Сауатты және көркем жазу мәдениетін қалыптастыру жолдары

Выпуск - №24(720)   :   12.06.2026
927

image

Бастауыш сыныптағы жазу мәдениеті – болашақ сауаттылықтың іргетасы. Қалыптасқан көркем жазу дағдысы кейінгі оқу сапасын айқындайды. Осы ретте орфографиялық және каллиграфиялық талаптарды сақтау әр ұстаздың назарында болуы тиіс.

Жазу – күрделі психофизиологиялық үдеріс. Ол көру, есту, ойлау, есте сақтау және қозғалыс әрекеттерінің өзара байланысы арқылы жүзеге асады. Оқушы әріпті жазу кезінде оның бейнесін көз алдына елестетеді, дыбыстық құрамын ажыратады, қол қимылдарын реттейді және дәптер бетіндегі орнын бағдарлайды. Сондықтан каллиграфиялық жазу дағдыларын қалыптастыру тек техникалық машықтарды дамыту ғана емес, баланың жалпы танымдық қабілеттерін жетілдіруге негізделеді.
Бастауыш сыныпта жазуға үйрету жұмысы каллиграфиялық дағдыларды қалыптастырудан басталады. Каллиграфиялық жазу – әріптердің дұрыс жазылуы, өлшемдерінің сақталуы, сөздер мен сөйлемдердің біркелкі орналасуы, дәптердің талапқа сай рәсімделуі. Көркем жазу баланың ұқыптылығын қалыптастырып қана қоймай, оның эстетикалық талғамын дамытуға да ықпал етеді. Оқушылардың жазу мәдениетін қалыптастыруда жүйелі жұмыс маңызды рөл атқарады. Мұғалім сабақ сайын каллиграфиялық талаптарға назар аударып, оқушының жетістігін бақылап отырса, нәтижесі де жоғары болады.
Каллиграфиялық дағдыларды қалыптастыру оқушылардың көркем, сауатты әрі жылдам жазу қабілетін дамытуды көздейді. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер жүзеге асырылады. Біріншіден, оқушыларды дәптерді дұрыс орналастыруға, қаламды дұрыс ұстауға, дене қалпын сақтауға үйрету қажет. Екіншіден, әріп элементтерін дұрыс жазу мен оны өзара байланыстыру дағдыларын қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, жазудың гигиеналық талаптарын сақтау арқылы оқушы денсаулығын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Жазу барысында дене қалпының дұрыс болуы ерекше маңызға ие. Кейбір оқушылар дәптерге тым жақын еңкейіп отырады немесе қаламды дұрыс ұстамайды. Мұндай жағдай жазу сапасына ғана емес, баланың денсаулығына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан мұғалім әр сабақта оқушылардың дұрыс отыруына, көз бен дәптер арасындағы қашықтықтың сақталып, дәптердің дұрыс көлбеу орналасуына көңіл бөлуі қажет. Әлбетте, каллиграфиялық талаптар бірте-бірте енгізіледі.
Бірінші сыныпта оқушылар сөздегі әріптердің көлбеулігін сақтап, бірдей арақашықтықта әрі ұқыпты жазуға дағдыланады. Бұл кезеңде жазу жылдамдығынан гөрі оның сапасына басымдық беріледі. Балалар әріптердің элементтерін дұрыс жазуды, жолдан шықпауды және дәптерді таза ұстауды үйренеді. Екінші сыныпта қойылатын талаптар күрделене түседі. Оқушылар әріптердің биіктігін бірдей сақтап, сөздерді буынға бөлмей жазуға, жазу қарқынын арттыруға үйренеді. Бұл кезеңде жазу сапасы мен жылдамдығы қатар дамытылады. Дегенмен мұғалім барлық талаптарды бір мезетте қоймауы тиіс. Әрбір жаңа талап оқушыға түсінікті болып, біртіндеп меңгеріледі.
Каллиграфиялық дағдыларды дамыту барысында көрнекілік әдістері кеңінен қолданылады. Әріп үлгілерін көрсету, дайын жазу нұсқаларын талдау, интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалану, бейнематериалдар көрсету – осылардың барлығы оқушылардың материалды жақсы меңгеруіне көмектеседі. Балалар көзбен көріп, салыстырып, жазуын түзетуге мүмкіндік алады. Тәжірибеде тиімділігі жоғары әдістердің бірі – штрихтық жаттығулар. Бұл жаттығулар жазуға дейінгі дайындық кезеңінде де, жазу дағдысын жетілдіру барысында да қолданылады. Штрихтау арқылы қолдың ұсақ моторикасы дамиды, саусақ бұлшықеттері жаттығады және қозғалыс дәлдігі артады. Сонымен қатар оқушылардың кеңістікті бағдарлау қабілеті жетіледі.
Штрихтық жаттығуларды орындау кезінде бірнеше ереже сақталуы тиіс. Біріншіден, сызықтар белгіленген шекарадан шықпауы қажет. Екіншіден, бір сызықты екі рет бастырып жүргізуге болмайды. Үшіншіден, сызықтар арасындағы қашықтық біркелкі болуы керек. Осы талаптарды жүйелі орындау арқылы оқушылар жазу кезінде қажетті дәлдік пен ұқыптылыққа үйренеді. Біздің педагогикалық тәжірибеміз көрсеткендей, әр сабақтың басында 2-3 минуттық каллиграфиялық минут ұйымдастыру жақсы нәтиже береді. Мұндай жұмыс оқушылардың белгілі бір әріпті, әріп тіркесі мен сөзді бірнеше рет жазып, жазу техникасын жетілдіреді. Каллиграфиялық минуттар оқушыларды сабаққа дайындап қана қоймай, олардың зейінін шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Каллиграфиялық дағдыларды қалыптастыруда ата-аналармен бірлескен жұмыстың да маңызы зор. Үй жағдайында баланың жазу құралдарының дұрыс таңдалуы, жарықтың жеткілікті болуы, сабаққа арналған жұмыс орнының ыңғайлылығы жазу сапасына әсер етеді. Сондықтан мұғалім ата-аналарға жазудың гигиеналық талаптары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырғаны абзал. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты қолмен жазудың маңызы төмендегендей көрінуі мүмкін. Алайда ғылыми зерттеулер қолмен жазудың баланың есте сақтау қабілетін, ойлауын және сөйлеу мәдениетін дамытуда ерекше рөл атқаратынын көрсетеді. Қолмен жазу барысында оқушы ақпаратты тереңірек қабылдайды және оны жақсы есте сақтайды. Сол себепті каллиграфиялық жазуға үйрету өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Орфографиялық сауаттылық пен каллиграфиялық дағды өзара тығыз байланысты. Әдемі әрі анық жазылған мәтінді оқушының өзі де, мұғалім де оңай оқиды. Бұл жазба жұмыстарындағы қателерді азайтуға ықпал етеді. Сондықтан көркем жазу мен сауатты жазуды қатар дамыту – бастауыш білім берудің маңызды бағыттарының бірі.

Шолпан АХМЕТОВА,
Закира КАЛДАМАНОВА,
Жанар ЕРТЫШПАЕВА,
№24 мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімдері,
Қостанай қаласы

Реклама

Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.