Әке аманатына адалдық

Выпуск - №7(504)   :   18.02.2022
320

«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі», – деген сөзін өз өнегесімен өрнектеп, ұлт мүддесі жолында аянбастан қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазуға әркімнің-ақ бар таласы. Әсіресе, ұлт ұстазының 150 жылдығы тойланатын осынау кезеңде ұлы тұлға болмысы мен мұрасына қызығушылық танытып, сөз арнағысы келетіндер қатары қалыңдай бермек.

Неге десеңіз, әлемдік деңгейде ұлықталатын Ахаңдай алып тұлға әлеміне бойлаушылар саны артып, оған деген халық сүйіспеншілігі мен қызығушылығы еселене түседі. Осыған орай, анау айтқандай жаңалық ашпасақ та, ұлы дала елінің дара перзентінің қажырлы қызметі мен мәңгілік мәнді шығармашылығының, жалпы өнегесінің бір қырын арқау етіп, оқырман назарына ұсынып отырар болсақ, ұтылмасымыз анық.

Ахаңа қатысты қандай да бір тақырыпты қаузар алдында авторлар кейіпкердің мұрасына үңіледі, сондай-ақ түрлі зерттеулерге зер салып, ой елегінен өткізеді. Қажеттісін жинақтап, тақырыпқа сай нақтылайды, оны қазіргі заманмен сабақтастыра жаңғыртып, өзіндік ой түюге талпынады. Бұның бәрі, әрине, айтуға ғана оңай. Десек те, бұл бір жағынан, Ахаңды жақынырақ тани түсуге ықпал етсе, екіншіден, тау тұлғаға деген тағзым өзгелердің де санасына қозғау салып, тағылымынан нәр алуға жетелері сөзсіз. Ахаңды насихаттау дегеніміз – ол қазақстандық патриотизмге, ұлтжанды болуға, ұлтқа қызмет етуге баулудың, ұлы тұлғаларды ұлықтауға тәрбиелеудің ерекше бір маңызды құралы, себебі олардың өмірі мен қызметі – тәлім-тәрбиенің қайталанбас қайнар көзі. Шынында да, ұлт ұстазының тағдырына шешуші ықпал еткен факторлардың қай-қайсысы болсын кім-кімге де қызықты, қажетті деп ойлаймыз. Олай болса, бала Ахметтің санасына сілкініс әкелген оқиға мен әке аманаты жайында аз-кем сөз қозғап көрелік.

Сөзімізді бала Ахметтің оқуға бет бұрып, білім қууына себепші болған оқиғадан бастайық. Ахметтің бірінші мүшелі, яғни 13 жасында орын алған атышулы оқиға туралы ахметтанушылардың зерттеулерінде аз жазылған жоқ. 1885 жылғы қазан айының 12-сі күні Торғай уезінің бастығы Я.П. Яковлев өз адамдарымен кенеттен Шошақовтар ауылына келе қалады. Байтұрсынды қолға түсіреді, мұнысымен қоймай, бауыры Ақтасты тауып беруін талап етіп, қазақтарды қорқытып, тіпті әйелдер мен балаларға дейін ұрып-соға бастайды. Мұндай қатыгездікті көріп, Байтұрсын Яковлевке бас салады, ауыр соққыдан қанға малынған уезд бастығы атынан жерге құлап түседі... Осы тұста сәл шегініс жасап, бүлікші туралы аз-кем мәлімет беріп өтейік.

Я.П. Яковлев қазақ арасында өскен, қазақ тілін ана тіліндей жетік меңгерген адам болған. Оның аты-жөні ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин хаттарында жиі ұшырасады. Мектеп ашу ісінде Яков Петровичтің Алтынсаринге көп көмегі тиген, ел арасында да беделі жоғары, сыйлы кісі болған көрінеді. Ыбырай Я.П. Яковлевті аса қадірлеп, демеушісі әрі тәрбиешісі ретінде құрмет тұтатын. 1882 жылы полковник Яковлевтің әскери қызметіне 50 жыл толуына орай, қолөнер мектебін осы «құрметті ақсақалдың» есімімен атау ұсынылғанда, мұны жергілікті тұрғындар қатты қолдаған. Алтынсарин 1883 жылы 15 қарашада Торғайда қолөнер училищесін ашып, оны Яков Петровичтің құрметіне «Яковлев мектебі» деп атаған. Мұны Н.Ильминскийге жазған хатындағы: «Торғайда ерекше қолөнер мектебін ашпақпыз, ...қадірлі ақсақалымыздың құрметіне «Яковлев мектебі» деп атамақшымыз», – деген сөздері де айғақтайды.

