Түркі әлемінің алтын шоғыры

Выпуск - №11 (559)   :   18.03.2023
720

Қасиетті Түркістан шаһары ерте заманнан исі қазаққа, барша түркі жұртына таныс рухани астанамыз, тарлан тарихымен, текті мұраларымен дараланған қала. Ал адамзатты ақиқат жолына үндеуші Қожа Ахмет Ясауи – тұтас бір әлем.

Қожа Ахмет Ясауи – ақын, ойшыл, ұстаз, түркі жұртына иман нұрын шашқан діни қайраткер. Ол таңғаларлықтай табиғи үйлесім тапқан ақындығы мен пәлсапалық ойшылдығын бір ғана мақсат жолына – туған халқының білімі мен ғылымы, еркіндігіне, адами кемелдікке арнаған тұлға. Ясауи ілімі халқымыздың өзегі, рухани кемелденіп дамуымыздың негізі. Ал Ясауи кесенесі – біздің баға жетпес байлығымыз, ЮНЕСКО әлемдік мұралар тізіміне енген асыл жауһарлардың бірі. Әзірет Сұлтанның ойшылдық асқақ тұлғасы – ежелден білімге, дінге, ғылымға басымдық беруі, зияткерлі ұлт қалыптастыру идеясы халық рухының ерекше көрінісі.

Ғұмырсүйгіштік философия – ақиқат. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген дәуір терең тарихы, төлтума мәдениеті, озық дәстүрі бар түркі даласына ислам дінінің дендей еніп, түркі, араб, парсы мәдениетінің тоғысуы басталған күрделі кезең еді. Таным-пайымның табиғатына қарай жылжып, ақиқатқа қарай өріс алып, жандана түседі. Өмірде адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы, Аллаға сену, оң көзқарас және шынайы жанашырлық. Жақсы ой, жақсылыққа үміттену кісіні алға ынталандырады, жігері мен қайратын қамшылайды. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөзі осыған келіп саяды.

Шығыс мұсылмандарының рухани тәлімгері, барша түркі еліне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде бейнелі жыр жазудың үлгісін жасады. Суырып салма ақындығы әдебиетке өзгеше серпін берді. Ол Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әмбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметінде жақсы пайдаланған. Даналық кітабынан қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына қатысты тың деректер табуға болады. Түркі жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтып «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісі» деген тәмсіл бар. Ясауи кесенесіне тең келетін сәулет өнерінің туындысы жоқ.

Қожа Ахмет Ясауидің негізгі өсиеті – адал еңбек. Ол хикметтерінде: «Еңбек еткен әрқашан мұратқа жетер», – деп келтіреді. «Диуани хикмет» – үлкен ізденіс пен пайымдаулар, ұрпаққа қалған ғибратты мұрасы. Үлкен дәуірлік сипатқа ие туынды. Аталмыш еңбегінде жомарттық, қанағат, достық, адалдық, сүйіспеншілік, ғылым-білім, жақсылық пен жамандық, әділетсіздік, көрсеқызарлық сезімдері кеңінен қамтылған. Шығармаларында парасат-пайым, кеңдік, тектілік бар. Бар ғұмыры мен қызметін өскелең ұрпақ тәрбиесіне, идеялық-өнегелік жолға арнады.

Түркістан қаласында орналасқан Ясауи кесенесі

Хикметтері шындықтың, ақиқаттың шарайнасы ғана емес, ұлттық рухтың қаншалықты биіктеп кеткенінің көрінісі. Осылайша ойшылдың тереңде жатқан рухани тұтастығын байқайсың. Байырғы түркі ұғым табиғатынан тамыр тартып, бүтіндей жаңа мағына алып келген. Ой жүйесі, сөз саптауы, ой мен ұғым жақсылыққа жетелейтін астарға толы. Жаугершілік заманда көкірегінде намысы бар, жігіт атаулының бәрі жауынгерлік өнерді үйреніп, сауыт-сайман киіп, ел қорғауға атсалысқан. Даламыз тудырған тарихи оқиғалар, ірі өзгерістер, қоғамдық құрылыстар, деректер, ұлы бабамыздың жазбаларынан табылуы ғибратты.

Ясауи хикметтері – ғажайып ғұмыр иесінің талай ұрпаққа өнеге болар ғибратты асқақ рухты шежіресі. Өзінің жауһар жарларына арқау етіп: «Өзіңді танығаның – хақты танығаның», – дейді ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауи. Хақ деп отырғаны – ақиқат, дүниенің мәні. Демек әрбір адам, ең алдымен, өз елінің өткенін, тарихын, ата-бабаларын білуі керек. Ендеше, біз бабамыз жайлы білуіміз керек. Ал «Диуани хикмет» – әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке бағыттайтын, тәрбиелік мәні аса зор адами болмыстың, тектілігі, ақылы, парасаты, мейірімі бар еңбек. Ясауи ілімі – барлық түркі халықтарының мұсылмандығының айнасы. Қырғыз, өзбек, түркімен ағайындардың арасында әлі күнге дейін хикмет дәстүрі үзілген емес. Олар хикметті жатқа айтуды дәстүрге айналдырған.

