Ағартушы Ы.Алтынсариннің 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан араб әрпімен жарық көрген «Мұсылманшылықтың тұтқасы» оқулығының түпнұсқасын сақтап, әкесімен бір туысқан, өз дәуіріндегі қазақ оқымыстыларының бірі Шуақбайұлы Қожахметтің аманатымен бүгінгі ұрпаққа жетуіне себепкер болған, өзі де сол кітаптан ғибрат алған Ислам Балахметұлы биыл 90 жасқа толар еді.
Сол жақтан 2-қатарда 4-інші – С.Мұқанов. 3-қатарда 5-інші – И.Балахметов.
Қостанай қаласы, 1957 жыл
Ислам Балахметұлы Торғай өңірінде Тәуіш деген елді мекенде 1933 жылы тамыздың 15-інде дүниеге келген. Негізгі елі, жер-суы Науырзым болғандықтан, Исламның алты айлық кезінде әкесі ата қонысқа қайта оралады. Әкесі еңбекқор, аздаған сауаты болған. Ислам сол Науырзымда мектеп табалдырығын аттаған. Жасынан зеректігімен көзге түсіп, қатарынан озып, бірден 3-сыныпқа өткен. Оныншы сыныпты Амангелді ауданында 16 жасында тәмамдаған. Ол кездері ұстаз жетіспейтін еді. Осылайша оны Крупская колхозына бастауыш мектеп мұғалімі етіп жолдамамен жібереді, сөйтіп сол өңірде кішкентай бала мұғалім атанып кетеді.
Сол уақытта Амангелдіде еңбек етіп жүрген «Ленин» орденді, Қазақ ССР Еңбек сіңірген мұғалімі Қолдаспаев Бірмағамбет ой салып, баланың талабын, қабілетін байқап, білімін ұштау қажеттігін айтып, әкелік қамқорлық танытады. Сөйтіп, Ислам Балахметұлы 1951 жылы Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне келіп түседі. Ол кез соғыстан кейінгі тұрмыстың ауыр, тіптен жол қатынасының өзі күрделі болғандықтан қиындық атаулыға төзіп, қара нан мен қара суды талға жау ете жүріп, көздеген мақсатына жетіп, 1955 жылы оқуын абыройымен аяқтайды.
Ұстаздары туа біткен қабілетін бағалап оған институтта қалуға ұсыныс жасайды. Ол ата-анасының жалғыз баласы екенін, қала алмайтынын айтады. Кейін жолдамамен Аманкелді ауданындағы Жаңа-ауыл орта мектебіне жіберіледі. Осы мектепте жемісті еңбек етіп, оку ісінің меңгерушісіне дейін көтеріледі. Содан кейін әкесі Балахмет елге барам, жасым келді деп өтініш етеді. 1960 жылы өз елі Науырзымға көшіп келеді. Табан аудармастан осы мектепте ширек ғасыр еңбек етіп, бірнеше буын шәкірттер оқытып, ұстаздық жолдың қыр-сырын меңгереді.
Ислам Балахметұлының Науырзым мектебінде істеген кезі өмірінің нағыз жұлдызды шағы еді. Жастар тәлімгері жаңашыл ұстаз ретінде атағы облысқа кең таралды. Ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Әркездері алған «Құрмет» грамоталарын былай қойғанда 1969 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1978 жылы «Құрмет белгісі орденімен» және «Еңбек ардагері» т.б. медальдармен марапатталды. Өмірінің соңғы жылдарында Первая Семилетка кеншарында 1986 жылы 16 маусым күні 52 жасында дүниеден өтті.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді ғой, сол халық айтқандай Ислам ағайдан білім алып, ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қайнарынан сусындаған түлектердің қатарында білікті ұстаз да, қарымды журналист те, зерделі ғалымдар да баршылық. Осының өзі де дәтке қуат. Бүгінде экспозицияда тұрған Ы.Алтынсариннің «Шариат-ул Ислам», яғни «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегі қайсыбірі адамның иманына кәмілдік, сұрақтарына жауап, ізденісіне жаңалық, пікіріне дәлел ұялауына себебі тиер болса деген ниеттеміз. Аталмыш кітап – қорымыздағы ғана емес, жалпы сирек кездесетін құндылық.
Назгүл ШЕКТЫБАЕВА,
Ы.Алтынсарин мемориалдық
музейінің бас қор сақтаушысы,
Қостанай қаласы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.