Ы.Алтынсарин құрметтеген Яковлев кейін сол ұлы ағартушы-педагогтің шәкірті әрі ізбасары саналатын болашақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әкесі мен туыстарының Сібірге жер аударылып кетуіне себепші болғанын біреу білсе, біреу білмес. Құрметті Яковлев мырзаның Шошақовтар ауылында 180 градусқа өзгеріп, лаң салуына не себеп болды екен? Қолөнер мектебі ашылғаннан кейін екі жыл өтер-өтпесте болған оқиғаның туындауына қатысты ғалым Серікбай Оспанұлы былайша жазады: «Ағайын арасында дау-дамай болмай тұра ма? Жыңғылдыдағы бұл оқиғаның туындауына Дәуітбайлар мен Үмбетейлердің арасындағы кикілжің себеп болған сияқты. Екі ру айтысқанда, Яковлев Дәуітбайларға бұрып, солардың сөзін сөйлейді». Үмбетей – Ахметтің арғы атасы, әйгілі батыр болғанын еске салып өтейік. Ахметтің әкесі – Байтұрсын – табиғатынан еті тірі, мықты әрі жігерлі, бостандыққа құштар жан болған.

Аталмыш оқиғаның немен аяқталғаны баршаға аян. Сөзі өтімді, билігі басым Яковлев жоғары жаққа шағымданады. Шошақовтарға қатысты өте ауыр – 15 жылға Сібірге жер аудару туралы үкім шығарылады. Ал Ахметтің әкесі Байтұрсын – заңсыз сотталғандығы туралы үкіметке шағым жазу үшін, орысша сауатты адамды таба алмай, қатты қапаланады. Үміт еткен ұлы Ахметке қарата: «Көрдің бе, балам, билікке арыз жаза алмағандықтан, Сібірге айдалып кетіп барамыз. Ақ-қарасын ажыратып, бәрін түсіндіріп жазғанда, мүмкін, мерзімін қысқартар ма еді әлде үкімді жояр ма еді. Сондықтан, балам, қандай қиыншылыққа ұшырасаң да, аш қалсаң да, мейлі жалаңаш, жалаңаяқ жүрсең де, жататын орның болмаса да, қанша қорлық көрсең де, оқы», – деп, міндетті түрде білім алуын аманаттап кеткен екен. Отбасына үйірілген ауыр сынақ Ахмет жанына үлкен әсер етті. Ол айналаға сыни көзбен қарай бастады.
Ауыр үкім арқалап кеткен ағаларының (Байтұрсын, Ақтас, Данияр) отбасы мүшелерінің жауапкершілігін қамаудан төрт айдан соң босатылған Ерғазы (Шошақтың кіші ұлы) өз мойнына алады. Десек те, Ахметтің анасы Күңші де еті тірі, жігерлі әйел болған көрінеді. Қолында қалған төрт ұлы – Қали, Кәкіш, Ахмет, Мәшен – мен қызы Зилашты тәрбиелеп, жеткізуге бар күшін салып, ерінің аманатына орай, балаларының оқып, білім алуына ерекше көңіл бөледі.
Балаларының ішінде зеректігін, қабілетінің басымдығын байқатқан Ахмет 1882-1884 жылдары ауыл мектебінде сауатын ашады. Кейін, 1886 жылы, ағасы Ерғазының қолдауымен ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин ашқан Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, 1891 жылы бітіріп шығады. Ендігі жерде Ахмет өзгелерді оқытуға бел байлап, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте 1991-1995 жылдары білім алады. Осы жылдар ішінде сабақтан бос уақытын кітапханада өткізіп, көп оқиды, өзін мазалаған сұрақтардың жауабын орыс революционер-демократтары В.Белинский, Н.Чернышевский, Д.Писаревтің еңбектерінен іздейді.

