де ұштала бермек. Тәжірбие алмасу мақсатында «Дарынды балалармен жұмыс стратегиясы» тақырыбында шеберлік сыныбы қазақ тілі мен тарих маманының жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Шеберлік сыныбы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің тиімді жолдарын түсіндіре отырып, сабақтарда стратегияларды тиімді пайдалануды практика жүзінде бөлісу мақсатын көздеді. Еңбек тәжірибесінде байқағанымыздай, оқыту мен тәрбие үдерісінде дарынды балалармен жұмыс кезінде кездесетін кедергілер де бар. Мысал ретінде мұғалімдер назарына бірнеше жағдаяттар ұсынылып, талқыланып, шешу жолдарын анықтауға тырыстық. Сондай-ақ теория мен практиканы ұштастыра отырып, әдіс-тәсіл, стратегия ұғымдары кеңінен жан-жақты қарастырылды.

Шеберлік сыныбын үш кезеңге бөліп қарастыру жоспарланды: ең алдымен, тақырыпты ашуға арналған әдіс-тәсілдерге басымдық танытылды. Дарынды балалармен жұмыс стратегиясын тіл, тарих және география сабақтарында да жүзеге асыруға болады. Сабақта тақырыптар арасында пәнаралық байланысты орната отырып, оқушылардың танымдық әрі шығармашылық белсенділіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Соңғы уақытта аңғарғанымыздай сабақ үдерісінде қолданатын әдіс-тәсілдердің бірнеше түрлері жиі қайталанып отырады. Олардың қатарында: «Миға шабуыл», «Борт журналы», «Қара жәшік».

Әдістерді іріктеу уақытында көптеген ресейлік басылымдардан және отандық әдістемелік құралдың ішінен С.Симбаеваның «Кроссенс» әдісі оқушылардың сыни ойлау қабілетін шыңдауға әрі шығармашылық жұмысқа жетелейтін жағы қызығушылықты тудырды. Мұғалімдер қоржынын толықтыру бағытында «Кроссенс» әдісі назарларына ұсынылды. Белігілі бір тақырыпты ашуда бұл әдісті қолдану тиімді әрі қызықты. «Кроссенс» – ағылшын тілінен аударғанда «inter» – «өзара», «act» – «әрекет» дегенді білдіреді.

«Кроссенс» сөзі «мағыналардың қиылысуы», «пайымдаулар қиылысы» дегенді білдіреді. Бұл әдісті жазушы, педагог, математик Сергей Федин мен техника ғылымдарының докторы, суретші және философ Владимир Бусленко ойлап тапқан. Авторлар бұл әдісті «сөздер қиылысы» деген мағына беретін «кроссворд» сөзінің баламасы ретінде алған және алғаш рет 2002 жылы «Наука и жизнь» журналында жариялаған. Кез келген пән мұғалімі тақырып бойынша реттілігін сақтай отырып, «Кроссенс» әдісін төменде көрсетілген алгоритммен қолдануға болады. Мысалы: «Адам дамуы» тақырыбындағы кроссенс әдісі:

1 – тіршіліктің бастауы – жасуша;
2 – кез келген тіршілік иесі сияқты адам да жасушалардан құралған;
3 – адам дамуы сулы ортадан басталады;
4 – эволюция идеясын ағылшын ғалымы Ч.Дарвин негіздеп берген;
5 – Ч.Дарвин еңбегінің бірі – «Адамның пайда болуы»;
6 – Ч.Дарвин өз еңбегінде адамның биологиялық дамуын көрсеткенімен, интеллект жоғары рөлге ие әлеуметтік және мәдени дамуды назардан тыс қалдырған;
7 – интеллект дамуы арқылы тәжірибе қалыптасып, келесі ұрпаққа беріліп отырады;
8 – адам дамуын жайқалған, жеміс беріп тұрған ағашпен теңеуге болады;
9 – «ағаш жемісі», яғни адам білімі Леонардо да Винчи Витрувианский суретінде белгіленген үйлесімділікке, экологиялық тепе-теңдікке әкеледі. Бұл жұмыс түрін тақырыпты ашуда пайдаланса, оқушылардың сабаққа деген зейінділігі мен қызығушылығын арттыруға болады.

