Ұрпаққа өнеге, ұлтқа үлгі болған ұстаз

Выпуск - №39(687)   :   17.10.2025
270

1

Амангелді ауданының Үрпек ауылдық округі мен Жаңауыл орта мектебінде осы өңірдің тумасы, жоғары білімді физика, математика, астрономия және сызу пәндерінің маманы, белгілі ұстаз Нағашыбай Әбділдиннің 90 жылдығына арналған қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және дәстүрлі діни-танымдық еске алу іс-шаралары өтті.

Нағашыбай Әбділдин – 1960-жылдардың соңында Иманов атындағы кеңшардың орта білімі жоқ жұмысшы жастарына арнайы ашылып, үш жыл нәтижелі жұмыс істеген кешкі мектептің ұйымдастырушысы әрі басшысы болған. Сондай-ақ жылдар бойы педагогикалық ұжымның бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, ауданның үш бірдей мектебінде директор лауазымында еңбек еткен. Білім беру саласындағы жемісті еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағымен марапатталған.
Бүгінде республиканың әр өңірінде еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымен қатар ағайынды үш атадан тараған жеті ағайынды жігіттің ұрпақтары да туған ауылы мен өздері тәлім-тәрбие алған мектебіне жиналып, өмірден өткен ата-аналары мен ауылдастары қорымындағы марқұмдарға тағзым-тәу етті. Ауыл халқы 110 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан «Сарыбас қажы» мешітіне жиналып, садақа беріп, өмірден өткен марқұмдардың рухына дұға бағыштады. Ауылға алғаш рет келген қонақтарға жердің тарихы мен атаулы орындары туралы мол мағлұмат берілді. Кешкісін ауылды аралатып, тарихи нысандар мен ерекше жерлер көрсетілді. Кейбір қонақтар мен құдалар жағы Торғай өзенінен жарқылдауық қармақпен үш-төрт шорағай балық аулап, оны естелік ретінде әңгіме қылып айтарлықтай қызықты сәттерге куә болды.
Ертесінде мектеп ауласында жан-жақтан келген қонақтар мен меймандарды қарсы алған мектеп директоры Ж.Х. Сыздықов білім ордасының тарихы жайлы қысқаша мағлұмат берді. Іс-шараға арнайы келген аудан басшылары: Қ.У. Кеделбаев, Н.Б. Әлмағанбетов, М.С. Дихамбаев жиналған көпшілікпен жылы амандасып, еске алынғалы отырған ұстаздың ұрпақтары мен мектеп ұжымына: «Құтты болсын, қабыл болсын!», – айтып, жаңа табыстар тіледі. Мектеп алдында жиналған жұрт тарихи ғимарат қабырғасына орнатылған мемориалдық тақта алдында естелік суретке түсті. Онда: «Бұл мектепте белгілі ұстаз: Тәукенов Қоңыртай мен Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімдері: Қазанғапова Жұпар – мектеп директоры, Әбділдин Нағашыбай ұзақ жыл мұғалім болып, жемісті еңбек етті», – деп жазылған.
Мектеп табалдырығын аттаған сәтте жиынға келушілерді зал төрінде ілінген белгілі ұстаздың үлкейтілген портреті мен домбырашылар тобының күмбірлеген күйлері қарсы алды. Еске алу іс-шарасының қонақтары ұстаз атындағы оқу кабинетінде болып, мектеп оқушылары сахналаған Ә.Әбілтаевтың «Соғыс өртіне шарпылған отбасы-әулет» пьесасынан үзінді тамашалады. Онда ұстаздың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалық шағы көрініс тапты. Астана қаласының «Алматы» ауданы көркемөнерпаз-әжелер хорының әншісі, ауыл түлегі әрі ұстаздың нағашы қарындасы Ақынгүл Әлмұқанқызы әсем әндер шырқады. Ұстаздың шәкірті, оқу-ағарту ісінің үздігі, зейнеткер мұғалім Балғанша Тұрғанәліқызы тәлімгері туралы тебірене естелік айтты. Ол Нағашыбай ұстазының «Байғабыл» және «Степняк» мектептерінде директор болған кездерін, Ә.Жангелдин кеңшарындағы «Кіндікті» мектебінің іргетасын 1983-1988 жылдары қалай қалап кеткенін еске алды.
Қатысушылар мектептің мұражайымен танысып, жылы жүздесулер мен ризашылық сөздер айтылғаннан кейін жұрт ауыл клубына бет алды. Ондағы іс-шарада мектеп директоры Жанат Хайроллаұлы «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі» Нағашыбай Әбділдаұлының өмірі мен педагогикалық еңбегі туралы мазмұнды естелік айтты. Микрофонды алып, ақсақал Балтабай Уақитұлы, атақты палуан, ұстаздың шәкірті әрі нағашы-балдызы Орынбай Сейдеғаламов, ардагер-ұстаз Жеңіс Махатов, айтыскер ақын Ұлсара Әдірешова, ақын-ұстаз, әріптесі Серік Жұмабеков естеліктерімен бөлісті. Соңында Серік Жұмабеков ұстазға арнаған жырын оқыды.

