Ардақты әке, ұлағатты ұстаз

Выпуск - №44 (541)   :   12.11.2022
527

«Әке – асқар тау» демекші, әр перзенттің өмірінде ардақты әкенің алар орны ерекше. Әке дегенде, ойымызға нұрлы жанарымен мейірлене қарайтын, отбасының темірқазығы, ұйытқысы, қорғаушысы келетіні рас. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі де осы артақты тұлға.

«Әке көрген оқ жонар» деп халқымыз бекер айтпаған. Мағынасына тереңірек ұғынар болсақ, бір ауыз сөзде санаға түйетін сансыз ұлағат жатыр. Асқар тау әкенің барлық қадір-қасиетін, өнегесін сипаттайтын дана халқымыздың осы қанатты сөзін арқау ете отырып, біз өзіміздің әкеміз туралы сыр шертпекшіміз. Әрине, әркімге өз әкесі ерекше қымбат, бәрінен де артық болатыны сөзсіз. Біздің де асыл әкеміз Қожақ Жамбайұлы Сатубалдин – азамат деген абыройлы атқа адал, жаны жайсаң жан.

Ардақты әкеміз 2022 жылғы қарашаның 7-сінде 90 жасқа толып отыр. Бала-шағасы мен балдай тәтті немерелері мен шөберелерінің атынан асқар тау әкемізге мерейлі мерейтойына арналған, балалық жүрегімізден шыққан жылы лебіздерімізді жолдай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бала-шағасының арасында тірегі болып жүре беруін тілей отырып, әрі әкеміз, әрі өмірдегі ұстазымыздың өмірбаянын әңгімелеп бергіміз келді.

Әкеміз 1949 жылы Бозшакөл ауылының жетіжылдық мектебін аяқтап, 1952 жылы Сарыкөл аудандық 10 жылдық мектебін бітірген. Сол жылы Қостанай мұғалімдер институтына түсіп, екі жылдан кейін бітіріп шыққан. Кейінірек, 1973 жылы әкеміз Қостанай педагогикалық институтының биологиялық факультетін сырттай тәмамдаған. 1954 жылы жолдама алып барған бірінші жұмыс істеген орны – №16 ауылы, Аманкелді сельсоветі, Сталин колхозының жетіжылдық мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. 1956-1958 жылдары бабамыз Шоқай әулие туған Қарағайлы жетіжылдық мектебінде жұмыс жасаған. Содан кейін әке-шешесі тұрып жатқан Сарыкөл ауданның Шылыш ауылындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін алты жыл атқарған.

Ол кездегі саясат – ұсақ ауылдарды жою, олардың тұрғындарын бір орталыққа жию болды. Сондықтан, көпшілік Бозшакөл орталығына көше бастаған. Әкеміз де екі жылдай алдын ала дайындалып сол орталықта үй салып, 1964 жылы жанұясымен бірге көшіп келген. Бозшакөл орта мектебіне биология және география мұғалімі ретінде жұмысқа орналасып, зейнеткерлікке шыққанша 40 жылдан аса адал жұмыс жасады. Әкеміздің тәрбиелеген шәкірттері бүгінгі күні әлемнің әр түпкірінен сәлем жолдап, мерейтойымен құттықтауда. Бүгінде олар әртүрлі саланың белді мамандары болып, талай жетістіктерге жетті. Атап өтетін жайт, шәкірттердің арасында әкеміздің сара жолын жалғап, педагогика саласында қызмет етіп келе жатқандары баршылық. Әкеміз өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие бергені үшін басшылық атынан көптеген жоғары марапаттарға, жергілікті халықтың құрметіне ие болды. Сол құрметтің ешқашан ортаймайтынына сенімдіміз.

Әкеміз 1953 жылдың 7 қарашасында Алтын анамызбен бірге өмірдің жаңа парағын ашып, шаңырақ көтерді. Ата-әжеміз әкеміздің қолында болып, қара шаңырақ «үлкен үй» аталып, барлық туған-туыстың бас қосатын орнына айналды. Әкеміз атамыздың көптеген асыл қасиеттерін өз бойына сіңірді. Атап айтар болсақ, әкеміздің атадан дарыған ұсталық шеберлігі, даналығы, кішіпейілділігі мен мейірімділігі – осының айғағы. «Қуансаң қуана бер, әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын», – деп ән шумағында айтылғандай, ата-анамыздан біз алты бала тарадық. Әке-шешеміз барлығымыздың тәлім-тәрбие алып, жоғары білім алуымызға зор ықпал етіп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды.