Шығыстың ұлы шайырлары Хафиз, Сағди, Руми, Низами, Науаи секілді сопылық әдебиет өкілдері қазақ даласына да әсер еткен. Жазба әдебиеттің қалыптасуының басында Қожа Ахмет Ясауи тұрған болса, ХІХ ғасырда Шығыс пен Батыс әдебиетін қатар меңгерген ұлы ғұлама Абай қазақ жазба әдебиетінің жаңа үлгісін қалыптастырды. Қожа Ахметтің даналық ойлары Баласағұн, Абайдың пәлсапалық ойлары – қазақ əдебиетінің терең тамырлары. Өйткені, Ясауи де, Баласағұни де, Абай да бес нəрседен қашық болуды айтқан. Дала бесікте тербелген қара сөздерінің астарында айтпас ойы, жасалған пайымды оқырман еншісіне қалдырады. Санасы уланғандардың бұдан шығу жолы – толық адам ілімі, дүниетаным мен көзқарасы. Ол бүкіл адамзаттың ортақ игілігі.

Ясауидің рухани әлемі мен пәлсапалық лирикасына Шығыс та, Еуропа да жете қойған жоқ. Жыр дариясынан небір інжу-маржанды тере аласыз. Рухты жырларымен өз үнін естірте келе ізгілік пен парасат, иман, нұрлы ой-өрнектер қашанда адамзаттың рухының ізгілікке ілгерілетіп, кемелденіп толысуына ұтымды із қалдырады. Ясауи жырларының айтпағы – Хақ нұрына шомылған құпиясы мол әлемде, рухтың кемелденуі үшін сый етіп берілген жер-дүниеде алдамшы қызықтарға алаңдамай, ақырғы ақиқатты көздеп, рухтың асыл мұраты – Алланы тану. Ол өнеріміз бен мәдениетіміздің, руханиятымыз бен ғылымымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бек данагөй тұлға. Күллі адамзатқа тән азаттық пен адамгершілік-ізгіліктің өшпейтін ұранына айналды.

«Диуани хикмет» кітабы

Ғұлама «Хикметтер» кітабында өмірде не нəрсе құнды, неден қашу керек, неге асығу керек деген мəселелерге жауап берген. Ол сақтандырған бес нəрсе мыналар.

«Біріншіден, Алланың ақ жолын мойындамаудан қашық бол (16 хикмет):

Алла дерті сатылмайды сатып алсаң,
Пірмұған қызметінде ақ болмасаң.
Хақ жолына кіріп болмас пəк болмасаң,
Əр қашан да хақтан сабақ алдым, міне.
Ғашық патша, ғашық пақыр қайта оралмас,
Хақтан пəрмен болмайынша сөйлей алмас.
Құдай сөзін естіген дүние қумас,
Əрқашан да хақтан сабақ алдым, міне.
Екіншіден, менмен, тəкаппар болма (33 хикмет):
Ессіз ғалым бой ұсынбай жолда қалар,
Оқып ұқпай дүние малын қолға алар.
Менмендіктен есіл өмірін зая қылар,
Жан мен ділде хақ зікірін айтқын, достар.
Үшіншіден, дүние-мүлік үшін арыңды сатпа
Іші-сырты жалған жанға əсте сенбе,
Арың таза болса, əр кез жеңіс сенде».

Ясауидің даналық ойлары кемеңгер Абай поэзиясында жалғасын тапты. Қожа Ахмет хикметтерін халық дана сөз, имандылыққа тəрбиелейтін өте құнды шығарма деп біледі. Ұлттың ар-ұяты Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, сондай-ақ Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.

Адам адалдық пен кісілікті жоғары ұстауы керек. Әр істеген әрекетің шынайы ықыласпен істелмесе берекесі болмайтындығын, ісіңнің өрге баспайтындығын ұқтырады. Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Ясауи ілімі тікелей әсер етті деп сеніммен айта аламыз. Ясауи хикметінің екпіні, тілінің әсерлігі, ой тастар дәлдігі мен иірімі өзгелерден оқшау. Ясауи – түркі әлемінің алтын шоғыры. Келер ұрпақ өзінің бағыт-бағдарын айқындап алу үшін Ясауи шығармаларына әлі сан рет оралып, қайта парақтай берері анық.


Қымбат БІРМАНОВА,
Бейімбет Майлин атындағы
№7 мектеп-гимназияның
директоры, педагогикалық
білімдер магистрі,
Рудный қаласы

Реклама

Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.