Шәкірт тәрбиелеу жолында өзіндік сара жолын қалыптастырған, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен Роза МОЛДРАХМЕТОВА – талантты ұстаздардың бірі екеніне сөз жоқ.
Еліміздің рухани, әлеуметтік, мәдени өміріне белсене ат салысып жүрген қауымның басым бөлігі Роза апайдың тәрбиесін көрген десек, ақиқаттан алыс кете қоймаспыз. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, шәкірттерінің қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беру жолында 33 жыл еңбек етті. Қалам тартар туындым да ұстаздың ұлағатты жолы жайында болмақ.
Адамның бойындағы ізгілік өзінің жан дүниесіне жас кезінде сіңірген қасиеттері болса керек. Біз үшін әйгілі адамдар туа сала топ бастап, білім қуғандай көрінеді. Әрбір қадамы сәтті, мақсаты айқын болғандай... Әйтсе де, олардың бір кездері шаңға аунап, көбелек қуып, асық ойнаған бала болғанын көбіміз ескере бермейміз. Роза Карбозовна өз әңгімесінде өткенге көз жүгіртіп: «Балалық балғын кезім, жасөспірім өрімтал шағым Тобыл-Торғайдың төріне баланған Көкалат ауылында өтті. 1965 жылы 19 наурызда жұмысшы шаруа отбасында дүниеге келдім. Ата-анам ел дамуы жолында елеулі еңбек етті, мемлекеттік қызмет жасады. Балғын шағым заманның аумалы-төкпелі кезеңімен сәйкес келді», – деп сыр шертеді.
Атаның тәлімін көріп, әженің әлдиін естіп өскен кейіпкеріміз қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін ерте жастан сезінді. Отбасыдағы сегіз баланың үлкені болғандықтан, артылған сенім де, жүктелген міндет те салмақты еді. Буыны қатпай еңбекке араласты, ізінен ерген бауырларына әркез үлгі еді. Албарбөгет атындағы он сыныптық орта мектепті тәмәмдап, арманның жетегіне ілесіп, Алматыға келді. Ол кезде сындарлы тарихымыздың тәуелсіздік жолындағы сын сағаты – «Желтоқсан көтерілісі» болатын. Егемендік жолында алаңға шыққан жастардың, құрыш білек қыз-жігіттердің қатарында Роза Карбозовна да болды.
Бұл жайлы Роза апай: «Шындығында «Желтоқсан көтерілісі» қазақ жастарының рухы биік, ұлттық намысының жоғары екенін, сондай-ақ қазақ ұлтының ұлылығын көрсеткен қозғалыс болды. Қазақ халқының тарихи жеңісі», – деп еске алады. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті тарих және қоғамтану бөлімін тәмәмдады. Алғашқы еңбек жолын кіндік қаны тамған өлкеден бастады. Кейіннен жаңа өмірге қадам басуына байланысты еңбек жолын Қараторғай, Арқалық аграрлық колледжінде жалғастырды. Тағдырдың тауқыметі өмірлік серігінен айырды.
«Ауыр қайғы қайыстырды барлығын,
Шара бар ма, жазғанына тағдырдың.
Ерте, кеш пе келетін бір ажалдан,
Аман есен, мәңгілікке қалды кім?!», – деген қойын дәптердегі жазбалары «жазмыштан озмыш жоқ» деген сөзге еріксіз иландырады. Әкенің ізін жалғаған қос атқа мінер мен ай дидарлы аруымыз – анасының көз қуанышы, тірегі. Бар саналы ғұмырын отбасына, ұстаздық жолына арнады.
Қазіргі күні Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін гимназияда 2011 жылдан бері тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп келеді. Шығармашылық, кәсіптік қабілетін үнемі жетілдіріп, біліктілікті арттыру курстарынан да өтіп отырады. Жемісті еңбек ету жолында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иеленді. Шәкірттерінің басым бөлігі облыс, республика деңгейінде ғылыми жоба, олимпиададан жоғары нәтижелерге ие болып жүр.
«Туған өлкенің сакралды тарихы. Тарихи ескерткіштер», «Өлкеміздегі танымал тұлғалар» тақырыптарындағы 2 элективті курсы «Үздік бағдарлама» атты облыстық, республикалық байқауға жіберіліп, қала мен облысқа лицензия алуға ұсынылды. «Тарих пәні мұғалімінің жұмысындағы мета тақырыптық тәсіл» тақырыбында облысқа іс-тәжірибе тарату байқауына қатысып, куәлік алды. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі еленіп, лайықты марапатқа ие болды: Ұстаздар күніне орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады (суретте).
P.S: Назарларыңызға ұсынылып отырған «Ұстамы бөлек ұлтжанды ұстаз» мақаласы дара жолдың иесімен сұхбат барысында жарық көрді. Ұрпаққа өнеге берер тағылымды тағдыр иесінің еңбегіне толағай табыс тілейміз. Озық білімді ұстаздар мектептің жүрегі ғана емес, ұлттың мақтанышы.
Нұрдана ТҰРЫСБЕК,
Ы.Алтынсарин атындағы
гимназияның қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Арқалық қаласы,
суретті түсірген
Светлана ОФИЦЕРОВА
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.