«Spark физика»: әр оқушыға – жеке бағыт, әр нәтижеге – нақты талдау

Выпуск - №43(739)   :   13.11.2026
65

Spark-1

«Spark физика» әр оқушыға – жеке бағыт, әр нәтижеге – нақты талдау

Қазіргі мектеп оқушысын немен таңғалдыруға болады? Қалың оқулықтағы күрделі формулалармен бе? Әлде құрғақ тестілеумен бе? Әрине, бұл әдістермен қызықтыру қиын. Бүгінгі цифрлық ұрпақ – Z және Alpha өкілдері ақпаратты мүлдем өзгеше қабылдайды.

Оларға жылдамдық, көрнекілік, интерактивтілік және ең бастысы «маған бұл не үшін керек?» деген сұраққа нақты жауап қажет. Сондықтан педагогикалық тәжірибемде жасанды интеллект көмегімен оқушының білім деңгейін, оның не білетінін және неден қателесетінін лезде анықтап беретін 8-сыныпқа арналған «Spark физика» авторлық цифрлық диагностикалық платформасын әзірлеп, сабақ үдерісіне енгіздім.
Кез келген электронды оқулық немесе онлайн тест «платформа» деп аталғанымен, олардың көбі оқушының шынайы білім сапасын көрсете бермейді. Көбіне цифрлық тест орындаған оқушы 80% жинаса, оның неге 20% жоғалтқанын ажырата алмайды. Ол балл не көрсетеді? Оқушы физикалық құбылысты түсінбей тұр ма, әлде массаны килограмға айналдырудан қателесті ме? Менің «Spark физика» авторлық платформамның артықшылығы да осында: ол оқушының білім деңгейін лезде анықтап, нәтижені ұпаймен емес, оқу мақсаттары мен нақты дескрипторлар арқылы талдап, әр оқушыға сараланған жеке кері байланыс ұсынады.
Платформа 8-сынып физикасының төрт тоқсанындағы 7 тарау мен 11 зертханалық жұмыстан тұратын 61 тақырыпты толық қамтып, құрамында 352 тапсырма карточкасын, 40 негізгі симулятор бөлімін, 32 оқулық жаттығуларының бейімделген топтамасын және үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) интерактивті оқу ортасын біріктіреді. Бұл оқу үдерісін зеріктірмей, оқушыларды қызықтыра білуі үшін оқыту мен диагностиканы ойынмен ұштастыратын геймификация жүйесін енгіздім. 13-14 жастағы 8-сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай «Spark Galaxy» ғарыштық кемелер жарысы әзірленді.
Оқушылар сабақта физикалық есептер мен диагностикалық тапсырмаларды дұрыс орындау арқылы арнайы ғарыштық энергия жинап, осы энергия арқылы галактикадағы ғарыш кемелерінің жарысына қатысу мүмкіндігін алады. Ойын заманауи видеоойындардың ережесіне сай өте қызықты ұйымдастырылған: оқушылар талғамдарына сай кеме аватарын таңдайды, тапсырма орындап жинаған ұпайларына ойын дүкенінен (Shop) қорғаныс қалқандарын (Shield), турбо-жеделдеткіштер мен астероидтарды анықтайтын радарларды сатып алады. Осылайша, галактика ашықтығында астероидтарға соғылмай, энергия сақиналарының ішінен өтіп ұпай жинау арқылы сабақтағы білімді бекітеді.

Spark-QR

«Spark физика» авторлық цифрлық платформасымен танысу үшін  QR кодты сканерлеңіз


Цифрлық құрал инклюзивті білім беру талаптарын толық сақтайтынын да айта кеткен жөн. Ерекше білім беруді қажет ететін, соның ішінде көзі нашар көретін оқушылар үшін мәтінді 100%-дан 200%-ға дейін үлкейту, тапсырмалардың үш тілде сапалы дыбысталуы, тыңдау және жеңілдетілген оқу қадамдары толығымен қарастырылған. Платформа мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен сабақтас: барлық 61 сабақта тақырыпқа сай қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері берілген, ал есептер киіз үйдің жылу оқшаулауы, Астанадағы энергия үнемдеу, тауда судың қайнауы сияқты ұлттық контекстпен және қазақы ою-өрнекті бейнелермен көмкерілген.
Тапсырмаларды «алдымен өзің орында» ескертулері мен алғашқы әрекетті бөлек сақтау ережелері бала бойында академиялық адалдық мәдениетін қалыптастырады. Осылайша, жасанды интеллект (ChatGPT, Codex) мүмкіндіктерін мен авторлық цифрлық платформамда оқушы деңгейін анықтау алгоритмдерін құруда, бағдарламалау кодын жазуда және үш тілдік мазмұн нобайларын жасауда тиімді көмекші ретінде қолдандым. Алайда оның педагогикалық мәні, бағалау логикасы мен сараптамалық жауапкершілігі толығымен менің бақылауымда. Тәжірибе жүзінде бұл ЖИ арқылы жасалған диагностикалық платформаны сабақта қолдану керемет сандық және сапалық динамиканы көрсетті.
Атап өтер болсам, 2025-2026 оқу жылының соңғы тоқсаны мен 2026-2027 оқу жылының бірінші тоқсанының мониторингі бойынша 8 «А» және 8 «Ә» сыныптарында білім сапасы 50,00%-дан 66,67%-ға дейін (+16,67 п.т.) артты. Ең бастысы, оқушылар өздерінің қай жерден қателескенін дер кезінде көріп, түзету жасай алды. Бұрын «3» деген бағаға оқыған балалардың өзі кемшіліктерін жойып, олимпиадалық жарыстарға қатысуға ниет білдіре бастады. «Spark физика» – оқушының деңгейін, не білетінін не білмейтінін дер кезінде анықтап, мұғалімнің де, баланың да уақытын үнемдейтін сапалы цифрлық құрал. Болашақтың білімі осындай дәл деңгейлік диагностика мен жеке кері байланыс тоғысқан жерде жасалатынына кәсіби педагог ретінде көзім жетіп отыр.

Салтанат МАЖЕНОВА,
№15 жалпы білім беретін
мектептің физика пәнінің
мұғалімі, педагог-шебер,
Қостанай қаласы

Реклама

Для меня счастливо сплелись преподавание русского языка и литературы в школе и возможность проявить себя в журналистике. Работая со словом, я на страницах газеты могу выразить свои мнения, размышления, впечатления, поделиться достижениями коллег, учеников. Освещаю активную профсоюзную деятельность в образовательной сфере города Рудного. С удовольствием пишу и о спортивных мероприятиях, потому что сам неравнодушен к спорту. И очень приятно, что мои творческие порывы находят признание и в редакции, и у читателей «Учительской плюс».

Как говорил Ахмет Байтурсынов, «изначально газета – глаза народа, его уши и язык. Как человеку необходимы глаза, уши и язык, так и народу нужна газета». В этом смысле считаю газету «Учительская плюс» одним из передовых изданий нашей области. Потому что здесь не только учителя, но и ученики, студенты, а также их родители могут найти самую необходимую информацию. А для учителей в особенности «Учительская плюс» является платформой для развития профессиональных навыков и обмена опытом.