«Мұғалім қандай болса – мектебі сондай болмақ», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, біздің Тимофеев жалпы білім беретін мектебінде жұмыс істеп жатқан жас мамандар туралы ауыз толтырып айтуға болады.
Ұстаздық жолға түскен әрбір жас маманның өзіндік педагогикалық шеберлігі, өзін-өзі жетілдіруі, ізденімпаздығы, өмірге деген құлшыныстары көңіл қуантады. Алдында отырған әрбір оқушыға жеке тұлға ретнде қарап, олардың әрқайсысы шығармашыл, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына атсалысатын жас ізбасарларымыздың қатары артып жатқаны қуаныш сыйлайды.
Жас мамандар жұмысқа кіріскен сәттен бастап мектеп өмірінде бір тың серпін байқалады. Оқу орнын ойдағыдай тәмәмдаған жастар «Серпін» бағдарламасы аясында ауылдық жерде еңбек жолын бастады. Олар ұйымдастырған әрбір іс-шара қызықты, әр сабағы ізденіске толы, жаңа заман талабына сай ерекше серпінде өтеді. «Басшы білікті болса, мектеп табысты болады» дегендей, Капишева Сауле Айтбаевна жетекшілік ететін Тимофеев мектебінде тың өзгерістер орын алып, мектебіміз жыл сайын жаңа белестерге көтеріліп келеді.
Ұстаздық жолын бастаған жас маманға мектеп басшылығы үлкен сенім артып, педагогикалық шеберліктерінің шыңдалуына жол көрсетер көшбасшы болып қана қоймай, жастардың жалынды істеріне үнемі қолдау көрсетіп отырады. Жас мамандардың нәтижелі жұмыс істеуі үшін, ең алдымен, олардың баспанамен қамтылуымен қатар әрқайсының ұлағатты ұстаз болуына тәлімгерлік те көмек көрсете білу қажет. Осы тұста адалдық пен адамдықты ту еткен жастарымызға тоқталып өтпекпін.
Жігер Қоқай
Жігер Қоқай – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын 2020 жылы аяқтап, қазіргі таңда мектебімізде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқаруда. Болашағынан зор үміт күттіретін жас маманның жауапкершілігі зор, әр сабағын мықты дайындықпен бастайды. Алдындағы әр оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып, сабағының қызықты өтуіне мән беріп қана қоймай, қызықты математика әлеміне оқушыларды жетелеп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға көңіл бөледі. Математика пәнін таңдаған жас маман мектеп оқушыларын «Ойна домбыра» үйірмесіне тартып, ұлттық салт-сананың дамуына да үлес қосып келеді.
Жібек Ахметова
Жібек Ахметова – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін тәмәмдап, мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Әр сабағына мұқият дайындалатын Жібек, сабақ барысында жас жеткіншектердің бойында рухани, патриоттық, ұлтжандылық қасиеттердің қалыптасуы үшін оқу үрдісімен қатар тәрбиені ұштастыра біледі. Бала кезінен Абай, Махамбет, Шәкәрім шығармаларын бойына сіңіріп өскен жас маман болашағынан зор үміт күттіреді. Жұмыс істеген 8 ай барысында қол жеткен жетістіктері де көңіл қуантарлық.
А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткізілген аудандық «Ахмет оқулары-2022» байқауында 9 «А» сынып оқушысы Айалы Асан алғыс хатпен марапатталды. «Шоқан мұрасы – ұлт тарихы мен ел жастарына серт» тақырыбындағы оқушылар арасында өткізілген аудандық ғылыми-практикалық конференциясында «Ең үздік қорғау» номинациясы бойынша 10 «А» сынып оқушысы Гүлнұр Монтай мақтау қағазбен марапатталды. Сондай-ақ «Ахмет пен Бадрисафа – ұлы махаббат тарихы» аудандық сырттай буктрейлер байқауына белсене қатысып, алғыс хатпен марапатталса, «Жас мұғалім-2022» аудандық байқауында екінші орынға ие болды.
Ерболат Тасқынбай
Ерболат Тасқынбай – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын 2020 жылы тәмәмдап, бүгінде мектебімізде физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Жаңалыққа жаны құмар Ерболат Тасқынбайұлы мектепте оқушылар арасында дебат үйірмесін ұйымдастырып, аудан бойынша бірінші орынға ие болды. Облыс бойынша оқушылар арасында өтетін дебат сайыстарына оқушыларды дайындап, олардың бойында бәсекеге қабілеттілік сезімдерін дамытуға үлес қосып жүр. Өмірлік ұстанымы: «Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді».
