Перизат АҚСЕЛЕУҚЫЗЫ: «Әкем қаламнан шаршағанда қамшы өретін»

Выпуск - №19(567)   :   20.05.2023
398

Этнограф-ғалым, жазушы, тарихшы, күйші, композитор, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толып кетті. Қазақ руханиятының қаншама ауыр жүгін көтерген айтулы тұлғаның шығармашылық жолы өз алдына бөлек әлем, бөлек ғылым. Алып тұлғаның отбасы тіршілігіндегі адами болмысына өз кіндігінен өрген перзентінің көзімен қарап көрмек ниетпен осыдан 6 жыл бұрын Перизат Ақселеуқызы мен жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының баласы үшін шынымен де әлемде жоқ әке бейнесі төңірегінде өрбіген әңгімесін назарларыңызға ұсынғымыз келіп отыр. Оқырмандарымызға жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жағынан ұлағаты мол болады ғой деп ойлаймыз.

– Қадірлі, Перизат Ақселеуқызы! Сіздің әкеңіз, біздің рухани әлеміміздегі алып бәйтерек құлағалы да біраз жылдың жүзі болыпты. Бұл күнде сіз аталарымыздың «Әке – асқар тау» дейтін сөзін қалай сезінесіз?

– Ол өте ғажап теңеу! Сонымен қоса қасында «күнде көріп жүрген соң таулардың биіктігі байқалмайды» деген де сөз бар. Шынымды айтсам, ол енді әр адамның басында болатын да жәй шығар, неге көбірек қасында болмадым екен, неге ол кісінің қалауын көбірек орындамадым екен деген өкініштер аз емес. Ол бізді өте қатты еркелететін. Бірақ, бұл бетімен жіберетін деген сөз емес. Отбасында қатал адам еді. Дауыс көтеріп ұрыспайтын да ұрмайтын, бірақ ұялтатын. Ағам Ернар айтатын: «Әкемнің қарағанынан ұрғаны жеңіл болар еді», – деп. Ренжісе, көңілі толмаса барлығы саған қараған бейнесінен шығып тұрады. Өзі айналасын өте ретті ұстайтын кісі екенін біраз жұрт біледі ғой, бала күнімізде қаламды қалай ұстауды, қалай жазуды бәрін қадағалап отыратын. Тіпті бір парақ жазғаныңнан бір әріп қалып немесе қате кетсе сол парақты жыртқызып тастап қайта жаздыратын. Бір жолы аяды-ау деймін, екі парақ жыртылған соң, үшінші парақта кеткен қате әріпті ұстарамен қырып түзетті. Ол кісі үшін уақыттан қымбат ештеңе болмаса да орайын тауып бізбен әңгімелесетін. Музей, театрға үнемі ертіп барушы еді. Ол кезде Алматыда тұрдық қой. Орталық музейге қанша рет барғанымызды еске түсіру мүмкін емес. Қайта-қайта бара беретін едік. Әуезов театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы театрда қандай жаңа спектакль болады, сонда біз отыратынбыз. Ал, бір қызығы, оған бір сағат, әйтпесе жарты сағат бұрын барып аламыз. Кейде біз «әлі ерте ғой» десек, ол кісі, «иә, ерте баруымыз керек. Онда қаншама кісілер келеді, амандасамыз, әңгімелесеміз» дейтін…

