Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын

Выпуск - №31-32 (377-378)   :   30.08.2019
224

Қайсыбір адамнан сұрасаң да, қолына қалам ұстатып, әріп жаттатқызған алғашқы ұстазын тебіреніспен еске алады. Небір дана ғұлама ғалымдар да, жүректерінде арман оты лаулаған жеткіншектер де – бәрі де сол бір аяулы жанға қарыздар. Алғаш әліппенің бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің сан-қилы бұралаң жолдарын тереңінен түсініп, дұрыс шешім қабылдау жолында бағыт беріп, бойыңдағы адамгершілікке негізделген ізгі қасиеттердің қалыптасуына мұрындық болған алғашқы ұстаз бейнесі көңіл төрінен орын алады емес пе.

Гүлжихан апайдың жалынды жастық шағының жылы суреті.

Әр адамның жанына білім дәнегін сепкен мұғалім бейнесі көз алдымызға диқаншы сынды елестейді. Әр шәкіртін бауырына баласындай жақын тартып, өмірдің қиын да қилы кезеңдеріне дайындап, қанатын қатайтып бастауыш атты шағын ұядан ұшырады. Дәлірек айтар болсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы барлық асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіруге тырысады. Өзімнің алғашқы ұстазым жайлы ойлана қалсам, көз алдыма ақ жарқын мінезді, кең пейілді, орташа бойлы, жылы жүзді жанның бейнесі келеді. Артынша бал бұлағым бастауышымның мөлдір естеліктері жылт етіп, ұстазымның күлімдеген бейнесі, сыныптас достарым ойға оралып, санама маза бермейді.

Гүлжихан Қажыболқызы жолдасы Жеңіс Тұрлыбековпен


Аздаған күннен соң, алғашқы қоңырау соғылып, қаршадай ғана балалар мектеп табалдырыған алғаш аттайды. Жылда осынау көріністі көрген сайын, өзімнің де бір кездері, нақтырақ айтар болсам, 2004 жылы бірінші сыныпқа барғаным еміс-еміс есіме оралып, еріксіз қиялға батып, жарқын естеліктердің жетегінде кетемін. Сол сәтте ойыма ең алғаш келетіні саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесіне арнаған менің алғашқы ұстазым – Есекеева Гүлжихан Қажыболқызының келбеті. Атам Қайыр, әкем Қажыбол, анам Зейнелғарап. Гүлжихан Қажыболқызы 1951 жылдың 28 маусымында Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданының Қызылбалықшы ауылында дүниеге келді.

– Әкем Қажыбол соғыс ардагері болған, артынша балықшы болып қызмет атқарған. Ал, анам Зейнелғарап тылда еңбек еткен. Жастайынан сөзге шешен, он саусағынан өнер тамған жан болатын, – деп еске алады Гүлжихан апай. – Ата-анам 5 бала өсіріп, бәріне де білім мен тағылымды тәрбие берген. Мен 1958 жылы туған жерімде бірінші сыныпқа бардым. Сол кездері ауылда тек бастауыш мектеп болғандықтан, 5-сыныпты көршілес Ақсуат ауылында жалғастырдым. Бірақ, алтыншы сыныпты орысша оқуға мәжбүр болдым. Себебі, 60-жылдардың басында Хрущевтің «орыстандыру» саясаты басталған-тын. Содан ата-анам орысша оқымасаң, жоғары оқу орнына түсе алмайсың деп орысшаға берген. Сол жылдарда, әсіресе, Қазақстанның солтүстік облыстарында қазақ факультеттерін жауып тастағандықтан, 1968 жылы Қостанай педагогикалық институтына түсіп, француз факультетін 1972 жылы тәмәмдадым. Кейін жаңадан ашылған Торғай облысына жолдамамен барып, еңбек жолымды Арқалық қаласының қасындағы Родина мектебінен бастадым, – дейді әңгімесі барысында.