Дильдора Мирзаева
Дильдора Мирзаева – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын 2021 жылы тәмәмдап, мектебімізге ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Дильдора Анваржанқызының сабақтары оқушылар үшін де, әріптестер үшін де әрдайым қызықты, жаңашыл форматта өтеді. Тәлімгерлер тарапынан берілген ұсыныстарды үнемі ескере отырып, алдында отырған оқушылардың ағылшын тілінде таза сөйлеуіне көңіл бөліп, олардың бойында оқу сауаттылығын дамытуға тырысады. Ол қазіргі замандағы ағылшын тілінің маңызын терең түсіне отырып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оқу орнында алған білімін практикада тиімді ұштастыра біледі. Педагогикалық шеберлігін арттыруға тырысатын жас маман, кәсіби шебер ұстаздармен тәжірибе алмаса отырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөледі.
Асылзат Айтжан
Асылзат Айтжан – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын 2021 жылы тәмәмдады. Мектебімізде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Жастайынан көркем әдебиетті, сурет өнерін сүйіп өскен ол, жас ұрпақтың заманға сай қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Үнемі өзін-өзі жетілдіре отырып, тәлімгерлер мен ұстаздардың пікірінен қорытынды шығара білетін талапты жас мамандардың бірі. Ұстамды, мінезге бай Асылзат Төлегенқызы ағылшын тілінің маңызын түсіндіре отырып, жастардың ойлау, сауатты сөйлеп, жаза білуіне назар аударады. Заман талабына сай жаңашыл инновациялық технологияны, компьютерлік электронды оқулықтарды сабақтарында тиімді қолдануымен ерекше.
Зарина Владимирова
Зарина Владимирова – былтыр Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тәмәмдаған. Бүгінде мектебімізде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Табиғатынан ақкөңіл, мінезге бай жас маман жұмысқа кірген сәтінен бастап оқушылардың жүрегін жаулап алды. Зарина Владимировна әр сабағына жауапкершілікпен қарап, оқушылардың сапалы білім алуымен қатар саналы тәрбиесіне көңіл бөледі. Биология сабақтарында АКТ тиімді пайдалана отырып, халықаралық PISA зерттеулерін өткізуде тест тапсырмаларын орындауда оқушылармен бірге жақсы жұмыстар жүргізе білді. Алға қойған мақсаты: «Өзін-өзі жан-жақты жетілдіру және педагогикалық шеберлігін арттыру».
Камила Иманходжаева
Камила Иманходжаева – Қостанай педагогикалық колледжінің 2021 жылғы түлегі. Бүгінде мектебіміздің бастауыш сыныптар мұғалімі. Жас ұрпақ тәрбиесіне жаңашылдықпен қарайды. Әр сабағында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына, бәсекеге қабілетті болуына мән береді. Ұстаздық қызметті жетік меңгеру үшін өзін-өзі жетілдірумен айналыса отырып, сабақтарында жаңашыл технология элементтерін пайдалана біледі. Әрбір сабағына жауапты қарап отыратын Камила, тәлімгерлермен үнемі тәжірибе алмасып отырады.
Сандуғаш Кужахмедова
Сандуғаш Кужахмедова – 2019 жылы Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетті тәмәмдаған. Мектебімізде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Сандуғаш Ерманқызы алдында отырған әр баланың жеке жас ерекшеліктерін ескере отырып, бастауыш сынып оқушыларының қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеріп отырады. Табиғатынан ақкөңіл, көркем мінезді Сандуғаш Ерманқызы жаңашыл инновациялық оқыту элементтерін, дидактикалық материалдарды түрлендіре отырып, оқушының сауатты жазу, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Ақылбек Нурманов
Ақылбек Нурманов – Қостанай педагогикалық колледжінің 2021 жылғы түлегі. Мектебіміздің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ ол мектебіміздің 2017 жылғы түлегі. Он бір жыл бойы білім алған алтын ұясына қайта оралғанына өте қуаныштымыз. Жастайынан спортпен айналысқан Ақылбек, аудан, облыстық деңгейдегі командалардың құрамына еніп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оның бойынан үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттер ата-анасының тәрбиесінен берілген. Оқушыларды саламатты өмір салтын ұстануға насихаттайды.
Айнұр ШИЛДЕБАЕВА,
Тимофеев ЖББМ
директордың тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары,
Әулиекөл ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.