«Нағыз ұстаз қандай болуы керек?», «Сабақты қалай қызықтырып өткізуге болады?», «Оқушының қызығушылығын ұстап тұрудың жолы бар ма?» деген сұрақтар ұстаздар қауымын жиі толғандырады. Әрбір педагогтің тәжірибе өресіне қарай берер жауабы да бөлек. Мереке қарсаңызда жаңашылдыққа жаны жақын, үнемі ізденіс үстінде жүретін тәжірибелі ұстаз, қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің география пәнінің мұғалімі САДВАКАСОВ Алмас Жұмашұлын әңгімеге тартқан едік.
– Алмас Жұмашұлы, әңгімемізді әріден бастасақ. Ұстаздық жолды қалай таңдадыңыз? Жүректің қалауы болды ма?
– Қызық жағдай. Біз Қазақстан бойынша ҰБТ тапсырған екінші лек болдық. Сынып жетекшіміз – Роза Софина. Дайындық қызу. Сол жерде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмакүл Темірбаева апайымыздың көрегендігі болса керек, әрбір оқушының қабілетіне қарай қандай мамандыққа түсуі керек екенін айтқан-тын. Сол кісінің ұсынысы бойынша барлығымыз мамандығымызды таңдап, қазіргі уақытта сол салада жұмыс істеп жүрміз. Сондықтан ұстаздық жолға келуім сондай ұстаздарымның арқасында деп ойлаймын. Расында да, 16-17 жастағы балаға болашақ мамандығын таңдау мүмкіндігін беру – демократия шығар, дегенмен сені жасөспірім кезіңнен көріп, қабілетіңді байқап, біліп жүрген үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асудың да игілігі бар. Осылайша өмірім педагогика саласымен байланысты. Кәсіби мансабымда екі білім ордасында жұмыс істедім. Еңбек жолымды қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында бастап, 2 жыл мұғалім ретінде, кейін 3 жыл директордың орынбасары ретінде қызмет атқардым. Артынша 2014 жылы қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келдім. Қазір, міне, мұнда жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл. Жалпы еңбек өтілімді қосқанда 13 жыл болған екен. Ешуақытта ұстаздықты таңдағаныма өкінген емеспін.
– Білім берген алтын ұяңыз, ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз? Неліктен география пәнін таңдадыңыз?
– Өзім Науырзым ауданының тумасымын. Жазғы уақытымыздың көп бөлігі Науырзым қорығында өтетін. Сондықтан болар биология пәніне деген қызығушылығым басым еді. Бұл тұста жоғарыда айтып өткен Жұмакүл апайымыздың биология пәнінен қызықтырып өткізетін сабақтарының да септігі мол болды. Соңғы 11-сыныпта ғана географияға ерекше көңіл бөле бастадым, осылайша оған деген қызығушылығым болашақта мамандығыма жетеледі. Бастауыш 1-2 сыныпты Науырзым ауданына қарасты Қожа ауылының орта мектебінде оқып, артынша 3-сыныптан Жамбыл орта мектебінде 1996-2005 жылдар аралығында білім алып, тәмамдап шықтым. Мектепті жақсы оқыдым, «Алтын белгіге» де үміткер едім. Мектеп түлегі атанып, сол жылы Қостанай педагогикалық институтына оқуға түсіп, 2009 жылы дипломды маман атандым. Жоғары оқу орнында да біз екінші лек болдық, сұраныс та, талап та жоғары. Кураторымыз Қаршыға Баймағамбетова география пәніне деген қызығушылығымды арттыруға үлкен септігін тигізді. Студенттік кезеңнің қызығы да, тәжірибесі де мол. Топта барлығы 13 бала оқыдық, соның 8-і қызыл дипломмен тәмамдап шықты. Білім алудағы өзара бәсекелестік болғаны рас, дегенмен осы әділ бәсеке біздің дамуымызға да ықпал етті.
– Білім мен тәрбиенің байланысы жайлы көзқарасыңыз қандай?
