Мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тұғыры биік асыл мұрасы – күй өнері. Сол арқылы халықтың рухын көтеріп, мұң-мұқтажы мен қайғы-қуанышын да әсерлеп жеткізіп жүрген ел азаматтары аз емес. Сондай тума таланттардың бірегейі – күйші-композитор, ҚР мәдениет қайраткері – Айтбай МҰЗДАХАНОВ.
Айтбай Мұздаханов – 1941 жылы қазанның 15-інде Амангелді ауданының Қарасу (Комунизм жолы) ауылында дүниеге келген күйші, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1993). Руы – Қыржігіт. Әкесі – Мұздахан Молдашұлы – етікші, ағаш шебері, күйші-домбырашы болған. Анасы – Кәбира Молдашова – әнші, ептеп домбырада ойнаған. Айтбай ата домбыра ұстауды өз әкесінен жеті жасынан бастап үйренеді. Одан кейін өнерге баулыған кәсіби ұстазы – Төкен Елтебаев.
Өмір жолында денсаулығына байланысты көп қиындықты бастан өткерсе де, еш мойымаған. Өнерге деген махаббатының арқасында жалғыз қолымен күй өнерінің дамуына үлес қосып, 70-ке жуық күй, 50-ге жуық ән шығарып, өнер жолында өшпес қолтаңбасын қалдырған ерекше тұлға. Осындай қайраткерлігін, шыдамдылығын көрсетіп: «Қолыма қара домбыра алған кезде, / Тақтағы падишаның күйін кешем...», – деп, қасиетті қара домбыраның құдіретін халық жадына сіңіруде аянбай еңбектенген ұлы ұстаздың еңбегі өлшеусіз.
Күйші атамыздың өмір жолын насихаттау мақсатында, былтырғы оқу жылынан А.Мұздаханов өмірі мен өнер жолына арналған ғылыми зерттеу жұмысымды бастап, бүгінде облыстық деңгейде қорғағалы отырмын. Жетекшім Айткүл Сабырқызымен бірге зерттеу жобамның басты кейіпкері Айтбай Мұздахановтың Қарасу ауылындағы өз шаңырағына арнайы іздеп барып, сұхбаттастық. Бұл – күйші атаға деген шәкірттік құрметім деп білемін. Себебі, күйші атамыз мен білім алатын киелі қара шаңырақ – Амангелді ЖББ мектебінің түлегі. Ал, туған жеріміздің тума таланттарын дәріптеу, құрметтеу – біздің басты борышымыз.
– Ата, бойыңызға күйшілік кімнен дарыды? Ата-бабаларыңыздың арасында күйшілер болды ма?
– Өнер де тек қуалайды. Атам Молдаш танымал күйші болыпты. Ел оны: «Молдашсыз думанның сәні кіре ме?», – деп, тойға ат жіберіп алдырады екен. Оның әкесі Шомақ, яғни менің арғы бабам, кісі есігінде жүріп байыпты. Бір байға жалданып, бес жылдан кейін сол малы өсіп, ауқаттылар қатарына қосылған. Анам ән салатын еді. Қазақтың ескі әндерін жақсы орындайтын. Әкем де өнерден қара жаяу емес. Дәулескер домбырашы-тын. Негізгі шын есімі – Мұзафархан, жеңгелері «Мұздахан» деп атаған. Осы домбырашылық өнер әкемнен дарыған болса керек. Он бес жасқа келгенімде әкем өмірден өтті.
– Домбыраны қанша жасыңызда қолыңызға ұстадыңыз?
– Біздің балалық шағымыз қызыққа толы болды дей алмаймын. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы өмірге келдім. Домбыра шертуді 5-6 жасымда әкем үйретті. Алғаш Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін тарттым. 3-сыныпта ата-анам көрші колхозға көшіп барды.
