Дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы бар. Ол – кітапхана.
Шолақсай жалпы білім беретін мектебіндегі оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы оқушы ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы болып табылады. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егемен еліміздің болашағы жастардың мәдени-танымдық қабілетін қалыптастыратын ортаның бірі кітапхана екендігін білмейтін адам кемде-кем.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дегенмен жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – демекші, кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Шолақсай жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы Оразгүл Айтекова оқырмандар мен ұстаздар, ата-ана, қоғамдық ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар жасайтын жауапты тұлға. «Білім мен тәрбие құстың қос қанатындай» дегендей, басты құндылық – білім болса, оны кітап арқылы жеткізіп жүрген осы кісі. «Тамыздығын тапсаң, тас та жанады» деседі халқымыз. Терең біліммен қатар сапалы тәрбие беру – әрбір парасатты кітапханашының абыройлы борышы. Осы борышты мектебіміздің кітапханасында біраз жылдан бері Оразгүл Нұрланқызы абыроймен атқарып келеді. Мектебіміздің кітапханасы шағын болғанмен, атқаратын қызметі үлкен. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Кітапханада ұйымдастырылатын көптеген іс-шаралар мен кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптарды қабылдап, кітап қорымен жұмыс істеп, оларды оқырмандарға насихаттауда Оразгүл алдына жан салмайды.
Оразгүл Нұрланқызының мектеп кітапханашысы ретінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Біріншіден, кітапханалық норма мен ережені жақсы сақтауы, екіншіден, қазіргі заманға сай мектептің оқу-тәрбие процессінің сұранымына толық жауап бере білетін мамандардың қатарында болуы. Оразгүл Нұрланқызы мектеп кітапханашысы ретінде педагогикалық іс-әрекетке тікелей қатысушы, ол – тәрбиеші, ол – ұстаз.
Бізбен әңгімесінде Оразгүл Нұрланқызы: «Мектеп партасында отырған жасөспірімдер мен бүлдіршіндерді рухани байыту – менің төл ісім. Сондықтан, кітапханшы ретінде, бірқатар міндеттерді орындауды басты талабым деп санаймын. Мектепте жан-жақты дамыған баланы тәрбиелеуге ат салысуды ұнатамын. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, оқу деңгейін көтеруге жәрдемдесу үшін түрлі қызықты іс-шараларды уақытылы өткіземін. Мектептің педагог қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін көтеруге көмектесу үшін түрлі баспасөз материалдары мен ақпараттық құралдарды дер кезінде жаздыртып алуға тырысамын. Халқымыздың салт-дәстүрін, қол өнерін насихаттау жұмыстарын да жүргіземін», – дейді. Артынша ойын жалғап:
– Кітапханашылық кәсіби міндетімді жетік білумен шектелмей, компьютер технологияларын қызметімде пайдаланып, қолданамын, мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгерген, ақпараттық сауаты мол білікті маман болуды да басты назарда ұстаймын. Кітапханаға келген оқырмандарыма жаңа дәcтүрде қызмет етіп, өздерінің жұмыс процесстеріне жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануына көмектесіп жағдай жасауға тырысамын. Әрине менің мамандығым шеберлікті, жаңаша білімді, біліктілікті талап етеді. Кітапхана жұмысының алға қойған мақсаты да айқын. Сол себептен ерінбей талмай жұмыс жасағанды ұнатамын. «Кітап оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру бойынша «Ең үздік оқырман» атты мектепішілік рейтинг өткізуді де қолға алдым. Әр сынып кабинеттерінде кітап оқу бұрышы ұйымдастырылған. Мектептегі директордың тәрбие ісі меңгерушісі Гүлжанат Карбаеваның қолдауымен «Бәріміз кітап оқимыз!» сынып сағаттары екі айда бір рет өтіп тұрады, – дейді Оразгүл Нұрланқызы. – Кездесулер, көрмелер, сайыстар «Қазақ қаламгерлері» ақын-жазушыларының кештері арнайы жоспармен өтеді. «Кітапты сыйға тарту» акциясында үзбей өткіземін. Алдағы оқу жылында «Ең үздік оқырман Отбасы» мектепішілік сайыстар өткізу жоспарланып отыр. Мектеп кітапханасын цифрландыру бойынша интернет желісімен жұмыс жасауды да ұйымдастырып отырамын. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін кітапхана қорын көркем әдебиеттермен толықтыру үшін де арнайы жұмыстар жүргіземін. «Кітап оқыған – пайдалы, кітап оқымасаң – зиянды!» Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде тұрақты айдарды жүргізіп отыру да жоспарлануда.
Жаңа заман талабына ілесіп, кітапханашының міндетін жақсы білген Оразгүл Нұрланқызының шәкірт санасына зор ілім құяр кітап мекені – кітапханада жақсы қызмет істеп жатқаны шындық. Тілімізді, дінімізді, рухани байлығымызды насихаттаушы мамандық иесіне алғысымыз шексіз. Осылайша кітапты қастерлеп, қадір тұтып, оны биікке қойып, құт мекен кітапханада қызмет істеуші барлық кітапханашыларға жақсылық тілеуді жөн көрдім.
Аслан БАЙДУЛЕТОВ,
Шолақсай ОМ мұғалімі,
Науырзым ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.