Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл, басталғанына 80 жыл өтсе де, сұрапыл соғыс жылдарының оқиғалары халық жадынан өшпек емес. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды.
«Ер есімі – ел есінде» дегенде Ұлы Отан соғысына қатысқан, елі үшін жанын қиған аға-апаларымыз ойымызға келеді. Отан үшін кеуделерін оққа тосып, отқа түскен ерлердің ерлігі әсте ұмытыла қоймас. Біз сол ағаларымыздың арқасында кең байтақ жерде өмір сүріп жүрміз. Ұлы Жеңістің тарихи маңызын бағалап, қадір-қасиетін дәріптеп, халқымыздың өшпес ерлігіне құрмет көрсету – азаматтық парызымыз. Соғыста өшпес ерлік көрсеткен қаһарман жерлесіміздің бірі – Кеңес Одағының Батыры Пётр Филиппович Надеждин. Ол 1921 жылы сәуірдің 2-сінде Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Новотроицк ауылында дүниеге келген.
Батырдың апасы З.Ф. Надеждина былай деп еске алады: «Пётрдің балалық шағы он жасқа дейін Новотроицк ауылында өтті, мұнда ол екі сыныпты бітірді. Барлық бос уақытымызды біз көлде өткізуші едік. Петя балалармен асыр салып, суға шомылуды жақсы көретін». 1931 жылы Пётрдің отбасы Ресейдің Магнитогорск қаласына көшіп кетеді. Әкесі Филипп Кузьмич алғашқыда кокс батареяларын салуда жұмыс істеп, содан кейін тау-кен басқармасына слесарь болып ауысады. Ал анасы Пелагея Егоровна бала тәрбиесімен айналысады. Осы тұста 1945 жылғы 13 наурыздағы «Магнитогорск жұмысшылары» газетіндегі «Батыр отбасы» мақаласынан үзінді келтірсек: «Филипп Кузьмич пен Пелагея Егоровна он баланы өсірді. Мейірімді және еңбекқор отбасы болды. Кешке отбасы мүшелері жиналып, әсерлерімен бөлісетін, жұмыс, мектеп туралы айтатын. Ұлы Пётр – отбасының сүйіктісі, фельдшерлік-акушерлік мектепте оқып, кешке аэроклубқа барған».
«Біз барақта тұрдық. Қиыншылықтар болушы еді, бірақ отбасымыз өте тату болды. Анам мейірімді, ешқашан дауыс көтермейтін, еркелетпейтін, бірақ бізді қатты жақсы көретін. Несие алып, үй сала бастадық. Үй салуға барлық балалар көмектесті: ақтады, бояды. Петя өте жақсы көмекші еді. Оның достары көп болды», – дейді батырдың әпкесі Е.Надеждина. Ал Пётр Надеждинмен бірге акушер мектебінде оқыған Магнитогорск медучилищесінің бұрынғы оқытушысы Т.М. Гиндо оның қарапайымдылығын алға тартады: «Петямен бірге фельдшерлік-акушер мектебінде екі жыл оқыдым. Ол қарапайым, ұялшақ бала еді. Кейде қыздар оны ақырын ғана басынан түртетін, ал Петя оларға тек жымия қарайтын. Петяның күн сайын қала сыртына аэродромға баруға шыдамы жеткені бізді таңғалдырды. Оның осы табандылығы жайында қалжыңдайтынбыз, ал Петя жауап ретінде тек күлуші еді. Ол біздің есімізде мейірімді, мінсіз, спортқа, авиацияға құмар жан ретінде қалды».
Петр Надеждин жиырма жасында шабуылдаушы әуе полкінің командирі болды. Ол өзінің ұшағымен Сталинградта, Миус, Молочная өзендерінде, Никополь маңында және Қырымда неміс фашистік әскерлерін талқандады. 1942 жылы шілдеде жауынгерлік тапсырмамен Сталинград аспанына көтерілді, ал қыркүйекте өзінің алғашқы орденін алды. 1942 жылы 19 қыркүйекте П.Надеждин Сталинград ауданында 8 Ил тобымен жаудың 6 жүк тиеген автокөлігін жойды. Топ соңғы шабуылдан аэродромға қайтып бара жатқанда фашистің екі жойғыш ұшағы кенеттен оларға тап берді. Петр Надеждин жау ұшағының өз тобына шабуыл жасағанын қаламай, жау ұшақтарының шабуылын өзіне бұрып алып кетті. Бірақ фашистер Надеждиннің ұшағын атып түсіре алмады. Айтарлықтай зақымданғаннан кейін ұшақ басқаруды жоғалтты, бірақ шебер ұшқыш оны аэродромға қондыра білді. Кейін белгілі болғандай, сол кезде ұшаққа 56 оқ тиген екен.
