Мектеп оқушылары үшін алғашқы қоңырау да соғылды. Эпидемиялық ахуалға байланысты салтанатты шара тек бірінші сынып оқушыларына ғана ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылының маңызды ерекшелігі – «Әліппенің» балақайларға қайта табысталуы болғаны рас.
Оқу жылы басталмас бұрын мектептерде барлық қауіпсіздік ережелері қарастырылды. Енді, мектепке кірерде мұғалімдер «Ashyq» қосымшасын қолданса, кішкентайлардың дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ барлығына медициналық маска тағу міндеттелді. Бастауышқа балаларын жетектеп келген ата-аналар да салтанатты шараға қатыспай, бір-бірінен алшақ тұрды. Сөйтіп, 2021-2022 оқу жылы да басталып, шәкірттер аяулы ұстаздарымен қауышты. Шолақсай орта мектебінің мұғалімдері де сағынышпен шәкірттерін құшақ жая қарсы алды. Осындай қуанышты шақта оқушылардың аяулы ұстаздарының бірі туралы сыр шертуді жөн көрдім.
Ұстаз деген сөз біз үшін қашан да қадірлі, қасиетті тұлға саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ал, ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жастарға білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі, абыройлы еңбек етіп келе жатқан Баяхметова Алтын Мирасбекқызы – жас болса да, тәжірибелі ұстаздардың қатарында.
«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», – деп Мәлік Ғабдуллин ағамыз жақсы айтқан. «Расында да, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Мен де бастауыш мұғалімі ретінде осыған баса назар аударамын. Өйткені, мұғалім – мамандықтың төресі, сол себепті де ұрпақ тәрбиесінде ұстаз да соған сай болуы керек. Жалпы, өзім ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйемін», – дейді білікті бастауыш сынып мұғалімі Алтын Мирасбекқызы.
Асылы, әрбір ұстаз ақ тілеулі ана тәрізді. Ақ пен қара деп қарамай, барлық баланың бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниеттің иесі. «Бұлақ көрсе – көзін ашып», шәкірті өзінен асып түссе – көңілі толып, бар ғұмырын балаға арнаған қарапайым да қайсар жандар, елдің ұйытқысы – осы ұстаздарымыз. Ия, Шолақсай жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі «жас келсе, іске» демекші, Алтын Баяхметова талай жас ұстаздардың қанатын қатайтып, саналы білім беретін білікті маман болуларына ат салысып, бірнеше жылдан бері мектепте жас ұстаздар әдістемелік бірлестігінің жетекшісі болып қызмет істеді.
Бұл күндері білікті ұстаз өзі сабақ беретін бастауыш сынып әдістемесін толық меңгерген, теориялық білімін әрбір сабағында іске асырып, тәрбие мен білімді қатар ұштастырып отырған, шәкірттерін биіктерден көрсетіп жүрген маман. Білімін жетілдіру курстарынан да өтіп, өзінің білік деңгейін жаңартып отырады, қосымша бірлестік жетекшісі ретіндегі қызметін де абыроймен атқарып келді.
– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен мен мамандығымды сүйемін. Қанша жылдан бері көптеген шәкірттің қанатын қатайтып, өміріне жететін рухани азық пен тәрбие беріп, үлкен өмірге аяқтандырдым. Өз іс-тәжірибемде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасаймын. Мұғалім деген ардақты атты иеленіп, арқалап жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Оқушыларым кішкентай болса да түрлі жарыстарға қатысады. Былтырғы оқу жылында Қостанай облыстық Білім басқармасы ұйымдастырған бастауыш сынып оқушылары арасында өткен олимпиадада менің оқушым Баяхметова Алина ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар «NIO», «КИО» олимпиадасына да қатысып тұрады, – дейді Алтын Мирасбекқызы.
Иә, ұстаз шәкіртінің бойына сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар адами құндылықтарды да сіңіреді. Ал бала байыпты бағыт-бағдар арқылы келешекке қадам басып, өзінің мақсатын, айқын мұратын жүзеге асырады. Шолақсай жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс істейді.
Білім шыңына шыға алған мемлекет қана әлемдік деңгейде еркін самғап, өз бағытын дұрыс таңдай алады. Сондықтан елдің келешек тұтқасын ұстар ұрпақтың білімді де білікті болуы, ең алдымен ұстазға байланысты. Мен де осындай жастарға таудай талап беретін ұстаз атты мәртебелі мамандық иелерінің жұмыстарына жеміс тілеуді жөн санадым.
Аслан БАЙДУЛЕТОВ,
Шолақсай ОМ мұғалімі,
Науырзым ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.