Бас редакторымыз бастаған тақырыптың жалғасы ретінде мен де мектептегі кабинетін баққа айналдырған ұстаздармен танысу үшін Аэропорт ықшам ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы ЖББ мектепке жол тарттым.
Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. «8 Наурыз» дегенде ойымызға түрлі-түсті реңктегі небір әсем гүлдер оралады. Бұл мереке қыстан аман-есен шығып, айналаның бәрі гүлдене бастайтынының бір белгісіндей болса керек. Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте бөлме гүлдерін күтіп-баптаумен айналысатын, осы істі жанымен сүйетін ұстаздар аз емес екен. Кушанова Жанар Асановнаның жетекшілігіндегі үш қабатты білім ордасының ішкі дәліздері ғана емес, кабинеттері де гүлдермен көмкерілген. Мектептің бірінші, екінші және үшінші қабатында да бөлме гүлдеріне ерекше ықыласпен қарайтын педагогтер табылды.
Мектеп ішіндегі кішігірім баққа сапарымызды бірінші қабаттан бастадық. Төртінші кабинетте математика пәнінің мұғалімі Алия Космухамбетова қарсы алды. Кабинетінде гүлдердің түр-түрі табылатын ұстаз, бұл іс жанына ғана емес, бөлмеге де бір жарық пен жайлылық сыйлайтындығын айтады.
– Бөлме гүлдеріне деген махаббатым анам мен әжемнен дарыған деуге болатын шығар. Ес біле бастаған шағымнан, әлі де көз алдымда: үйіміз түрлі әдемі гүлдерге толы болатын. Мектеп – екінші үйіміз ғой, қазір кабинетімде 30-ға жуық гүл саналады, ал үйімді одан да көп. Жүрген жерімде гүлдерді қарап жүремін. Әріптестерім, көршілерім, тіпті таныстарымнан алғаным бар, кейбір түрлерін гүл дүкендерінен сатып алдым, – дейді Алия Серикбаевна. – Махаббатпен, арнайы көңіл бөліп, күтім жасалған гүлдер жақсы өсетінін байқадым. Мектеп кабинетіне, ең бастысы, суарып, құнарландырып тұруда еш қиындық тудырмайтын сорттары таңдалды. Аптасына екі рет суарып тұрамын. Гүл де бала сияқты, оған да назар аударып, махаббатпен күтім жасау қажет. Мен гүлдерді жақсы көремін, олар да маған солай жауап қайтарады.
Алия Серикбаевнаның кабинетінде «ванька мокрый» деген атауға ие бальзамин, бегония, герань, традесканция, лимонник, мята және гүлдердің басқа да түрлері бар. Ал, білім ордасында әріптестеріне гүл өсіруге жәрдемдесіп, бөлме гүлдеріне «екінші өмір» сыйлап жүрген Гүлзайра Бердыгулова ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екінші қабатты уақытша артта қалдырып, мектептің үшінші қабатына Гүлзайра Талиповнаға көтерілдік.
– Гүлдерді күтіп-баптау ісімен кішкентайымнан айналысуды жақсы көретінмін. Дала гүлдері болсын, бөлме гүлдері болсын – бәрін де маған жақын. Үйде хлорофитум гүлін, ал дала гүлдерінен астрадан бастап, бәрі болды. Бұл істі хоббиім дей аламын. Мектепте бөлме гүлдерінің ішінде мальвалар тұқымдасына жататын гибискусты ұнатамын. Табиғатта оның 200-ден астам түрі кездеседі. Мәңгіжасыл, бұтақты өсімдікті «кенаф», «каркаде», «қытай раушан гүлі» деп те атайды. Өз отанында гибискустың ұзындығы, тіпті 5 метрге дейін жетеді, – дейді Гүлзайра Талиповна. – Кабинетімде хлорофитум, диффенбахия, сансевиерия, лимонник, традисканция, алое және тағы да басқалары бар. Жеке өзіме гибискустан бөлек, сансевиерия гүлі қатты ұнайды. Бұл өзіме сондай тұрпаты биік, мәртебесі жоғары гүл ретінде әсер қалдырады. Көктем келе түсі қанық бола түседі.
