Сауле Кабдулина: «Кітап оқу – парасатты тұлға қалыптастырудың кепілі»

Выпуск - №18(714)   :   08.05.2026
780

Сауле Кабдулина Кітап оқу парасатты тұлға қалыптастырудың кепілі (1)

Өңірімізде дүбірлеген «Кітап оқитын ұлт» жобасы мәресіне жетіп, кітапқұмарлардың шоғырын анықтады. Рухани бәйгеде шоқтығы биік көрінгендердің қатарында – қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия-интернаттың шәкірттері бар. Шәкірттерді жеңіске жетелеген кітапхана меңгерушісі Сауле Кабдулинамен және байқау үздіктерімен болған тартымды әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Сауле Утегеновна, «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі мақсаты туралы айтып өтсеңіз?
– Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама 2024-2025 оқу жылынан бастап пилоттық жоба ретінде енгізіліп, жарасымды жалғасын тауып келеді. Жоба алты негізгі бағытты қамтиды: мектеп оқушылары, студенттер, жоғары оқу орындары, педагогтер, кітап оқитын отбасылар және мемлекеттік қызметшілер. Біздің білім ордасынан оқушылар мен мұғалімдер белсенді қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті.

– Жоба аясында оқу процесі қалай ұйымдастырылды?
– Жобаға сәйкес әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс болды. Біз бұл талапты мектептің оқу үрдісіне тиімді енгіздік. Мәселен, күн сайын сабақ басталар алдында 20 минуттық тұрақты оқу уақыты белгіленді. Ай сайын оқушыларға арнайы тізім бойынша кітаптар ұсынылып отырды. Жүйелі жұмыс оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ой-өрісін кеңейтуге үлкен әсер етті.

– Облыстық додада топ жару оңай болмағаны анық. Жеңісті сәттеріңізбен бөліссеңіз...
– Сайыс мектепішілік іріктеуден басталып, қалалық және облыстық деңгейдегі тартысты кезеңдерді қамтыды. Алғашқы сатыда оқушылар тест тапсырып, үздіктері келесі кезеңдерге жолдама алды. Облыстық кезеңде мектебіміздің намысын 9-сынып оқушылары – Анелья Рақымжан, Назерке Алибекқызы және Алтынай Ермекқызы абыроймен қорғап, жүлделі ІІІ орын мен 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Мақтанышпен айта кетерлігі, педагогтер арасында да мерейіміз үстем болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Сымбат Салмағанбетова, Сәуле Жалмағанбетова және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Думан Исайн облыстық кезеңде ешкімге дес бермей, І орынды жеңіп алып, 1 млн теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.

– Тамаша жетістік, құттықтаймыз! Енді жобаға қатысқан шәкірттердің пікіріне құлақ түрсек. Анелья, бұл жоба сен үшін қандай жаңалық ашты?
– Бұл жоба мен үшін жай ғана сайыс емес, үлкен тәжірибе мектебі болды. Біз кітап оқып қана қоймай, мүмкіндіктерімізді жаңа қырынан таныдық. Әрбір кезеңді бағындырған сайын алға ұмтылуға деген құштарлығымыз да арта түсті.

– Назерке, сен қандай жанрдағы кітаптарды қызығып оқыдың?
– Маған көбінесе драма жанрындағы шығармалар жақын болды. Олар адам өміріндегі қиындықтар мен тағдыр қатпарларын шынайы жеткізеді. Драма арқылы өмірлік маңызды құндылықтарды тереңірек түсінуге болады.

– Оқылған кітаптардың ішінде ерекше әсер қалдырғандары қайсы?
– Оқушыларымыздың айтуынша, олардың қатарында Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» пьесасы, Дейл Карнегидің «Шешендік өнер» туралы еңбегі және Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы бар. Бұл шығармалар шәкірттеріміздің ойлау қабілетін кеңейтіп, өмірге деген көзқарастарын өзгертті деуге болады.

– Бұл жоба шәкірттеріңіздің тұлғалық дамуына қалай әсер етті деп ойлайсыз?
– Сөзсіз, бұл жоба оқушылардың дүниетанымын жаңа белеске көтерді. Енді олар тек көркем әдебиетпен шектелмей, ғылыми-танымдық еңбектерге де зор қызығушылық таныта бастады. Осы ізденімпаздық пен кітапқа деген сүйіспеншілік олардың болашақта білікті маман, парасатты тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететініне сенімім кәміл.

Гүлнәз ӨМІРЗАҚ,
Аружан ҚОНАҚБАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
ҚӨУ журналистика мамандығының
4-курс студенттері

Реклама

Около 10 лет я выписываю «Учительскую плюс» и стараюсь всё интересное донести до её читателей. В нашей школе хороший, творческий коллектив, проводится много мероприятий, заслуживающих внимания, и я очень рада возможности рассказывать о них на страницах газеты, показать, что мы хоть и сельская школа, но от городских не отстаём, работаем ярко, увлечённо. И в этом нам тоже помогает любимая газета. Сотрудничество с «Учительской плюс» действительно большой плюс для всех педагогов, особенно тех, кто стремится к профессиональному росту, к творческому самовыражению.

Мне интересно не только самой написать об уроках, педагогических открытиях, проектах нашей школы, но и почитать и других авторов, узнать, как живут, как работают мои коллеги в других уголках области, чтобы что-то новое, эффективное использовать в своей деятельности. Я с удовольствием читаю всё, каждую страницу, а особенным удовольствием – красочные материалы про детей. «Учительская плюс» для педагогов области – газета №1. Особенно теперь, когда её публикации учитываются при аттестации.