1942 жылдың қазан айының соңында Сталинград үшін болған қиян-кескі шайқастар барысында Петр Филиппович күн сайын 3-4 рет барлауға ұшып, жауға орасан соққы берді, полк қолбасшылығының Алғыс хатына ие болды. Жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы батылдығы мен тапқырлығы үшін ұшқыш ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен марапатталды. Петр Надеждин өзінің 107-ші жауынгерлік ұшу сапарына аттанғанда, оның төсінде бірінші марапаттың жанында екі Қызыл Ту ордені және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі бар еді.
1944 жылы 26 сәуірде 206-шы әуе дивизиясының 807-ші шабуылдаушы әуе полкінің командирі лейтенант Петр Надеждин Любимовка ауданындағы артиллериялық позицияларға шабуыл жасау кезінде ИЛ-2 алты ұшағынан тұратын топтың құрамында әрекет етіп, артиллериялық қаруды жойып, екі зениттік нүктенің атуын тоқтатады. Соңғы шабуылдан шыққан кезде оның ұшағына оқ тиеді. Тұтқынға түскісі келмеген ұшқыш көлікті жау техникасы жиналған жерге бағыттайды. Жарылыс. Қызыл жалынның тілдері мен қара түтін бұлттары аспанға жоғары көтерілді... Осылайша 23 жасар Петр Надеждин Николай Гастеллоның ерлігін қайталап, халқының бақыты мен бостандығы үшін өмірін қиды.
Батырдың есімімен Магнитогорск және Севастополь қалаларының көшелері, сондай-ақ Магнитогорск медициналық колледжі аталған, колледждің ғимаратында ұшқыштың құрметіне мемориалдық тақта орнатылған. П.Ф. Надеждиннің тегі 55-ші Севастополь жеке тікұшақ полкінің қаза тапқан ұшқыштарына арналған ескерткішке ойылып жазылған. Севастопольде ұшқыштың есімі «Сапун-гора» мемориалдық кешенінің ансамбліндегі Даңқ обелискінің жанындағы мемориалдық тақталарда және Севастополь батыры қаласын еске алу кітабының беттерінде мәңгі сақталуда. Севастополь әскери-тарихи мұражай-қорығының қор жинағында Петр Надеждиннің фотосуреттері, оның ата-анасына жазған хаты (1944 ж.) сақталған.
Петр Филиппович Надеждиннің туған жері Новотроицк ауылында батыр туралы тек 1983 жылы белгілі болды. Себебі құжаттарда батыр Қостанай қаласының тумасы деп көрсетілген екен. Петр Надеждин туралы 1983 жылдың көктемінде Болгар қаласының тұрғыны, жазушы, тарихшы Георгий Казанджиев хабарлайды. Казанджиев бірнеше жыл бойы Кеңес Одағының батырларының Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктері туралы материалдар жинаумен айналысқан. Өз хатында Георгий Казанджиев ұшқыштың туыстарын табуға көмектесуін сұрайды. Жергілікті ауыл кеңесіне жолданған Болгариядан келген хатты қызметкерлер 68 жастағы Х.М. Мұсабековке тапсырады. Хатпен танысқаннан кейін ол Новотроик ауылында батырдың туыстарының тұрмайтынын анықтады. Ауылдың бұрынғы тұрғындары Надеждин отбасымен Магнитогорск қаласына көшіп кеткенін растады. Бірден Магнитогорск қаласына сұрау жіберілді. Жауап та тез келді. Магнитогорск қаласында батырдың әкесі мен әпкелері тұрады екен. Ең бастысы, әскери комиссариаттың анықтамасы расталды: Петр Филиппович – Новотроицктің тумасы.
Петр Надеждин туралы іздеудің алғашқы кезеңінде Новотроицк тұрғыны, қажымас қоғам қайраткері, ардагер-педагог, мектеп өлкетану мұражайын басқарушы Т.В. Севастьянова көптеген істер атқарды. Таисия Васильевна өзінің «із кесушілері» көмегімен ауылдастарының жауынгерлік тағдырларының тұтас шежіресін жасады. Үйірме мүшелерімен Магнитогорск қаласына Петр Филипповичтің әкесі және әпкелерімен кездесті, олардың және Надеждинді жақын білетін адамдардың естеліктерін жазып алды. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығы осыған сай айтылса керек.
Сұлушаш КУРАКБАЕВА,
Қазақстан агротехникалық
колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы,
Қарабалық кенті
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.