Ұстаздың айтуынша, әрине, әрбір гүлге жақсы күтім қажет. Ең бастысы, оларды жақсы көру керек. «Мен оларды жақсы көремін. Гүлдер көп болғандықтан, оларға жалғыз қарамаймын. Қыздарымдай болған әріптестерім Шатских Анастасия Александровна, Көшкімбаева Әсем Серікбайқызы күтіп-баптауға қолғабыс етеді. Оқушылардың сабақ арасында келіп, демалуы үшін кішігірім фонтаны бар оранжерея жасау ойда бар. Құрметті демалысқа шығуыма төрт жарым жыл уақыт қалды. Сол мерзім ішінде осы арманымды жүзеге асыру мүмкін болады ғой деп ойлаймын. Уақытымыздың тығыздығына қарамастан, гүлдерді күтіп-баптауға барынша көңіл бөлеміз. Меніңше, гүл – адам өмірін әрлендіреді», – дейді ол.
Келесі кейіпкерлеріміздің кабинеті мектептің екінші қабатында орналасқан. Олар отбасылы педагогтер – Гүлсайра мен Жаслан Хусаиновтар. Жаслан Ертаргынович мектепте 6–11-сынып аралығындағы орыс сыныптарына географиядан сабақ берсе, Гүлсайра Маратовна қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әлихан Бөкейхан атындағы ЖББ мектепте ашылған 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
«Гүлдердің ішінен ерекшелерін іздейді. Сайттардан қарайды, күнделікті жүрген жерлерінде де жан-жағына зер салып жүреді», – дейді Гүлсайра Маратовна жолдасы жайлы. «Гүлдерді күтіп-баптауға деген қызығушылығыңыз қайдан?» деген сұрағымызға Жаслан Ертаргиновичтің өзі: «Ауылдық жерде тұрғанда бау-бақшаны күтіп-баптауды жақсы көретінмін. Қалаға көшіп келген соң, осы дүние жетіспеді. Содан болар, бөлме гүлдерін өсіру ісі арқылы жаныма бір жайлылық тапқандай болдым. Оның үстіне отырғызған гүлдерімнің жақсы өсіп жатқаны қуантады, әрине. Әріптестерім де байқап, қызығушылық танытып, жылы сөздерімен қолпаштап отырады», – деп жауап қатты.
Гүлсайра Маратовнаның шынайы ықыласпен, үлкен қызығушылықпен айтқан әңгімесін тыңдап, расымен жолдасына деген қолдауы, ыстық пейілі мен мақтанышы сезіледі. Айтуынша, тіпті, «Керек емес», «Енді өспейді» деп шығарып тастаған гүлдерге Жаслан Ертаргинович «екінші өмір» сыйлаған жағдайлар аз емес. Бүгінде кабинеттерінде циссус, филодендрон, монстера, пальма юкка, пальма драцена, замиокулькас, шеффлера, хойя гүлдерінің түрлері бар.
– Мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі Алексей Александрович деген мықты педагог болатын. Сол кісі жүргізген сабақтардың шынайы жанкүйері едім. Рас, менің мамандық таңдауыма да осы кісі себепкер болды деп айта аламын, – дейді Жаслан Ертаргинович. «Гүлдің де өз бағалаушылары болады» деген ойдағы ұстаз өзі күтіп-баптаған гүлдерін сыйлыққа берер алдында жақсылап ойланады. Тірі гүлдің ары қарай да жақсы өсіп, жетілуі үшін жақсы күтім қажет екені белгілі. Сондықтан, сол күтімді бере алатын жандарға ғана гүлді сеніп тапсыра алатындығын айтады.
Гүлсайра Маратовна бөлме гүлдерінен гөрі, тірі гүлдерді ұнатады. Бұл істе ерлі-зайыптылар өзара түсіністікке келген. Ер азаматына тән байыппен Жаслан ағай мерекелерде жан жарына гүл сыйлап, қуантып тұруды ұмыт қалдырмайды. «Бастысы жанымызға жақын адамдардың жүзінен байқалған риясыз қуанышты сезіну емес пе», – дейді ол.
Жамал ШАУКЕН,
суретті түсірген автор
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.