«Еңбек ардагері» медалі – ұстаз еңбегіне құрмет

Выпуск - №26-27(623-624)   :   02.08.2024
525

image


Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектепте 40 жылға жуық еңбек еткен зейнеткер ұстаз ЗАРЫПБАЕВА Күлмаш Ғалымжанқызы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бисембаев мырзадан «Еңбек ардагері» медаліне ие болды.
Физика пәнінен білім негізін қалап, талай шәкірттің Алтын белгі алуына, мемлекеттік грант иегері атануы жолында тынымсыз еңбек еткен Күлмаш Ғалымжанқызы қазіргі таңда құрметті демалыста. Өмір жолына тоқталар болсақ, 1959 жылы Жанкелдин ауданы Шұбалаң ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті Ақшығанақ ауылынан аяқтаған. Арқалық педагогикалық институтын 1982 жылы тәмамдап, Жанкелдин ауылының білім бөліміне келеді, сол кездегі бас ұстаз кейін қажы атанған Ғазез Әмірханов ағай Күлмаш Ғалымжанқызын жолдамамен Қарасу ауылындағы Қарасу мектебіне жібереді.
Қарасу орта мектебінде ол кезде үлкен мұғалімдер Сейтбек Қарағұлов, Шайкемел Жусин, Тұрсынбек Жармағамбетов, Сәбитбек Оспанов, Әбдісалық Жақсымбеков, Жауынгер Искендиров, Сері Искендиров, Бижамал Сандыбаева, Бөпеше Қаражанова, Тамара Жармағамбетова, Қалбике Смағұлова, Манат Нұрсейітова, Әсия Нұрмағанбетова, Күлзада Жұмабаева сынды ағай-апайлар еңбек еткен. «Ұстаздық еңбек жолымның бастауында осындай ағайлар мен апайлар болғанына қуанушы едім», – деп еске алады ұстаздың өзі. Кейін Күлмаш Ғалымжанқызымен бірге ұжым Несібелді Мырзахметова, Өмірбек Маликов, Күлдірайхан Байқадамова, Ахатова Бибіханша, Ақшагүл Нұржакупова, Сара Оразбаева секілді абзал жандармен толықты.
– Сабағымызға мектеп директоры мен оқу ісінің орынбасары кіріп, тәжірибеміздің шыңдалуына бірталай әсерін берді. Сабақтың әуелі жақсы жерін айтып келіп, өз ақылдарын қосып, кеңесін айтатын. «Сабақтың мақсатына жеттің бе?», – деп сұрайтын. Интернатта тәрбиешілік қызметті қатар атқарып, кезекшілік, мектепте сыныптан тыс жұмыстарды қатар ұйымдастыра жүріп, қой қырқымы сақман, бау-бақша өнімдерін жинауға оқушыларды басқарып баратынбыз. Сол кезде барлық мектеп жұмыстарында шыңдалып, мұғалімдік қызметті де қатар атқарып жүрдік, – дейді Күлмаш Ғалымжанқызы.
Ахмет Байтұрсыновтың есімі мектепке 1989 жылы беріліп, абыройлы жолда тынымсыз еңбек еткен. Білім ордасынан Алтын белгі иегерлері – қазіргі таңда Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев, қазіргі уақытта Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Тарих және өнер факультетінің деканы Гүлбаршын Конкина, апайдың шәкірті Дәуренбек Әбдібек облыстық «Qostanai» телеарнасында тележурналист, Айтжан Маликов Арқалық қаласы әкімдігі спорт бөлімінің басшысы. Ардақты ұстаздың шәкірттерінің әрқайсысы өмірде өз орнын тауып, Абай айтпақшы «бір кірпіш болып қаланған».
Екі мыңыншы жылдың басында Жанкелдин аудандық білім бөлімінің жылдық қорытындысы оқу-тәрбие жұмысын қорғау үшін «Зергерлік» бағытта 1-орынды иеленді. Бұл жұмыста Киіз үй безендіру сырмақ жасау, текемет басу, тоқу, безендіру саласында ұстаздар еңбегі өлшеусіз еді. Оның қайнаған ортасында Күлмаш Ғалымжанқызы жүрді. 2005 жылы ҰБТ бойынша 11-сыныпқа жетекшілік еткен Күлмаш Ғалымжанқызының сыныбы аудан бойынша 1-орынды иеленді. 2011 жылғы түлектері де ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, Анар Маликова аудан бойынша ең жоғары балл көрсетіп, үмітті ақтады. Апайдың оқушылары республикалық, облыстық, аудандық ғылыми жоба, олимпиада, т.б. түрлі сайыстар мен байқаулардың жеңімпазы.
Шәкірттеріне сапалы біліммен қатар өнегелі тәрбие бере білген апайдың еңбегі елеусіз қалған жоқ, аудан әкімінің Алғыс хаты, білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, облыстық кәсіподақ мадақтамалары берілді. Ұстаздың өзінің айтуы бойынша, барлық атақтан артық – шәкірттерінің таусылмас тағзымы екен. Енді, міне, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Еңбек ардагері» медалін иеленгені – білім саласына арнаған қырық жылғы тынымсыз еңбегінің лайықты бағасы болса керек.
38 жылдан артық уақыт бір мектепте табан аудармастан еңбек етіп, бар өмірін А.Байтұрсынов мектебінде өткізген апайымыз құдай қосқан қосағы Бәлдік Бекетов ағамызбен бес бала тәрбиелеп өсірді. Атасы Милахат ата ауылдың еңбек ардагері болды. Милахат атамыз бен Сапура әжеміз 9 бала тәрбиелеп, барлығын жеткізген. Үлгілі әулет келіні болумен қатар барлық әулет балалары апайды «Ақ мама», Бәлдік ағамызды «Ақ папа» деп атайтын көрінеді. Әулетінде дәстүр болып қалыптасқан үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Күлмаш Ғалымжанқызының балалары да ұстаздық жолда.
Айжанат – Астана қаласында химия, биология пәндерінің мұғалімі; Айгерім – Ахмет Байтұрсынов мектебінде білгір программист информатик; Жеңіс – Астана қаласында жеке кәсіпкер; Нұрымжаны – Әулиекөл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде география пәнінің мұғалімі. Нұрымжан Бәлдікұлы мақалада сөз етіп отырған киелі қара шаңырақтың түлегі екенін танытып та үлгерді. Халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы және ҚР-ның, Қостанай облысы жастарының Алтын кітабының (білім және ғылым саласындағы жетістіктері) лауреаты. Кенжесі Нұрымбет – жеке кәсіпкер.
«Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, барған жерінде сый-сыяпатпен қарсы алып, төрден орын алатын ардақты ұстаздың ұрпағы да үлгілі, адамгершілік пен кішіпейілділікті жанына серік еткен. Күлмаш Ғалымжанқызын «Еңбек ардагері» медалінің иегері атануымен шын жүректен құттықтай отырып, ұстазға мықты денсаулық, шәкірттеріннің алғысына шомылып, немерелері мен шөберелерінің қызығына тоймай, адамзаттың таусылмас тағзымын арқалап, орталарында шалқып жүре беруін тілейміз.

Кәусар АЛПЫСБАЙ,
Қостанай қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.