«Жанам!» деген жүрекке от беріп ең,
Қол бұлғайсың рух боп өткенімнен.
Мұражайда тарих боп төрге шықтың –
«Жаңауылдай» тер төккен мектебіңнен!».

Шымкент қаласынан келген құдасы Уәлихан естелік айтып, қызылордалық құдағиы Жанат әуезді ән шырқады. Ән ырғағымен қонақтар вальс билеп, еске алу кеші ерекше көңіл-күймен жалғасты. Іс-шара соңында ұстаздың шәкірті, шет тілі пәнінің мұғалімі Серік Жұмабеков өзінің жазған «Жаңауыл түлектері» әнін орындады. Кеш қонақтары мен ұстаздың ұрпақтары естелік суретке түсіп, артынша ауылдың «Даңқ» аллеясына бет алды. Онда ұстаздың немересі Бекзат Аманқарағай орманынан әкелген 70 түп қарағай мен шырша көшеттері отырғызылды. Алыс-жақыннан келген қонақтарға, ауыл ақсақалдары мен ұстаздың көзін көрген шәкірттеріне ас берілді. Дастарқан басында ұстаздың інілерінің бірі, Амангелді ауданының «Құрметті азаматы» Әбдіқадыр Әбдірайымұлы той залының мінбесінен арнайы келген құрметті қонақтар мен ауыл-елге еңбек-қызметімен танымал болған ұстаз шәкірттерінің аты-жөндерін атап, ұстаз ағасының сан-қырлы қадір-қасиеті мен тұлғасын бойларына сіңіріп, үлгі-өнеге етулеріне тілек білдірді.
Ас үстінде ардагерлер: Әлімжан Әлмағанбетов, Жаңбырбай Тәшкеев, Әлия Сызаева, Сайлау Сайділдин, Таңат Ерубаев, шәкірті-келіні Ханзада Бүркітова, бажасы Жолдыбек Ғаниев, бөлесі Орал Әуешов және басқалар Нағашыбай Әбділдаұлының ұстаздық, тәлімгерлік, әкелік тұлғасын ерекше ілтипатпен еске алды. Дастарқан үстінде атақты палуан Орынбай Сейдеғалам немере-шөберелеріне қазақ дәстүрімен «ет асатты». Ас соңында Балтабай Уақитұлы ақсақал мен емші, осы әулеттің құдасы Жандәулеттің Өмірбегінің Байдосы кезек-кезек бата беріп, ұрпақтарына Алладан жарылқау тіледі. Іс-шараға атсалысқан барша ағайын-туыс пен ауыл тұрғындарына ұстаздың інісі Көкен Әбділдаұлы ақсақал алғыс айтты. Міне, осылайша қасиетті Торғай өзені бойындағы Батыр атындағы ауылда тәлім мен тағылымға толы, ұрпаққа ұлағат-өнегесі мол бір жиын өтті.

Дархан ӘБДІКӘРІМ,
Үрпек ауылының тұрғыны,
Амангелді ауданы

Реклама

«Учительская плюс» – это газета, которую читаешь не по обязанности, а с интересом. Здесь нет сухих отчётов. Есть живые истории учителей, полезные методические находки, опыт коллег со всей области. Каждый номер как подсказка и поддержка. Я очень люблю нашу газету за возможность рассказать о своей работе и узнать больше о работе своих коллег по всей области.

Спасибо редакции за то, что говорите с учителем на одном языке и вселяете веру в нашу профессию!

Школу-гимназию им. Абая г. Аркалыка и газету «Учительская плюс» связывают годы крепкой дружбы. Педагоги школы всегда проявляют искреннее желание подписаться на издание, ведь они горят своим делом и хотят публиковать статьи, транслируя свой опыт. Газета стала для нас незаменимой диалоговой площадкой, где каждый педагог может щедро делиться своим уникальным опытом, профессиональными открытиями и мастерством. Возможность сотворчества с такой авторитетной газетой для меня бесконечно ценна.