Алақандай ауылда Омар, Біртай есімді күйшілер болды. Оның қатарына әкем келіп қосылды. Сол кісілер айына бір рет біздің үйге жиналып, күй тартатын. Омар деген әкеміз ғажап күйші еді. «Боз інген», «Нар идірген» деген күйді алғаш содан естідім. Ол кісі күй тартқанда шешелеріміз үнсіз жылап отыратын.
Біздің ауылдан 25 шақырымдағы Көктау деген жерден Құрман күйші қыстыкүні өгіз шанамен келеді. Қазір ойласам, көзім көрген сол күйшілердің күйге деген кұрметі, өнерге деген пейілі бөлек. Солардың тартқан күйі бойыма сіңді ме, санамда қалды ма, білмеймін, әйтеуір, күйшілікті бала күнімнен пір тұттым.
– Күйшілікке қай кезден ден қойдыңыз және алғашқы шығармашылық туындыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Төкен Елтебаев ағамыз Алматы консерваториясын тәмамдап, ауылға қызметке орналасты. Мінезге бай, өзі келбетті, жігіттің сұлтаны дейтін азамат еді. Сол кісі ауылда оркестр құрып, домбыра тартатындарды жинады. Оркестрге мен де алындым. Дайындыққа барып, домбыра тартып отырсам, үнемі басқа әуенге түсіп кетем. Төкен аға соны байқап қалып: «Әрі қарай тартшы», – деп шабыттандыра түсті. Сөйтіп, алғашқы күйім – «Амангелді дүбірі» дүниеге келді.
Жаңа күй туғанмен, атын қойған жоқ едім. Бірде ауылға облыстық радиода істейтін қаламгер Табыл Құлиясов келді. Сол кісіге: «Аға, бір күйім бар, әлі ат қойған жоқпын, өзімше «Тың толғауы» деп атап жүрмін. Соны тыңдап көріңізші», – дедім. Табыл ағамыз күйді мұқият тыңдаған соң: «Мынау – дүбірлеп тұрған күй ғой, бұл күйді «Амангелді дүбірі» деп ата», – деп, сол мезетте атын қойып берді. Бұл туынды алғаш рет Амангелді батыр атамыздың тоқсан жылдық тойында орындалды. Биыл, Амангелді батырдың 150 жылдығына орай, қызым А.Мұздаханова осы күйіме бейнебаян түсіріп, тағы да жаңа қырыннан танытып, дүйім жұртқа паш етті. Бұл – мен үшін үлкен құрмет, зор мәртебе.
– Шаруашылықтың қым-қуыт жұмысын атқара жүріп, өнерге қалай үлгердіңіз?
– Ауылда істемеген кәсібім жоқ. Электрик, су шаруашылығының маманы, бөлімше меңгерушісі болдым. Күні-түні жұмыстан бас алмаймыз. Ол кезде совхоздың тіршілігі қауырт, кейде үйге түнде келемін. Сонда қолыма домбыра алып, шаршағанымды басамын. Домбыра адамды тартып тұрады.
Ұлы Жеңістің 25 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есінде» деген күй жарыққа шықты. Ол кезде ауылда майдангерлер көп, бізге қалай соғысқанын айтып отыратын. Сол әңгімелері маған қатты әсер етіп, күй туды. Одан кейін «Балалы киік», өмірден ерте өткен досыма арнап «Сәтен» деген күй дүниеге келді. Жалпы қолым сау кезде 8 күй ғана шығардым.
– Көңіліңізге мұң шалдырған сол оқиғаны айтып өтесіз бе?
– Кеңес дәуірінде Одақ көлемінде халық шығармашылық фестивалі өтетін. Мен де соған қатыстым. Алдымен аудандық, одан облыстық байқаудан бірінші орын иеленіп, республикаға жолдама алдым. Бұл − 1977 жыл еді. Республикалық байқауға әр аймақтың шашасына шаң жұқтырмас жүйріктері жиналыпты. Әсіресе Атырау, Маңғыстаудан келген күйшілердің өнері керемет! Мен осы фестивальде «Амангелді дүбірі», «Ер есімі – ел есіңде», «Балалы киік» деген үш күйімді орындап, бірінші орынды жеңіп алдым. Елге абыроймен оралдым.