– Бұрынғы кезеңдердің әдебиетін оқып отырсақ, қазақ қоғамы қашаннан білімді тәрбиеден жеке бөліп қарастырмаған. Онда «тәрбие беру» деген ұғым жоқ, оның орына «бала өсіру» деген түсінік жиі қолданылады. Бұл – нағыз педагогика, себебі педагогиканың мәні де осы болса керек: баланы жетелеу. Сондықтан әрбір сабақ: білім, білік, дағды ғана емес, тәрбиенің негізінде берілуі тиіс. Осы тұста ғұлама әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген кереметтей сөзі ойға оралады. Яғни, сабақ барысында бала бойында сол құндылықтарды дамытуға атсалысуымыз керек. Қарапайым мысал, мектепте өзін-өзі ұстауынан бастап, бір-бірімен достық қарым-қатынасы. Сонымен қатар әділ бәсекелестік және басқа да құндылықтар жүйесі сабақ барысында оқушы бойына дарытылуы керек. Сондықтан білім мен тәрбиені жеке бөліп қарастыру, менің ойымша, дұрыс емес. Шәкіртінің жетістігі – ұстазының мерейі емес пе. Сол сияқты білімге ұмтылған шәкірттерім халықаралық, республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінің жүлдегерлері.
– Зияткерлік мектеп пен жалпы білім беретін мектепте де тәжірибеңіз бар. Қандай айырмашылықты айта аласыз?
– Айырмашылық тек бағдарламада ғана. Ол әрине бар. Мысалы біздегі 11-12 сыныптардың оқушылары география пәнінде қарастырып отырған тақырыптары жоғары оқу орнында 1-2 курс студенттерінің өтіп жатқан тақырыбы. Яғни, олар азір 1-тоқсанда қарастырып жатқан геоморфологияны өз басым ЖОО-да екінші курста қарастырған едік. Метеорология: 3-курста өткен пән, олар оны қазір қарастырып жатыр. Сұраныс та, жүктеме де көбірек. Сонымен қатар біздің мектепте емтихан жүйесі бөлек екенін білесіздер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаймыз, дегенмен деңгейі одан да жоғары саналатын Кембридж жүйесінің халықаралық емтиханын тапсырамыз. Қоғамда «элиталық мектеп» дегендей стереотиптер бар. Дегенмен НЗМ жаңа жүйе емес, бұған дейін де қалыптасқан дарын жүйесіндегі мектептер бар. Ал шын мәнісінде қай тұста алшақтық бар десеңіз: ауыл мектебі мен қала мектебінде дер едім. Осы жердегі айырмашылық өте үлкен. Ал қала мектептерін жеке алып қарастырар болсақ, аса үлкен айырмашылық таппаймыз.
– Жақсы мұғалімнің бойында қандай қасиет болуы тиіс?
– Әділдік. Бұл – ең бастысы. Оқушылар бәрін сезеді, бәрін біледі. Сондай-ақ жақсы ұстаз болу үшін баланы, өз кәсібіңді жақсы көру керек. Қазіргі ақпараттық заманда әрбір 8 минут сайын жаңа ақпарат пайда болады екен. Осы ағында ақпараттың қажеттісін талғамай, шетінен сіңіре берсек, оның тиімдігінен гөрі кесірі тиюі әбден мүмкін. Соған қарағанда бұл жерде мұғалімнің жан-жақтылығы үлкен рөл атқарады. Жаңа ақпарат балаға үнемі керек. Алайда оның керегін іріктеп, жаңашыл идеялар мен тың технологияларды үнемі жетілдіріп, соның көмегімен оқушыға қызықтырып жеткізе білу үлкен шеберлікті талап етеді. Қызық бір зерттеу кездесті, орташа есеппен алғанда мұғалім күніне 120 операция істейді екен. Оның ішінде қарапайым сабақ беруден бастап, баға қою, ата-аналармен байланыс, тағы басқа да өзімізге байқала бермейтін ірілі-ұсақты әрекеттер бар. Осы тұста көп тіл білудің артықшылықтарына тоқталуға болады. Ғаламторда қазақ тілінде жаңа ақпараттар жоқтың қасы, орыс тіліндегі ақпараттар ескірген, ал ағылшын тілінде ақпараттар жиі жаңарып тұрады. Бұл – тіл білудің үлкен артықшылығы. Ұстаздық жолды таңдаған студенттер болса, дағдыға көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Оның ішінде зерттеушілік, практикалық дағдылар маңызды. Ондай маманға деген сұраныс та жоғары.
– Сабақ оқытудағы тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Қандай әдіс-тәсілдердің нәтижесі жақсы?
