Бабалар өсиеті – балаға мұра

Выпуск - №41(488)   :   23.10.2021
417

Менің есімім – Ержан Жақсылық. Сарыкөл ауданы Ө.Сұлтанғазин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысымын. Өзім жайлы қысқа қайырды деп ойламаңыздар, есесіне нағышы әжемнің әкесінің тарихы жайлы сыр шертпекпін.

Үлкендердің әңгімесінен «атадан балаға мұра болып қалды» дегенді еститінмін. Кейін адамның дүниеден өтер алдында үлкен сенім артып, ұрпағына айтып кетер өсиеті пен қалдыратын мұрасы жайлы қазақ әдебиеті сабағынан да білдік. Өсиеттің үлгісі өзімнің отбасымда кездескендіктен, анам айтқан оқиғаны сіздерге жеткізбекшімін. Ол кісі тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет істейді. Сұрапыл соғыс жылдарында әрбір отбасында болған оқиғалар, бүгінде тарих болып қалып жатыр емес пе? Анам осы оқиға жайлы құдды бір сабақ түсіндіріп отырғандай жеткізгенде, кино көріп отырғандай күйде отырып, тапжылмастан тыңдағаным есімде...
Бұл әңгімені анам өзінің анасы Дәметкен Жүсіпқызының аузынан жазып алған екен. Әкесі соғысқа кеткен кезде ол төрт жаста ғана еді. Дәметкен әжем әкесін «Қостанай жаңалықтары» газетінің беттерінде көргенде, санасынан өшіріле бастаған бет-әлбеті көз алдына келгендей болып, қол-аяғы дірілдеп, жүрегі аузына тығылғандай күй кешіпті… Нағашы атам Жүсіп Елубаев соғыстың басында шақырылды. Қостанай облысы Урицкий ауданының Дудаковка ауылынан алып кетті, бірақ ол жерде де күтуге тура келді. Атамыз әскер қатарына бірден түскен жоқ. Оның өзі болса, елінің тыныштығы үшін майданға аттануға асыққан еді. Әскер қатарына бірден алынбаған соң, шешімді күтуге тура келді. Бұл бұйрық болатын, ал бұйрықтың аты бұйрық.
Артынша көп ұзамай шешім шығып, аттанатынын сезгендей болған атам, әйелі мен қызын көрмекке шешім қабылдады. Атам мен әжемнің отбасылық өмірі бақытты болған еді. Амал нешік, соғыстың зардабы қаншама отбасын ойран етті... Дәметкен әжемнің алдында үлкен атам мен әжем екі баласын жер қойнауына тапсырған екен. Сондықтан ол кісінің дүниеге келгені олар үшін ерекше оқиға болған көрінеді. Үлкен атам майданға аттанбас бұрын қызы Дәметкен әжемді көріп қалғысы келіп, сағынып, әкелуін өтініпті. Әке жүрегі елжіреп, сағыныш сезімі бойын кернеп, үйді бар керек-жарақ пен азық-түлікке толтырып, қызын соңғы рет көріп тұрғандай емірене құшақтап, сүйіпті. Сол кеткеннен Дәметкен әжем үшін әкесі тек естелік болып қалыпты.
Нағашы әжем Дәметкен Жүсіпқызы 1937 жылы Қостанай облысының Сарыкөл ауданының Дудаковка ауылында дүниеге келді. Төрт сыныптық білім алған. Әкесі Жүсіп Елубаев атам Ұлы Отан соғысына аттанған соң, анасына қолғабыс болатын адам керек болып, оқуын әрі қарай жалғастыра алмаған екен. Кейін әжем 1964 жылы соғыстан оралған Қасым Қасенов есімді жігітпен тұрмыс құрады. Екеуі 39 жыл отасып, 7 бала сүйді. Жолдасы 1993 жылдың сәуір айында дүниеден озды. Қазіргі уақытта әжемнің 4 ұлы, 3 қызы бар. Олардан 20 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Биыл 84 жасқа толатын әжемнің Ұлы Жеңіске айтар тілегі көп.
Үлкен нағашы атам Жүсіп Елубаев 1897 жылы Сарыкөл ауданының Дудаковка ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, одан оралған жоқ. Із-түссіз кетті. Ал Ұлы Жеңіске 70 жыл толғанда жауынгершілік іздеу отряды атамның қай жерде жерленгенін тауып алыпты. Тарихи деректерге сүйенсек, ол кісі 1942 жылы шілде айында тұтқынға түсіп, қайтыс болған. Артынша Германиядағы Цайтхайн қаласында жерленген көрінеді. Әжемнің әкесі Жүсіп атам соғысқа аттанар сәтінде қызы Дәметкен әжеме арнап бірнеше шумақ өлең жолдарын қалдырыпты. Бәрін келтіру мүмкін болмаса да, әжеме өсиет етіп қалдырған бөлігін назарларыңызға ұсынбақпын:
«...Сәлем жаздым Дәметкендей балаға,
Жақындадым Қазанский қалаға.
Атанның да бұлдырмайтын қарағы,
Тәуекелді тартып барам Аллаға.
Әй құлыным мені ойлап жылама,
Уақытсыз жылағанмен бола ма.
Қайтып жету қиын болмас Аллаға,
Осы күнде бір жалғыздық басымда...».
Сол кездегі 4 жасар қыз – менің анамның анасы Дәметкен Жүсіпқызы еді. Мен үшін бейбітшілікті армандап кеткен атамның осы өлең жолдары біздің отбасылық қасиетті мұрамыз. Соғыс кезіндегі әр сарбаздың арманы тыныш өмір болған болар, өлең жолдарын толық оқысақ, атамның айтпақ ойы – бейбітшілік пен ел тыныштығын армандағанын түсінуге болады. Атамның ерлігінің алдында басымды иемін және әркез мақтан тұтамын. Әр Жеңіс күні атамның ерлігін мақтанышпен айтып отырамыз. Басымыз қосылып, бір дастархан басында жиналғанда да әжеміз бүгінгі күнімізге шүкіршілік етіп, бейбітшілік өмірден айырмасын деп тілеп отырады.

P.S: Мектеп оқушыларының шығармашылық және зерттеу жұмыстарының «Отбасы тарихы – ел тарихы» байқауына қатысып, осы жұмысыммен облыстан үшінші орынға ие болдым. Жетекшім – тарих пәнінің мұғалімі Біржанова Айнагүл Қасымқызы.

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.