– Сіздің қазір музей басқарып отырғаныңыз тегін емес екен де…

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Орталық музейге кейде барғымыз да келмей қалатын. Бірақ әкем әр жолы әр затты, әр қырынан таныстыра әңгіме айтатын. Бара жатқанда, келе жатқанда сол экспонат жайындағы әңгімелері қызық болатын. Кейде сол айтқандарына ұқсас не білетінімзді болмаса ертек секілді шығармалар жаздырады. Оған өзі баға қоятын. Салтанат, Мен, Ернар, Зере де бар сол бағаға қызығып талай ертек, әңгімелер жаздық. Аса көп емес, бірақ төрт-бес дәптер бар енді. Сол жазғанымызды көбінде түскі шәйдан кейін оқитын. Өзі де біраз жатып демалатын. Сол кездегі бір әдеті – саусақтарын уқалатады. Әредік басын уқалаймыз. Жазғанымыз жақсы шығып жатса, кейде тіпті, шашының ағын санатып дегендей қасынан шығармайтын. Менің алты-жеті жастағы кезімде жайлауға барғанымыз есімде. Қойшығара ағамыздың ауылында киіз үйде болдық. Киіз үйде қалай тоңғанымыз, атқа мініп, қозы-лақпен ойнап дегендей, сол көріністер күні бүгінгідей көз алдымда. Кейін Ернарды да ертіп, өзі жазған көптеген этнографиялық дүниелердің қалай жасалатынын көрсетті. Қамшы өргенде, қайыс тілгенде деген секілді. Біз қандай үйде тұрсақ та әкемнің бөлек бөлмесі болды. Қашан көрсем жазып отыратын. Ұйқысы аз еді. Демалғанда балкондағы заттарымен айналысатын. Қаламнан шаршағанда қамшы өретін. Ағаш тіледі, домбыра жасайды, қайыс тіледі деген секілді. Әкемнің бір қасиеті өте тиянақтылығы ғой, сонда балкондағы қаншама заттан бір шашау шықпайтын еді. Бәрі орнында болатын. Біз егер қажет болып немесе ойнап жүріп қаламын алсақ қайта дәл орнына қоятынбыз. Сол орнынан сәл басқа жерде тұрса ұнатпайтын. «Әр заттың өз орны бар, оны орнына қоймасаң өміріңді қиындатасың, уақытыңды жоғалтасың» дейтін. Ол кісінің жазуына анам ерекше жәрдемші болды деп ойлаймын. Қашанда қасында болды. Біздің үй қонақтан босамайтын еді. Сенесіз бе, бір қыста бес жылқы сойған кездеріміз бар. Айта берсең әңгіме көп қой, соғым дегеннің өзі бір мереке болатын. Пышақтарын қайрап, жіліктеп, одан кейін әркімнің сыбағасын беріп дегендей. Кейде түн ортасы болса да анама хабарласып: «Қазаныңды көтере бер», – дейтін. Қаншама таң әңгіме, әнмен, күймен ататын. Таңғалам, сөйте тұра шаршап жатып қалмайтын, жазуын жалғастырып кете беретін. Жазуы жүргенде өте көңілді болады. Кейде тіпті түн ортасында анамның атын айтып дауыстайды. Анам қасына барса: «Шақшамды берші», – дейді. Сонда шақшасы өзі қолын созса жететін жерде тұрады. Білмеймін, еркелей ме екен. Жазудың машақатынан жеңілдеу шығар, бәлкім. Әкем сырттан келгенде киімін шешіп орындыққа ма, диванға ма қоя салатын. Оны біз барып ілеміз, реттейміз. Енді ойлап отырсам, онысы баланың әкеге қылар қызметі екен. Әйтпесе, бүкіл заттарын өзі реттейтін адам ғой. Ол кісі бұл жағынан шынымен өзгеше адам болатын. Кейін Астанадағы Орталық музейге біраз кітаптарын өткізді ғой, сондағы қызметкерлер: «Біз Ақселеу ағаның кітаптарын өткізіп алғанда архив тұрғызғанды жаңадан үйрендік. Оның оңай әрі тиімді тәсілдерінің мүлде басқаша қырлары барын сонда білдік», – деп қатты таңғалды... Бала күнімде сапарларға да бірге шыққаным бар. Сонда көрген екі оқиға қатты есімде қалып қойыпты.

– Айтыңыз…

– Бір жолы вокзалдан түсе қалсақ бір әп-әдемі қазақ бала қайыр сұрап тұр. Қасына барған әкем, «әй бала, сабағың қайда?» деп әңгімеге тартты. Бала үйде анасының ауырып жатқанын, дәрі-дәрмекке ақша керектігін айтты. Әкем баланы ертіп алды. Үйге әкеліп тамақтандырып, өзі ерінбей-жалықпай базардан бір қабат киім сатып әперіп, қолына ақша ұстатып жіберді. Тағы бірде, таң қараңғысында пойыздан түсіп үйге беттеп келе жатқанымызда бір елуден асып, алпысқа жақындап қалған әйел адам көше сыпырып жүр екен. Әкем сәл кідіріп қарап тұрды да қасына барды. Амандасып, айлығын сұрады. Әлгі апамыз «алпыс мың», деді. Әкем ақша қапшығынан алпыс мың теңге алып апаның қалтасына салды. «Бір ай бойы жұмысқа шықпаңыз, бала-шағаңыздың қасында болыңыз», деді. Анау кісінің риза болғандығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Біз өз уақытында ондайды түсіне қоймадық қой, шыны керек. Тіпті, бөтен адамдарға неге сонша шашыла береді деп те ойлағанымды жасырмаймын. Енді қазір ойласам, мән-мағынасы мүлде өзгеше істер екен ғой…

– «Әке балаға – сыншы» дейді. Әрқайсыларыңыздың мінез, болмыстарыңыз туралы айтушы ма еді?