– Оның негізгісі – PBL әдісі бойынша проблеманы зерттеу арқылы пәнді оқыту. Сабақта бір зерттеу тақырыбы қойылады. Оған қатысты оқушыларға белгілі-бір жағдаяттар беріледі. Соны шешу үшін оқушы контентпен танысу барысында бір мәселені анықтап, түрлі гипотезаларды ұсынып, артынша қайтадан зерттеу сұрағына шығады. Жалпы өз басым сабақ тақырыбын өмірмен байланыстырғанды дұрыс деп есептеймін. Орысша айтқанда «любой урок должен быть наиболее аутентичным». Мысалы, географияда «Эль-Ниньо» деген құбылыс бар. Оның негізінде әрбір 12 жыл сайын жер шарында барлық ағыстардың бағыты өзгереді. Бұл – теориялық білім. Ал енді тақырыпты ашу үшін оқушылардың алдына мына бір сұрақты қоямын: «Жер шарында неге әрбір 12-13 жыл сайын кофенің бағасы қымбаттайды?».
Бала осы сұраққа жауап беру арқылы сабақ тақырыбына шығады. Өйткені, Эль-Ниньо Перу ағысын ығыстырады, Бразилияда құрғақшылық пайда болады, ал оның нәтижесінде әлемдегі ең ірі көфе өндірушіден жеткізілім қысқарады. Тақырыптың өмірмен байланысты болуы баланың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, қарапайым жер сілкінісі барысында өзін-өзі ұстау ережелері. Сабақты қалай бастау керек? Кіріп келген кезде: «Жер сілкінісі!», – деп айғай салыңыз. Байқасаңыз, сабақта отырған балалардың әрқайсысы өзінше әрекет етеді, бір-екеуі партаның астына тығылады дегендей. Алған білім ұзақ жадыда сақталуы үшін тақырыптың өмірмен байланысты болуы маңызды.
Сабақта көбіне инфографика әдісін де қолданамын. Суреттер, графиктер арқылы алты беттік материалды бір бетке сыйғызуға болады. Біріншіден, оқушының мобильділігі артады. Екіншіден, уақытты үнемдеу және де қазақ тіліне шорқақ балаларға мәтіннен гөрі графикалық элементтермен жұмыс істеп, оны түсіну біршама артықшылықтар береді. Сонымен қатар өзім үнемі пайланатын ең басты әдіс – сабақ соңында балаларға берілетін кері байланыс. Яғни, оқушы сабақ соңында өзінің даму траекториясын көре алатындай болуы керек. Сабақ аяқталғанда ұстаздың айтқан бір ауыз сөзі – фидбек – балаға өте қажет. Фидбектің элементтері көп. Өзіме ұнайтыны – Минто пирамидасы. Неге десеңіз, бұл әдістің көмегімен оқушы не оқып жатқандығын біледі, не үшін оқып жатқандығын біледі және бұл ақпарттың оған өмірде не үшін қажет екендігін біледі. Яғни, «Мен бүгін не білдім?» дегеннен бастап, «Бұл ақпарат маған не үшін керек?», «Оны өмірде қалай пайдаланамын?» сұрақтарына жауап іздей бастайды.
– Ұстаздар күніне орай әріптестеріңзге айтар ізгі лебізіңіз болса?
– Барша ұстаздар қауымын, әріптестерімді, төл мерекемізбен құттықтағым келеді. Ең бастысы, шаршамауларыңызды сұраймын. Бала өсіру – оңай емес. Өз балаңды да өсіру қиын, ал бұл жерде жауапкершілік екі есе жоғары. Менің өмірлік серігім Жанайкерім Ерболатқызы да ұстаздық қызметте. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Үш ұлымыз бар. Ұстаздықтың қиындығына қарамастан осы жолды таңдағандары үшін әріптестеріме алғыс айтым келеді. Бір терінің пұшпағын илеп, «Ұстаз» деген ұлы есімді мәртебелі етуге атсалысып жүрген педагогтер қауымына зор денсаулық, отбасына амандық тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет. Еңбекте табысты болыңыз!
Жамал ШАУКЕН
Не тот учитель, кто получает воспитание и образование учителя, а тот, у кого есть внутренняя уверенность в том, что он есть, должен быть и не может быть иным. Эта уверенность встречается редко и может быть доказана только жертвами, которые человек приносит своему призванию.
Если учитель имеет только любовь к делу, он будет хороший учитель. Если учитель имеет только любовь к ученику, как отец, мать, он будет лучше того учителя, который прочёл все книги, но не имеет любви ни к делу, ни к ученикам. Если учитель соединяет в себе любовь к делу и к ученикам, он совершенный учитель.