Көңілім алып-ұшып, ғажайып бір сезімде жүрдім. Бір күн үйде демалып, келесі күні жұмысқа шықтым. Онда ауылдағы «Кормоцехтың» меңгерушісімін. Әлі есімде, желтоқсанның он жетісі. Келсем, цехтағы бір агрегат жүрмей, мұз қатып қалыпты. Автоматты сөндіру ойымда жоқ, сол мұзды алып тастағым келіп, қолымды салып жібергенде – агрегат айналып кетті. Есім шығып, айқайды салып жібердім де қолымды тартып алдым. Содан ауруханаға келдім, ар жағы белгілі...
1985 жылы өнердегі ұстазым Төкен Елтебаев қайтыс болды. Алдында сол кісі Мұқағалидың «Жапырақ жүрек жас қайың» атты өлеңіне жазған бір әуенді тыңдатқан. Соның әуенімен үндес «Ақ қайың» деген күй шықты. Оны қызым Анарға тартқызып көріп ем, тез қағып алды. Күйдің сарыны келеді, оны домбырада тартпағасын, ұмытып қаламын. Сосын магнитофонға ауызша жазып жүрдім.
Ал 1986 жылы ауылға әнші Мәдина Ерәлиева келіп, концерт қойды. Сол бір сөзінде «Қазақ жастары қанға боялып қалды ғой» деп күрсінді. Осы сөзі маған ерекше әсер етті де, жастарға арнап «Елім-ай» деген күй шығардым. Содан қолыма сым байлап, домбыра тарта бастадым. Осы жылдары «Қаратау», «Боз тайлақ», «Қыпшақ Сейітқұл», «Ару арман», «Жұбату» атты күйлерім туды.
– Алғаш домбырамен саханаға қашан шықтыңыз?
– 1988 жылы ауылға атақты Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен келіп, концерт қойды. Нұрағаның шығармашылығын бұрыннан жақсы көремін. Енді өзімен кездескім келді. Совхоздағы партия ұйымының хатшысы, белгілі журналист Жалғасбек Сүлейменовке айтып, Нұрғиса ағамен жақын таныстым. Сол кісіге арнаған «Нұраға» деген күйім бар еді, соны орындап бердім. Тыңдап болған соң маған: «Тағы тартшы», – деді. «Ару арманды» тарттым. Риза болды ма... арқамнан қағып: «Бүгін кешке бізбен сахнаға шығасың», – деді. Сөйтіп, Нұрағаңа еріп, алдымен ауылда, одан соң аудан сахнасында өнер көрсеттім. Одан қалдырмай Арқалыққа ертіп апарып, онда күй тартқызды. Өмірімде Нұрғиса ағамен үш рет кездестім. Соңғы рет Алматыда кездесіп, үйінде қонақта болдым. Аяғымды ауыртып, ақсаңдап жүр едім, маған бір әдемі таяғын берді де: «Сен өзің қызғаншақ екенсің. Мен саған бір-екі күйіңді бер, оркестрге жаздырайын деп едім, жібермедің ғой», – деді. Негізі, ол кісіге 2-3 күйімді жібергем, қолына тимепті.
– Күй деген тылсым өнер ғой. Олардың шығу тарихы да өте қызық. Өзіңіз күйлеріңізді қалай шығарасыз?