Әкеміздің тұңғыш қызы Шолпан Алматы қаласында 30 жылдан аса ақ халатты абзал жан – дәрігер қызметін абыроймен атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шықса да, денсаулық сақтау саласындағы қызметін жалғастыруда. Көп жылдар бойы Шолпан Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасында аллергология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Шолпан – медицина ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласының бас аллергологы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және басқа да үкіметтік марапаттардың иегері. Екінші қызы Айман – педагог, филолог, ол зейнеткерлік жасқа дейін Қостанай педагогикалық институтының оқу-әдістемелік бөлімшесін басқарды. Ұстаз ретінде талай шәкірт тәрбиелеп, бүгінде сол шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленіп отыр. Айман – шығармашыл тұлға, ол спортпен айналысып, жастарға салауатты өмір салтын насихаттауды ұстанады.

Ұлы Жангелді – инженер-механик, өзі дүниеге келген Босшакөл ауылында әкім жұмысын атқарды, қазір шаруа қожалығының иесі. Жангелді әкеміздің тегін жалғастырып, бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр. Үшінші қызы Светлана – педагог, Елордасы Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында Инклюзивті білім беру орталығының бас сарапшысы қызметін атқарып келеді. Светлана министр қолынан білім беру саласындағы сіңірген көп жылдық сүбелі еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Екі кіші қыздары – Салтанат пен Әлия екеуі де Қостанай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалындағы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінде жетекші маман ретінде көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет етіп келеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, әкеміздің немерелері де әртүрлі еңбек салаларында абыройлы қызмет жасауда, ең тұңғышы Ален – медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-иммунолог, Әлия – Теміртау техникалық колледжінде биология пәнінің оқытушысы қызметін атқаруда. Әлия атасының кәсіби жолын жалғап, қызметте толағай жетістіктерге жетіп, талай марапаттауларға ие болуда. Болат – атасы мен әжесінің ең сүйікті немересі, қазіргі таңда әскери салада қызмет етеді. Жанна – мейрамхана ісі саласында қызмет етіп келеді. Нұрлан – Қорғаныс министрілігінде IT саласының маманы болып қызмет атқарады. Раушан – «Болашақ» стипендиясының иегері, Ұлыбританияда «заңгер» мамандығы бойынша «магистр» дәрежесін иеленді. Әмина халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет етеді. Рустам көлік полициясы саласында жұмыс істейді. Әнуар бизнес саласында қызмет етеді. Аталарының тегін жалғаушы Темірлан, Роллан, Тана – мектеп оқушылары. Шөберелері де алдынғы буынның ізін жалғап, оқуда озат, қатарларының алды болып өсіп келе жатыр.

Асқар таудай әкеміз бен аяулы анамыз барлығымызды ерте жасымыздан тәрбиелі, саналы, адал, қамқор болуға баулып, салауатты өмір сүруге, адал еңбек етуге, үлкен-кішіні құрметтеуге үйретті. Әкеміз бен анамыз біз үшін – тәрбие мектебі. Біздерге ешқашан дауысын көтеріп сөйлеген емес. Ата-анамыз үйде бір мәселелерді шешпестен бұрын отбасылық кеңес ашып, барлығымыздың пікірімізді тыңдайтыны және үлкен кең дастарқанның төріндегі ата-әжеміз, әкеміз, самауырдың басындағы ақ жаулықты анамыз, барлық балалар, ыстық нан мен сүтті шайы жадымызда мәңгі сақталады. Құрметті әрі ардақты әкетай! Өзіңіздей бет түзейтін құбыламыз, бағыт көрсететін темірқазығымыз барда тура жолдан адаспай, бағытымыздың айқын болары анық. Сізге деген балалық алғысымыз шексіз. Бастысы, деніңіз сау болып, ортамызда ақылшы, кеңесші болып, ұзақ ғұмыр жасаңыз!


Ізгі ниетпен,
балалары, немере-шөберелері
және жақын туыстары

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.