Адамның жеке қасиеттерінің негізі отбасында қаланады. Оның ересек жасқа жетуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
Міне, бүгінгі менің қаламыма арқау болып отырған бір отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – Нағила әжеміз. Әр немересінің тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасындағы Нағила әжеміздің әсері мол. Нағила әжеміздің отбасының әрбір мүшесі береке-бірлік, сүйіспеншілікпен босағасы берік, шаңырағы биік отбасында тату-тәтті тұрады. Нағила әжеміз немере тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі болып ортасында отыр.
Бүгінде Габдулина Базиля Кенжеғалиқызы 8 бала, 15 немере, 2 шөбересі бар қадірлі әже. Әжеміздің аты Базилия болғанымен, ауылдастары Нағила деп атап кеткен. Сол себептен мен де анамыздың атын Нағила деп көрсеттім. Жас кезінде әжеміз мектепте еден жуушы болып жұмыс істеген. Сақманда қой мен қозы баққан, 44 жасында зейнетке шыққан. Жұбайы Әбілтай Серікбайұлы механизатор болып қызмет атқарған. Кейін шабан болып жұмыс істеген. Балалары жекеменшік шаруалары бар, өздерінің мал шаруашылығымен айналысады. Өздерінің шөбін шабады. Қыздары күйеуге шыққан. Кіші ұлдары қалада құрылысшы болып жұмыс атқарады. 1969 жылдан 2009 жылға дейін, яғни 40 жыл шамасында Қопа ауылында ғұмыр кешіп, кейінгі жылдары Шолақсайда тұрады.
Өмірден түйгені көп Нағила анамыз, келіндерімен тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындауда өз үлесін қосып келеді. «Абысын тату болса – ас көп, ағайын тату болса – ат көп» дегендей, апамыздың келіндері де өте тату. Нағила әжеміз отбасында немерелеріне әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы деп тәрбиелейді.
– Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтайды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскені жақсы. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әр бала жеті атасын білуі керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөз бар. Сол себептен әкені де, ананаы да сыйлап өсіңдер, – деп айтып отырады.
«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп Абай атамыз айтқандай, Нағила әжеміз немерелеріне мектепте ұстаздарын сыйлап, жақсы білім алуын үнемі ескертіп отырады. Шынында да отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Отбасының адам баласына деген ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені, ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Ендеше әр отбасында балаларын, немерелерін осы Нағила анамыздай ұлағатты сөздерімен тәрбиелейтін аналарымыз, әкелеріміз көп болғай.
«Баланы – жастан» дегенге мен де толық қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?», – деп сұрамай ма, сонда атақты драматург қарсы сауал қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?», – деп. «Өмірге келгеніне екі апта болды», – депті оған сауал қоюшы. Сонда Б.Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз», – деген екен. Мұның өзі достық нақышта айтылғанмен, астарында шындық жатыр. Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жырында бала тәрбиесінде аналарымыз қолдана білген ғой.
Иә, халқымыздың байырғы ұғымында баланың анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың», – деп түсіндіреді. Атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған», – деуі де сол шындықты айқындайды.
Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Міне, сүттей ұйған Габдуллиндер отбасындағы Нағила әжеміз әр баланың көңілін тауып, мерейін өсіріп отырған жан. Демек Нағила әжеміздің немерелері де әжесінің өнегесімен ата-анасын сыйлап, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтіп жүр. Әжеміздің балалары жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып, отбасына кіріс кіргізіп, шешенің қарттығын қажетті тыныштықпен және дәулетпен қамтамасыз етіп жүрген жандар. Иә ана – өмірдің нәрі. Отбасының ақылшысы, ұйытқысы. Бала тәрбиесіне бар өмірін арнаған Нағиладай анамызға ұзақ ғұмыр тіледік. Бір өкініштісі, осы мақала дайындалып жатқанда анамыздың Маржан есімді қыз баласы дүниеден өтіпті. Анамызға көңіл айта отырып: «Алдағы уақытта отбасыңызда тек қуыныш болса екен апатай!», – деймін.
Аслан БАЙДУЛЕТОВ,
Шолақсай ЖББМ мұғалімі,
Науырзым ауданы
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.