– Айналайын, оны тілмен жеткізу қиын. Оны Алла Тағаланың берген қабілеті деп ұғамын. Күйді түсіну үшін өре керек. Кейде күйлердің аты мен заты үйлеспей тұрады. Күй шығарғанда бір жол болса да, соған үндесетін сөз тауып аламын. Мысалы, отызыншы жылдардағы ашаршылыққа арнаған «32-ші жыл» деген күйім бар. Оған анамның басынан өткен оқиға себеп болды. Елді аштық жайлап, жұрт жан-жаққа босады. Анамның да жақындары аштықтан көз жұмғасын, қасына жеткіншек қайнысы мен қайын сіңілісін ертіп, жолға шығады. Қырдан аса бере, өзен жағасында тұрған киіз үйден жылаған баланың дауысын естиді. Барса, біреуі ересек, екіншісі еңбектеп жүрген сәби екен. Әке-шешесі жоқ, есікті тіреп кеткен. Үлкені: «Апа, нан берші», – дегесін дорбасының түбіндегі талқаннан бөліп береді. Артынша анамнан өздерін алып кетуін сұрапты. Екі бала жетектеп келе жатқан анамның оған шамасы келмейді... Әлгі баланың айтқан сөзі менің жан-жүйемді босатып жіберді. Бұл – соның әсерімен туған күй. Ал, «37-ші жыл» деген туындымды, сол жылдары жаппай қуғынға ұшырап, ату жазасына кесілген қазақ зиялыларына арнадым.
– Жолыңызды қуған қызыңыз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Анар Мұздаханованы жұртшылық жақсы біледі. «Әке – балаға сыншы» дейді, қызыңыздың күйшілігіне көңіліңіз тола ма?
– Анар – егіздің сыңары. Әке алдымен ер балаға жақын ғой, сондықтан Серік деген ұлыма домбыра үйретіп едім, оның өнерге ықыласы бола қоймады. Ал, Анар соны көріп жүріп, домбыраны өз бетімен үйреніп алды. Бала күнінен өнерге жақын өсті. Аудандағы музыкалық мектепте оқыды. Сегізінші сыныпты аяқтағасын Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесіне түсті. Анардың шығармашылығына үнемі зер салып отырамын. Кейде батырып та айтқан кезім болды. Сексенге толған мерейтойыма орай, ауданда шығармашылық кеш өтіп, онда 5-6 күй орындады. Көңілім толды. Әрине, қызыма қатты ризамын. Балаларымның қай-қайсына болмасын әкелік алғысым шексіз.
– Бар өміріңіз ауылда өтті. «Жас күнімде талай талант топ жарған Астанаға барғанда, өнер жолым басқаша қалыптасар ма еді» деген өкінішіңіз болды ма?
– Адам баласы жарық дүние есігін ашқаннан кейін Алла Тағала пешенеге не жазды, соған риза болу керек деп ойлаймын. Өткенге еш өкінішім жоқ. Ауылда қалмағанымда, өнерім өрістемей қалуы да мүмкін еді. Басымнан түрлі кезеңдер өтті, он шақты рет ажалдан аман қалдым. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Атақ қумадым. Қолымнан келгенше, елге қызмет істедім. Сондықтан, тағдырыма шүкіршілік айтамын.
Балаларым аман-есен өсті, енді солардан немере-шөбере сүйіп отырмын. Жақсы қартая білу де өнер. Туған елім алақанына салып қадірлейді. Амангелді ауданының Құрметті азаматымын. Осы күнге дейін 70-ке тарта күй мен 50-ге тарта ән жаздым. «Аллаға шүкір» деймін.
– Айтбай ата, әңгімеңізге көп рақмет! Әлі талай туындыларыңызды жарыққа шығарып, кейінгі жас-ұрпаққа үлгі-өнеге болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз!
– Саған да рахмет айналайын! Өркенің өссін! Мені өзің сияқты жас ұрпаққа дәріптеп, зерттеу жұмысын қорғап бастаған ісіңе сәттілік тілеймін қарағым. Талабыңа нұр жаусын, болашағын жарқын болсын, өзің сияқты жас ғалымдарымыз көбейе берсін, елімізден шыққан мен сияқты талай тума талантты тұлғаларымыз мен батырларымызды осылай зерттеп, насихаттайтын жастарымыздың қатары көбейе берсін деймін. Білім мен ғылымның биігінен көріне бергейсің!
Карина ЖОЛДЫБЕК,
Амангелді ЖББМ
11-сынып оқушысы,
Айткүл ЕРЖІГІТОВА,
музыка пәнінің мұғалімі,
ғылыми жетекшісі
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.