Елдің анасы, ұрпақтың панасы

Выпуск - №36(732)   :   18.09.2026
45

1

Өмір – терең мағынасы мен өнегесі мол үлкен дастан. Оның әр парағын адал еңбекпен, мейіріммен, сабырлылықпен көмкерген жандардың бірі – бүгінде 85 жастың белесіне шығып, әулеттің мерейін асырып отырған аяулы кейуана Бикамал ҚАСЫМҚЫЗЫ.
Ардақты әжем Қорған облысының Звериноголов ауданындағы қазақтар «Үшінші ферма» деп атайтын Ясная поляна ауылында 1941 жылғы шілде айының 11-і күні дүниеге келген. Сұрапыл соғыстың өрті тұтанған шақта дүниеге келген балалық шағы ауыр да сындарлы кезеңмен тұспа-тұс келді. Әкесінің ағасы Бірімжанның ұлы Әбу үйленгенмен балалы болмағандықтан, кішкентай Бикамал апамызды тымаққа салып алып бауырына басқан екен. Асыл анасы Шәйзаның өз қолымен тоқып берген байпақтарын 8 жасына дейін киіп өскен апамыз балалықтың бал дәмін еңбекпен, ұлттық тәрбиемен ұштастыра білді.
Балаларды қазақша оқыту мақсатында отбасы Жаңатілек ауылына көшіп барып, апамыз онда үш сыныпты тәмамдайды. Дегенмен Бірімжан атасының сырқаттануына байланысты қайтадан Ясная полянаға оралып, білім жолын орыс тілінде бірінші сыныптан қайта бастауға тура келеді. Осылайша, қазақша және орысша оқыған алты жылдық білімімен қатар еңбек мектебінен өтті. Қалел Тілегенов, Макира Тілегенова сияқты сыныптастарымен «Үшінші фермада» ата-анасына қолғабыс жасап, қой бағып, шаруашылықтың түрлі жұмыстарына араласты.
Сұрапыл соғыс аяқталып, елге жауынгерлер орала бастаған сәттер де апамыздың санасында өшпес із қалдырды. Оразалы Дәндібаев, Үкімет Рахенов, Сейіл Козов сияқты ағалар аман-есен оралса, майор Абильмажин Бірімжанов Севастопольде қаза тапты, ал Әбу Бірімжанов және Мұқаш Рахенов майдан даласынан қайтпады. Сол бір кездер туралы Бикамал әжем толғана отырып, былай деп еске алады: «Кешкілік бір үйде жиналып, соғыста болған жағдайды ағалар көп айтатын. Солардың әңгімелерін тыңдап отырып, ұйықтап қалатынбыз. Сондай заман болды. Ол кездегі адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы айрықша еді».
Өмірдің қандай да бір сынына қарамастан, әжем жүрегіндегі мейірімді жоғалтпады. Өзінің бауырларының балаларын тәрбиелеуге белсене араласып, әулеттің ұйтқысына айналды. Кейін Ромазан, Күлайжан, Күлшар, Мұрат, Алмагүл, Әлібек есімді алты перзентті өмірге әкеліп, оларды қанаттандырды. Апамыздың болмысы бөлек. Мінезі жібектей биязы, парасаты мол, елге сыйлы. Ауылға жаңа түскен Қалима Мұқашқызы, Гүлбарам Мейрамқызы, Ақалтын Асылханқызы сияқты келіндеріне әрдайым бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып, жанашыр болды. Бастарына іс түсе қалса, апамызға жүгіріп келіп кеңес сұрайтын, ал әжеміз қашан да жұртты татулыққа, береке-бірлікке шақырып отырады.
Бүгінде 85 жасқа толған ардақты апамыз – балаларының амандығына, немере-шөберелерінің қуанышына кенеліп отырған бақытты әже. Жақында ғана, бірінші қыркүйекте ең үлкен шөбересі Тамирис Ерғали Қостанай қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына қадам басса, тағы бір шөбересі Дильназ Ерғалиева А.Құнанбайұлы атындағы №27 жалпы білім беретін мектепте 5-сыныптың үздігі. Осы жас ұрпақтарының білімдегі жетістігі – анамыздың ең үлкен қуанышы. Шүкірлік пен қанағатты серік еткен асыл әжемнің ақ батасы – біз үшін әркез тұмар, өмірлік темірқазық:

«Әумин десең, міне, бата,
Қолдасын Қыдыр Ата.
Қыдырың қияласын,
Періште ұяласын.
Ел шеті жаусыз болсын,
Ел іші даусыз болсын!
Өрісің мықты болсын,
Қонысың құтты болсын!
Алақаның берекелі болсын,
Жүрген жерің мерекелі болсын!
Артқаның түйе болсын.
Сауғаның бие болсын!
Көргенің көген болсын,
Айтқаның өлең болсын!
Кигенің құлпы болсын,
Мінгенің жылқы болсын!
Ырысың тасып тұрсын,
Абыройың асып тұрсын!
Достарың басып жүрсін,
Дұшпаның сасып жүрсін.
Өркенді болыңдар,
Өмірлі болыңдар!».

Айналасына мейірім шуағын төгіп, әулетіміздің берекесін тасытқан асыл анамыз әрі ардақты әжемізге мықты денсаулық, уайымсыз қарттық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!
Әділхан ЕРҒАЛИ,
немересі

Реклама

Я с детства полюбила читать газеты, потому что они всегда были в нашей семье. И до сих пор, несмотря на обилие новых носителей информации, я больше всего люблю газету, особенно нашу, учительскую, за продуманный, взвешенный подход, за подробность и объективность, за особую атмосферу, которая возникает от неспешного листания страниц. И ещё нравится, что  «Учительская плюс» входит в список изданий, рекомендованных министерством просвещения для размещения материалов аттестуемых педагогов. Это очень мотивирует!

«Учительская плюс» – это газета, которую читаешь не по обязанности, а с интересом. Здесь нет сухих отчётов. Есть живые истории учителей, полезные методические находки, опыт коллег со всей области. Каждый номер как подсказка и поддержка. Я очень люблю нашу газету за возможность рассказать о своей работе и узнать больше о работе своих коллег по всей области.

Спасибо редакции за то, что говорите с учителем на одном языке и вселяете веру в нашу профессию!