Еңбек жолын Ақтөбе уезінің Батпақты болысындағы ауылдық мектепте сабақ беруден бастайды. Мұғалімдік қызметін одан әрі Қостанай уезіндегі Әулиекөлде, көп ұзамай Қостанайдағы екісыныптық орыс-қазақ училищесінде жалғастырады. Бала оқыту ісімен айналысып қана қоймай, қоғамдық мәселелерге назар аудара бастайды. 1896 жылы Ахмет Ақмола және Семей мектептеріне жетекшілік еткен А.Алекторовпен байланыс орнатады. Оның шақыруымен Омбы қаласына келеді. Мұнда 1901-1904 жылдары тұрып, шығармашылықпен айналысады. А.Алекторов тек педагог қана емес, өлкетанушы, этнограф ретінде танымал болатын. Осындай жан-жақты білімді адаммен жақындасу Ахметтің ой-өресінің кеңейіп, көзқарасының қалыптасуына әсер етті.

Алекторовпен кездесуден кейін Ахметтің дүниетанымында түбегейлі өзгерістер болды. Енді ол айналада не болып жатқанын айқын көріп, жақсы түсінеді. Ахмет қалай да халық санасын ояту, оның жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздестіріп, әділет үшін күреседі, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Ғалым М.Қойгелді айтқандай, «Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында ұлттық жаңғыруды бастап, оны бір арнаға салушы топтың басында тұрды. Олар бастаған қоғамдық қозғалысты қазір біз «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз». Бұл төңірегінде тарихшылардан асырып айта алмаспыз, олай болса, тақырыпқа орай сөзімізді одан әрі сабақтайық.

Ахмет 1904-1907 жылдары Қарқаралыда еңбек етеді. Орыс-қазақ мектебінде мұғалім, кейін оның меңгерушісі қызметін атқарады. Қарқаралыда Ахметің дүниетанымдық көзқарасы кеңейе түседі. Атақты «Қарқаралы петициясы» атымен тарихқа еніп, қазақ зиялыларының Ресей императорына жолдаған хаты осы тұста жазылады. Иә, Ахмет Байтұрсынұлының бала кезіндегі мінез-құлқына, оқып-білім алуына, мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жылдардағы, сондай-ақ мұғалімдік қызметінің бастапқы кезеңіндегі оның дүниетанымына, көзқарасына әсер еткен кейбір факторлар жөнінде шама-шарқымызша жеткізуге тырыстық. Дегенмен де негізгі көздегеніміз оның әке аманатына адалдығын көрсету болатын. Қайран әкесінің «қайтсең де оқы» деген аманаты санасында мықтап ұялаған Ахмет ауыл мектебінен кейін де, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бас-аяғы он шақты жыл оқиды.

Кәсіптік білім алып, мұғалім мамандығын меңгеріп шығады. Ол білімін әрдайым толықтырып, қызметінің де ауқымын кеңейтіп отырды. Білім саласында бас-аяғы 14 жыл, 1895-1909 жылдар аралығында аянбастан қызмет етті. Жоғары оқу орындарында сабақ берді. Қарапайым мұғалімнен оқу министрі қызметіне дейін көтерілді. Ғылыммен етене айналысты. Ахмет бес рет түрмеде отырып, екі рет жер аударылды. Қаншама рет қудаланып, талай қиыншылықты бастан кешсе де, халық үшін қызмет етуден танбады. Әке аманатына адалдық Ахаңды биіктерге жетелеп, ағартушы-педагог, саясаткер, қоғам қайраткері дәрежесіне жеткізді. Ол білім-ғылым атты құдіретті құндылықты ту етіп ұстап, мәңгілікке ұлт ұстазы атанды.


Биалаш СҮЙІНКИНА,
Қостанай педагогикалық
колледжі, ҚР білім саласының
құрметті қызметкері,
Ләззат АХМЕТБЕКОВА,
№9 бастауыш мектептің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Рудный қаласы

Реклама

Трогательное суеверие заключается в том, будто благодаря знанию всё большего числа фактов человек приходит к знанию действительности. Сотни разбросанных, не связанных друг с другом фактов вбиваются в головы учеников; их время и энергия заняты заучиванием всё большего и большего числа фактов, так что для мышления остается мало времени и сил. Несомненно, мышление без знания фактов остаётся пустой фикцией; однако одна только «информация» может оказаться таким же препятствием для мышления, как и её отсутствие.

Я никогда не учу своих учеников, я пытаюсь только обеспечить условия, в которых они смогут учиться. Учителю необходимо узнать об интересах ученика, увидеть в нём потенциал и бросить все силы на его развитие. Причём сделать это так, чтобы ребёнок хотел учиться и мог это делать.