Артынша сөзін жалғап: «Кейін өмірлік серігіме айналған Жеңіс Тұрлыбековты кезіктіріп, шаңырақ көтердік. Жастайымнан арманым – қазақ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болу еді. Сол арманым орындалды. 1995 жылы Қарасу ауданына қарасты Оқтябрь ауылының Октябрь орта мектебіне жұмысқа қабылданып, 1995-2013 жылдар аралығында халықтық педагогикаға заман талабына сай жаңалықтарға, жаңашылдықтарға ұмтылдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары енді ғана қазақтығымызды өзімізге қайтара бастап, тілімізді қалыпқа келтіре бастаған кезең болатын. Сол жылдарда алдыма келген балаларды қазақ тіліне үйреттім. Ата-аналар сыйлап, шәкірттерім еске алып тұрады. Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін», – дейді Гүлжихан апай. 41 жыл бойы мұғалімдік қызметте еңбек еткен Гүлжихан Қажыболқызы бұл күндері құрметті демалыста. Бір ұл, екі қыздан Алла берген бес немересін сүйіп, қызығын көріп отырған аяулы әже.

Жолдасы Жеңіс Тұрлыбеков пен Гүлжихан апай немерелерінің ортасында


Октябрь орта мектебінің бастауыш сыныбында оқып жүрген кездердегі бала арман, бала махаббат ойға оралған сайын еріксіз езу тартасың да тұрасың. Есейген сайын алаңсыз балдәурен шақтың тәтті күндері жиі еске түседі. Біз сыныпта 18 оқушы болдық. Бәріміз де алғырлық танытып, сыныпта озат болуға талпынатынбыз. Мектебіміздегі ұстаздардың барлығы дерлік сыныбымызды мақтап: «Гүлжихан Қажболқызының балалары неткен тәртіпті, неткен тәрбиелі», – деп мақтағанда, төбеміз көкке бір елі жетпей тұрғандай күй кешетінбіз. Төрт жыл бастауыш білім алып, бастауышпен қоштасар кеш болғанда, сыныптастарымның барлығы дерлік көзіне еріксіз жас алғаны әлі есімде. Сол күні апайымыз өзінен бір естелік болсын деген ниетпен барлығымызға бір-бір журналды сыйлаған еді. Маған берген «Бала Би» журналының алғашқы бетінде: «Жаны нәзік, өзі ойшыл, дарынды шәкіртім Жамалыма», – деп жазып, соңына өз қолтаңбасын қалдырыпты. Бұл сөздер мені өмір бойы алға жетелері анық. Сол жарқын кездерден бері көп жылдар өткенімен ұстазым Гүлжихан Қажыболқызына барша шәкірттерінің атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Әрбір адамның жүрек түбінде жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі сақталуы – заңдылық. Себебі, ол – баланы болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға. 

Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Бүгінде ұстазымыздың шәкірттері бір-бір мамандық иелері атанып, өмірде өз жолын тауып жатса сол еңбектің бір ұшқыны ұстаздың арқасы дер едім. Бізді жарық дүниеге әкелген аналарымызды қандай ардақтасақ, сол ұрпаққа әрі қарай тәлім-тәрбие беретін мұғалімге де сондай құрмет көрсетуіміз керек. Себебі, бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, мінез, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Кемеңгер Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп айтқандай, қыр-сыры мол, қиын әрі жауапты, үлкен шығармашылық еңбекті талап ететін бұл жолды таңдаған ұстаздардың алдында бас иіп, алғыс айтсақ та, артық болмас.

Өмірлік серігі Жеңіс Тұрлыбековпен

Білім күні мен келе жатқан ұстаздар мерекесінің қарсаңында алғашқы ұстазым Гүлжихан апайыма шәкірттік сезіммен зор алғысымызды білдіре отырып, денсаулығыңыз мықты, ғұмыр-жасыңыз ұзақ болып, атақ-абыройыңыз асқақтай беруіне тілектестік білдіремін! Сіздің ерен еңбегіңіз, сабырлығыңыз бен жарқын жүзді күлімдеген бейнеңіз барша шәкірттеріңіздің жадында мәңгі сақтаулы. Осы тұста, Ақбота Керімбекованың «Ұстазым менің, ұстазым» әнінің көпте танымал жолдары еріксіз еске оралып тұр:

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!

P.s. Мақаланы дайындау барысында үлкен көмегін беріп, ақпараттық қолдау көрсеткен ұстазым, жылдар бойы Октябрь орта мектебінде орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі болып абыройлы қызмет етіп келе жатқан ЕГЕУБАЕВА Ләйләгүл Тұралықызына алғыс білдіремін!


Жамал ШАУКЕН,
суреттер Гүлжихан Қажыболқызының
жеке мұрағатынан

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.