Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президент күніне орай Науырзым ауданы әкімдігінің шешімімен ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сол салтанатты жиында Науырзым ауданы өңірінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан екі азаматтың бірі – менің аяулы да ардақты ұстазым АБДРАХМАНОВА Күлтай Камалқызы.
Әр адам үшін өз туған жері жұмақтай болып көрінетіні рас. Туған жерін сүймеген – өз ата-анасын да сүйе алмас деп ойлаймын. Менің туған ауылым Науырзым ауданы орталығының солтүстігіне қарай, табиғаттың бір шұрайлы, сұлу жерінде орналасқан. Ауылдың жан-жағын қоршаған орман, түрлі аңыз бен тарихқа толы, аққу-қазы мекендейтін «Ақсуат» атты көлі бар. Жерінен түгін тартсаң, майы шыққан құнарлы жер. Міне, осындай қасиетті мекеннің бір баласы өз туған жерінің құрметіне бөленуде. Туған жерінің атқа мінер, елге басшы болып отырған ағалар, ел үшін маңдай терін төгіп жүрген апалар өз елінің тумасының еңбегін елеп, үлкен марапатқа ұсынғаны үлгі боларлық іс. Киелі Науырзым жерінде еңбек ете жүріп, осындай аяулы жанға шәкірт болғанымды мақтана айтамын. Бүгінде ұстазымыз салып кеткен сара жолмен келеміз.
Адамның өмірлік белестерінің тізбегінде еңбек жолы да басты бір кезең саналады. Сол кездегі ата-ана тәрбиесінің жемісі ме деймін, ұстазды қатты құрметтейтінбіз. Жақсылық, ізгілік, имандылықтың түп тамыры – асыл үлгі-өнегеде ғой. Әрине, үлкен болайық, кіші болайық, қайсысымыз болсын, талай-талай тәлім-тәрбиенің төліміз. Қазіргі өсіп-өнуіміз бірінші ата-анамыздың тәрбиесі болса, екіншіден, сол кездегі білім нәрімен бірге ізгіліктің отын жаққан ұстаздардың арқасы еді. Балалық шақтағы ұстаздарымыз Сақан апай, Күлтай апай, Үмітқан апай, Пиалаш апай, Бақытжамал апай, Торғай апай, Мәнәй ағай, Әбікен ағай, Ислам ағай, Қыпшақ ағай, Сәбит ағай ізгі дәстүрдің өнегесімен қатар жақсы тәрбиеге де баулыды. Қазір тәжірибе жинақтап, ой таразысынан өткізіп, қорытындылағанда «ұстаз» деген сөздің мен үшін ерекше екенін түсінемін. Жақсы өнеге көрсеткен адам шәкірт өмірінде өшпестей із қалдыратыны шындық.
Өзін өзгеден биік ұстамау, өзін басқадан білімді көрсетпеу сол кездегі ұстаздардың бір тектілігінің белгісі еді. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады», «Дұрыс қанаттаған – дұрыс ұшады» дейді халық даналығы. Абыройы асқақ, шоқтығы биік, абзал да парасатты ұстаздардың берген тәрбиесі мол. Міне, қасиетті Науырзым жеріне келіп, үлкен құрметке ие болған ұстазым, менің балалық шағымдағы жарқын білімнің ізін қалдырған, абзал жандардың бірі болғандықтан ұстазымды марапатымен құттықтауды жөн көрдім.
Ұстазбен өткізген күндер кинодағыдай көз алдымнан өтіп жатыр. Әлі есімде. Біз үшін мамырдың 1-9 күндері ауыл көшесімен сап түзеп, парадқа шығу – Мәскеудің қызыл алаңын өтумен бірдей болатын. Сапта жүргенде жаныңда ұстазың келе жатқасын, тіпті бір үрейленгендей, солдаттарша түп-түзу жүретінбіз. Сапты бұзбай, ұстазымыз қалай қойса, солай қаз-қатар жүріп өтетінбіз. Ал сабақта қоңырау кезінде сыртқа бой жазып, сыныпқа қайта кіргенде тым-тырыс отыра қалатынбыз. Бір қызығы, сабақ барысында шыбынның ызыңы естілмес тыныштық орнайтын. Кейде сасқалақтап бар білгенімізді де айта алмай қалатынбыз. Бұның бәрі әрине, ұстазға деген құрметтен болатын.
Иә, сол кездегі ұстаздар салған сара жол мені туралықтан ешқашан адастырған емес. Сабақ барысында айтқан әңгімелерін, үйреткендерін қазір өз шәкірттеріме мақтанып айтып отырамын. Осындай аяулы да ардақты, бүгінде халық қалаулысы атанып отырған ұстаздан сабақ алып, шәкірті атанудың өзі үлкен бақыт. «Науырзым ауданының құрметті азаматы» атағы мәдениет, руханият, білім саласында зор жетістіктерге жеткен, халық арасында абыройы асқақ, қайраткер азаматша Күлтай Камалқызына берілгеніне өте қуанышытымын.
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Күлтай Камалқызы бұл күндері өңірлік «Qostanaı» телеарнасы директорының кеңесшісі қызметінде. Марапат иесі еліміздің, ауданның игілігі жолында көп жыл қалтықсыз еңбек еткен, айналасына сыйлы, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын азаматша екені сөзсіз. Шәкірттік пейілмен ұстазымды марапатымен құттықтап, жемісті жетістіктері таусылмасын деп тілегім келеді.
Жұмабике НҰРСЕИТОВА,
Шолақсай ЖББМ директоры,
Науырзым ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.