– Бір жолы машинада кетіп бара жатқанда төртеуіміз туралы айтқаны бар. Салтанатты «қайда салсаң содан шығатын, қасқыр қызым ғой» деді. Ернарға «нағыз заңгер» деген баға беріп, сіңілімді «энциклопедия» деді. Ол шынымен не істесе де, тиянақты істейтін. Бүкіл оқу тарихында бір төрт алмаған қыз ғой. Айтқандарының бәрі дәл. Енді мені не дер екен деп, бәріміз аузына қарап отырмыз. Әкем үндемей біраз отырды. Мен қобалжи бастадым. Қалайда бір жақсы баға айтар деген үміттемін. Содан кейін маған қарап сәл жымиып алып: «Перзизат өзіме тартқан ғой», – деді әкем. Мәз болдым, әрине. Бірақ сәлден кейін өзгелердікіндей нақты емес болған соң ба, бір жағы бала көңіл ғой: «Ол сонда жақсы ма?», – дедім. Әкем күлді… Шындығында әкем мені қасына көп ертіп жүрді. «Ұл болғаныңда ғой…» дейтін кейде. Ал, ұлы Ернарға бізден гөрі қатал еді. Бірақ оған қоқыс шығартқызбайтын, кілем қаққызбайтын. «Кілемді шығарып бер, жарайды, бірақ қыздардың жұмысына таласпа» дейтін. Жалпы, біздің үйдің біраз дәстүрі бар еді. Әсіресе, кешкі асқа түгел отыратынбыз. Екі шақыртуға болмайды. Кейде тек әкем ғана жазу жазып отырғанда екі-үш рет барып айтатынбыз. Содан кейін әкемнен бұрын үстелден тұрып кетуге болмайды. Кешкі астан ол кісі бет сипаған соң ғана тұрамыз. Асығыс шаруа болса, рұқсат сұраймыз. Мен тұрмысқа шығарда үйге келген күйеубаласы шынтақтап жатып теледидар көріп жатыр екен, оны көрген әкем мені шақырып алып, «жастық әперсеңші» дегені бар. Осындай қаншама әрекеттерінің күн өткен сайын мән-мағынасын тереңдеп түсініп келемін. Бұл әкемнің көзбен көріп, бойынан өткізген ғылымы ғой.

– Сіз өте атақты адамның баласы екеніңізді сезінетін бе едіңіз?

– Әкем қырық жасқа толғанын үйде тойлады. Несіпбек ағалар өлең оқып, Жәнібек ағалар ән салып, бәрі әкемнің күйшілігін, композиторлығын, жазушылығын айтып мақтап жатты. Сол кезде мен «әкем енді бүкіл арманына жетті, оған енді ештеңе керек емес, әшейін жүрсе болды» деп ойлағаным есімде. Ол өзі бір елдің бәрінде жоқшылық, жұтаңдау кез еді ғой, сол күні достары біздің үйге үлкен кілем әкелді. Ернар бәріміз әлгі кілемнің үстіне аунаймыз келіп. Одан кейін әкемнің Тәуелсіздік алғанда қатты қуанғаны есімде. Біздің үйде күндіз-түні той болды. Осы Тәуелсіздік туралы өте көп айтатын. «Бізден бұрынғылар аштықты да, қырғынды да, соғысты да бәрін көрді, жандарында тыныштық, тәндерінде рахат болмады. Барлық азапты көрді де кетті. Біз Тәуелсіздікті көрдік. Қандай бақыт!» дейтін. Желтоқсан оқиғасының кезіндегі күндіз-түнгі әңгіме. «Қазақтардың бауыздалып жатқанын бүкіл әлем білмей отыр. Анаған хабарласамыз, мынаған айтамыз» деп дабырласқан сәттері бәрі есімде. Көзі тірісінде шыққан соңғы кітабы – «Қазақтың ауызша тарихын» жазуға өте көп күш жұмсады. Бірақ сол кітап шыққан кейін бірде үйде Қойшығара ағамен сөйлесіп отырғанда «бұл жұрт кітап оқымай ма, әлде бұларға ештеңе қажет емес пе? Ешкім үндемейді» деп кейіп отырғанын көрдім. Ал, ол кітапты жазу үшін қаншама сапарларға шығып, ел ішінен материал жинады. Бала күнімде апталап, айлап сыртта жүрген әкемді сағынып, бір бұрышта отырып жылайтынмын. «Бар уақытын бізге бөлсе ғой» деп армандайтынмын. Әрине, ондай әке бар уақытын бізге бөлсе де, бәрібір аз болатын еді…

– Әңгімеңізге рақмет!

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.