Шеберлік сыныбының екінші кезеңінде мәтінмен жұмыс жасауға арналған әдіс-тәсілдермен таныстырылып, қосымша ақпарат берілді. Сабақ үдерісінде балалардың ерекше қасиеттері бірден жарқырап көрінбеуі мүмкін. Ал сол дарындылық пен талантты анықтауда мұғалім сабақ сайын әдістер мен тәсілдерді сабақтың мақсатына орайластырып қарастырса, еңбегінің жемісін көретіні сөзсіз. Сонымен қатар тілдік төрт дағдының бірі оқылымда «Мәтінді квантеу» тәсілі ұсынылып, шарттары түсіндірілді.

Кванттеу үшін келесі қағидалар сақталуы тиіс: логикалық аяқталу қағидасы бойынша бүкіл мәтін(шамамен алғанда 6-7 жолдан тұратын) абзацтарға бөлінеді; әр бөліктегі ой ықшамдалып алынады, негізгі идея ғана жеткізіледі. Кейбір жанама мәліметтер, ұзақ түсіндірулерді толық беру шарт емес; әр абзацқа тақырыпша қойылады; фразалар қарапайым түрде, мейілінше жай сөйлемдер үлгісінде құрылады; ғылымиланған және сирек кездесетін сөздер мүмкіндігінше аз кездесуі тиіс; ой абзац ішінде басталып, соның ішінде аяқталады; білуі тиіс маңызды ой элементтерін міндетті түрде жазу және оны тексеру қажет.

Бұл жұмыс түрі мәтіннің мазмұны мен негізгі идеясын анықтауға, шынайы өмірмен байланыстыруына мүмкіндік береді. Сондай-ақ практика барысының үшінші кезеңінде жазылымға арналған әдіс-тәсілдерге назар аударылды. Жазылым тапсырмасында төменде көрсетілген әдістерді шығарманың негізгі ойын анықтауда, өзіндік көзқарасын білдіруде, деректерді келтіре отырып, дәлелді жауап беруде «FILА», «Фрайер моделі» әдісін қолданған өте тиімді.

Мәтінмен жұмыс жасауда «Креативті матрица» кестесі де назардан тыс қалмады. Бұл әдіс арқылы оқушы: көркем шығармадағы образдың сомдалуы мен кейіпкерге мінездеме беруде (тура және жанама мінездеуді анықтауға), шығармаға қатысты ойын дәлелдеп, пікір білдіруге, нақты дәлелді іріктеуге дағдыланады. «Креативті матрица» әдісі тапсырманы орындауда оқушыға нақты бағыттарды ұсына отырып, негізі ақпаратты қамтуға жетелейді. Кестемен жұмыс жасау арқылы мәтіннің мазмұндық құрылымына сүйене отырып, мәтінге жан-жақты талдау жұмысын жүргізіп қана қоймай, оқушылардың қабілетін ашуға, оны әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қаныш Сәтбаев атамыз: «...біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді», – деген екен. Еңбек жолында ізденісте жүрген ұстаз үнемі біліктілігін жетілдірсе, дарынды оқушыларды білім нәрімен сусындататыны сөзсіз. Ал шеберлік сынып аясында дарынды баланы оқыту мен тәрбиелеуде күтілетін нәтиже – тіл байлығы мол, кез келген ақпаратты сараптай алатын, өз ойын білдіріп, қорытынды жасай алатын, қандай да болмасын қиын істердің шешімін таба білетін, өз ойларын, бастамаларын тәжірибеде қолдана білетін, ойы жүйрік, дарынды балаларды анықтаудың жолдары арқылы оқу сапасын арттырып, рухани құндылықтар иесін қалыптастыру.

Баян КӘРІҒҰЛ,
ФМБ НЗМ қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.